Білім мен тәрбие – басты назарда
Тағылымды тарихымызға көз жүгіртер болсақ, ата-бабаларымыз ықылым заманнан-ақ “Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар” деген нақылды арқау етіп, білім қуған. Осы бір сөздің салмағы бүгінгі күні де бір мысқалға кемімей, керісінше артуда. Аузын айға білеген алпауыт елдер жаһандық бәсекелестік жолына түсіп, білім мен ғылымға айрықша көңіл бөліп жатқанда дамудың даңғыл жолына түскен біздің жас мемлекетіміз де қарап қалмасы анық. Бұл заман білекке емес, білімге сенетін заман. Содан болар, қазақстандық білім саласында оң өзгерістер орын алып, жаңашылдыққа бет түзеудеміз.
Ұстаздар қауымы алдына мемлекетіміз жай білім беру ғана емес, сонымен қатар өркениет көшінің сүбелі тұсынан орын алып, жол бастауға қабілетті, әрі ұлттық рухта сусындаған білімді, дарынды азаматтар тәрбиелеп шығару міндетін қойып отыр. Білім беру мазмұнының жаңару жағдайында мұғалімнің кәсіби шеберлігін дамыту, біліктілігін арттыру арқылы жоғары сапа мен бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізе отырып, кәсіби дамуын қамтамасыз ету мәселелері біліктілікті арттыру саласындағы басым бағыт болып отыр.
Осыған орай 2023-2024 оқу жылының ІІ жартыжылдығының басында аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Ләйла Бегімбаеваның ұйымдастыруымен Амангелді атындағы орта мектепте әдістемелік көмек көрсетілді. Оған аудандық білім бөлімінің қызметкерлері, білім беру ұйымдарының директорлары, орынбасарлары, педагог-психологтар қатысты. Әдістемелік көмек аясында “Мектепішілік бақылауды ұйымдастыруда басқару шешімдерінің матрицасы”, “Әдістемелік қызмет менеджменті: мәселелері мен басқару жолдары” атты тақырыптар бойынша презентациялар көрсетіліп, мектепті тиімді басқарудың жаңа құрылымы таныстырылып, жас мамандарды ынталандырудың тың әдіс-тәсілдері айтылып, жыл бойына атқарылатын жұмыстар мен өткізілетін іс-шаралардың құжаттарын жүргізу жолдары көрсетілді. Бұған қоса, “Біртұтас тәрбие бағдарламасын” да жік-жігіне бөле саралап, әрқашанда тәрбие жұмыстары алдыңғы шепте жүретіні айтылды. Сондай-ақ “Мектептегі психологиялық қызметтің жұмыс жүргізілу барысы” атты бейнеслайд арқылы психологтардың мақсат-міндеттері түсіндірілді. Әрі қатысушылармен тренинг өткізіліп, қатысушылардың көңіл-күйлері бір серпіліп қалды. Жиын барысында кері байланыс орнатылып, қатысушылар сұрақ қойып, тәжірибе алмасты. Алдағы уақытта білім мен тәрбиені оңтайландыруға бағытталған іс-шаралар кешені жалғасын таба береді дейді өңір педагогтары.
Айғаным Асқарбек.