Біліммен қаруланған ел озады
Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының «Адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тез қолға түседі. Шала мейір шала байқайды» дегені бар-тын.
Бұл бүгінде білімге ынта-
сы, болашаққа жоспары
бар халықтың қағидасы болуы
тиіс. Себебі, зейіні жоғары
ұлт қана зиян шекпейтіні
анық.
Қазіргі таңда білімге ден қойып, ғылымға қадам басып жатқан жас өрендер жетерлік. Оның ішінде шулық оқушылардың үлесі баршылық. Мұндай мәліметті Шу аудандық білім бөліміне тағайындалған жаңа басшы Тұрар Дүрманов ұсынып отыр. Оның айтуынша, өткен жылды өңір оқушылары ойдағыдай қорытындылаған. Оның үстіне оқу жылы екі жылдан тұратындықтан бұл көрсеткіш соңғы қоңырауға дейін арта түсетініне сенім мол.
Халқымызда «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген сөз тегін айтылмаса керек. Өзінің шәкірттеріне өнеге көрсетіп, білім бәйгелерінен жүлделі оралып жүрген педагогтар өңірімізде аз емес. Олар осы ісі арқылы ізінен ергендерді қанаттандырып, қамшылап жүр. Мәселен, «Үздік педагог – 2023» байқауының облыстық кезеңінен «Жібек жолы» мектеп-лицейінің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Н.Н.Кобец «Жаңашыл мұғалім» номинациясына ие болса, облыстық «Жаңа мектепке – жаңашыл ұстаз» байқауында Е.Бекмаханов мектеп-гимназиясының тарих пәні мұғалімі Б.Бахит бас жүлдені иеленіп, республикалық кезеңде Алғыс хатпен марапатталған. Бұдан өзге де жетістіктерді мысалға келтіруге болады.
Ал, енді оқушылар бағындырған белестерге тоқталып өтсек. Республикалық «Менің шағын Отаным» атты жас тарихшылардың байқауында Төле би атындағы орта мектептің 10 сынып оқушысы А.Балтабай ІІІ орынды иеленіп, 10 мың теңгелік сертификатты еншіледі. Ал оның жетекшісі тарих пәнінің мұғалімі А.Т.Асылбекова Алғыс хатпен марапатталған. Сол секілді республикалық «Құнды құжат» атты байқауда Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебінің 9 сынып оқушысы Ж.Әбдімажит ІІ орынды, Жібек жолы мектеп-лицейінің 10 сынып оқушысы Ә.Садықбай ІІІ орынды иеленді. Дарынды жеткіншектерді даярлағаны үшін тарих пәні мұғалімдері Р.Байтанаева және А.Асылбекова Алғыс хатпен марапатталды.
«Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» демекші, шулық оқушылар шығарма жазу, мәнерлеп өлең оқу бойынша да жүлдеге ілініп жүргенін айта кеткен жөн. Оған республикалық «Төлеген Айбергенов оқулары» байқауында ІІ дәрежелі дипломмен марапатталған М.Әуезов атындағы орта мектебінің оқушысы А.Темірбекті, «Ілияс оқулары» байқауында ІІІ орын алған Абай атындағы орта мектеп оқушысы Жолдыбай Шапағатты және «Алғыс хат» арқалап қайтқан «Жібек жолы» мектеп-лицейінің оқушысы Болатбай Мейірімді мысалға келтіруге болады.
Қазіргі таңда әлем жұртшылығы экологиялық ахуалға алаңдаулы. Оны жүзеге асып жатқан шаралардан аңғаруға болады. Осы орайда жас жерлестеріміз де өз көзқарастарын білдіріп жүр. Мәселен, М.Мақатаев атындағы білім ошағының шәкірті Инаят Нұрман республикалық «ProEco» байқауынан ІІ дәрежелі дипломмен оралған.
-Шу аудандық білім бөліміне қарасты білім ошақтарында оқушылардың ғылыммен айналысуға, бойындағы білімін паш етуге барлық мүмкіндіктер жасалған. Оларды дайындауда әріптестеріміз барын салуда. Сондықтан болар, шәкірттеріміз республикалық, облыстық және аудандық байқауларда топ жарып жүр. Оқушысының жетістіктерінде ұстаздардың тынымсыз еңбектері жатыр,-дейді Тұрар Мұхамбетханұлы.
Білім бөлімінің басшысы ұсынған ақпаратта балалардың бағындырған белестері көп екенін көруге болады. Мәселен, облыстық «Абайтану» олимпиадасынан Жамбыл атындағы орта мектеп оқушысы Ақбота Еділ ІІІ орын, К.Әзірбаев атындағы орта мектеп оқушысы Ақсәуле Каналбек ІІІ орын иеленсе, аймақтық «Бауыржан оқулары» байқауында Қ.Сәтпаев атындағы орта мектеп оқушысы Қазтай Нурислам ІІ орын, Төле би атындағы орта мектеп оқушысы Оршыбек Төре ІІІ орын, «Жібек жолы» мектеп-лицейінің оқушысы Батыр Нұрәлі ІІІ орын иеленіп қайтқан.
Жалпы алғанда, аудандағы алыс-жақын мектептердің оқушылары жүзден жүйрік атанып, жүлделі орындарды еншілеген. Демек, шәкірттерін шыңға жетелеген ұстаздары да «бәрекелді» деуге тұрады деген сөз.
Мектеп оқушыларының ізін балабақша тәрбиеленушілері де лайықты басып келеді. Олар да облыс көлемінде өткен сындардан сүрінбей, тәрбиешілері үйреткен тәлімді паш етуде. Осы орайда «Ақбота», «Ақ қайың», «Айналайын», «Қуаныш», «Балдырған» бөбекжай-бақшалары мен «Балбөбек» шағын орталығының еңбегін атап өткен жөн.
Байжан Емберді.