Ақпараттық портал

Балабақша – тіл үйренудің негізі

Қазақ тілінің мәртебесі бүгінгі күні елімізде, қоғамымызда бірінші кезекте талқыға түсіп, тиісті шешім қабылдайтын мәселе болуы тиіс. Елімізде басқа ұлт өкілдерін қазақша сөйлеуге шақырмақ тұрмақ, қазақтардың өздері қазақша сөйлеуге намыстанатын сияқты. Қалаларда балалардың тілі жанұяда, балабақшада орыс тілінде жетілгендіктен, мектеп қабырғасында сынып тілін таңдауға келгенде бірінші кезекте орыс сыныбы таңдалады, ішінара қазақ сыныбына беріледі. Ол да болса ауылдағы туған-туыспен арақатынасы үзілмеген, барып-келісі бар жанұя балалары. Олардың өздері сабағы қазақ тілінде өткені болмаса, сынып сыртында орта орыс тілінде сөйлегендіктен балалар орыс тілінде сөйлеп кете барады. Халықаралық қазақ тілі қоғамының зерделеуі бойынша үлкен қалалардың қазақ сыныбында оқитын оқушыларының 64 пайызы оқып отырған мәтіннің мағынасын түсінбейді деген пікірде. Қаланың қазақ жасөспірімдері жасынан бесік жырын тыңдап, қазақ ертегілерімен тілі шығып, батырлар жырын жаттап өспегендіктен, жүректерінде «мен қазақпын» деген сезімдері әлсіздеу. Кейбір балалар тілі орысша болғандықтан өздерін орыс ұлтына жатқызатын көрінеді.
Басқа ұлт өкілдері шоғырланып тұратын елді мекендердегі жағдай да мәз емес. Мектептерде орыс сыныптары басым. Орыс сыныптарында оқитын оқушылардың жартысынан астамы өзіміздің қаракөздер. Басқа ұлт өкілдерінің балалары ортада тек орыс тілінде сөйлесіп, қазақтың салт-дәстүрлерін қастерлемей, қазақ тілін бір шет тіліндей көреді, қазақша тәрбиеленген балалармен тіл табысулары алаңдатарлық күйде. Балалар балалықпен шекісіп қалса, қазақпен қазақ болса әңгіме жоқ, ал баланың біреуі басқа ұлт өкілі болса, бірден ұлт мәселесі көтеріліп, қоғамды дүрліктіріп шыға келеді.
Ауылдарды аралап, басқа ұлт өкілдері балаларының ата-аналарымен кездесіп, балаларын қазақ сыныбына беру мәселесін көтерген кезде, айтатын уәжі – балаларды үйде қазақша оқытатын адам жоқ, баланың білім деңгейі төмендеп кетеді дейді. Бермейміз деп тіке айта қоймайды, ары қарай бар мәселе біздің өзімізге тіреледі.
Осыдан шығатын қорытынды – өз қазағымыздың балаларының тілі шүлдірлемеуі үшін балабақшадан бастап қазақ тілін үйрете отырып, қазақ ертегілерінің негізінде, салт-дәстүріміз аясында тәрбие беруіміз керек. Балабақшадан қазақ тілінде сөйлеп шыққан баланы қазақ сыныбында оқыту өзімізге де жеңіл, ата-ана да қазақ тілін меңгеріп тұрған балаға қарсылық білдіре қоймас.
Сондықтан Оқу-ағарту министрлігінің, жергілікті білім басқармасы мен бөлімдерінің алдына қойылатын мақсат – мектепке дейінгі мекемелердің оқу-тәрбие бағдарламасын түбегейлі өзгертіп, қазақи ұлттық нақышқа бет бұру керек. Бұл ұсыныс үкіметтен қыруар қаражатты қажет етпейді, бар болғаны тиісті тұлғалардың жүрегінде қазақ тіліне, қазақ еліне деген сүйіспеншілік, патриоттық сезімі болса болғаны. Ондай сезімі жоқ адам мұндай лауазымды қызметте істемеуі керек.

Ержан Өмірәлиев,
Шу аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.