Ауыл халқының ұсыныс-тілектері тыңдалды
Бүгінгі күнге дейін аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков өңіріміздегі барлық ауылдық округтерді, шалғай елді мекендер мен шағын стансаларды бірнеше мәрте аралап, жергілікті тұрғындармен кездесулер өткізді. Мұндағы мақсат – ауылдықтарды алаңдатқан түйткілді мәселелерді көзбен көріп, тұрғындардың өз аузынан есту екені анық. Сол арқылы алдағы жұмыс жоспары түзіліп, елді мекендегі іргелі істер бір жүйеге келтірілмек. Ал ағымдағы аптада аудан басшысы Бақытжан Оразалыұлы мен аудан прокуроры Қайыржан Қуатбеков Ақсу және Көкқайнар ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесіп, ауылдықтарды толғандырған сан сауалға жауап берді.
Ең алдымен Оразалы және Ақсу елді мекендерінде өткен кездесуде жергілікті халық көкейлеріндегі сауалдарын қойып, ауылдағы ахуалды әкімнің назарына ұсынды. Мұндағы тұрғындар ең әуелі ағын су мен жол жөндеу жұмыстарына қатысты мәселені көтеріп, аудан басшысынан оның оңды шешілуіне атсалысуын сұрады. Нақтырақ айтқанда, елді мекен маңындағы Сарғау каналына жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Себебі, егіншілікке бет бұруға ниетті тұрғындар үшін ауылға ағын су жеткізу қиындық туғызып отыр. Аталған сұраққа жауап берген аудан әкімі каналды ретке келтірудің тетіктерін қарастырып, мейлінше оңтайлы шешуге тырысатынын жеткізді.
Сонымен қатар, кездесу барысында тұрғындардың табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасының жай-жапсары, пайызы мен құжаттары бойынша сауалдар қойылды. Бұл ретте аудан әкімінің орынбасары Бақыт Бетбаев жобаның бес бағыты бойынша мәлімет беріп, өз кәсібін бастауға ден қойған тұрғындар үшін кооперативке бірігудің тиімді тұстары көп екенін түсіндірді. Ақсулықтарды алаңдатқан негізгі екі мәселе болса, соның бірі – жарыққа қатысты түйткіл екені белгілі. Шалғай ауылдың табиғаты да ерекше екенін ескерсек, әсіресе қарлы, боранды күндері мұнда жарық жиі өшіп, тұрғындарды әбден әбігерге салатыны айтпаса да белгілі. Осыған орай, аудан әкімі электр энергиясын таратуға жауапты жергілікті мекемеге арнайы хат жазылып, шалғай елді мекендердегі электр желілерін жаңарту бойынша ұсыныс берілгенін айтты.
Көршілес Қордай ауданымен шекаралас орналасқан көкқайнарлық тұрғындардың қатысуымен өткен кездесуде де көптеген түйткілдер айтылды. Мұндағы ең бірінші көтерілген мәселе – тұрғын үй соғуға арналған жер теліміне қатысты болды. Одан бөлек, ауылға өткен жылы жүргізілген ауыз су жүйесіне қатысты да бірқатар сауалдар қойылды. Аталған сауалдарға толық жауап берген Бақытжан Оразалыұлы ендігі кезекте ауыл тұрғындары орталықтандырылған ауыз су жүйесіне жаппай қосылуы тиіс екенін жеткізді. Бұл өз кезегінде ауылдықтардың сапалы ауыз суды тұтынуына жол ашса, екіншіден жауапты мекеменің жұмысын жүйелі етуге сеп болмақ. Сондай-ақ, елді мекендегі білім ошағы мен спорт кешеніне байланысты мәселелер айтылып, жан-жақты талқыланды.
Ерғали Қартайған.