«Ауыл аманаты» – тұрғындар үшін тиімді жоба
Осыдан бірнеше жыл бұрын Жамбыл облысының басшылық қызметін Асқар Мырзахметов тізгіндеген тұста осы азаматтың бастамасымен Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыруға негізделген бірегей жобаның іске қосылғаны өңір тұрғындарына аян. 2019 жылы пилоттық режимде қолданысқа енгізілген бұл жобаға алғашында облысқа қарасты он ауданның әрқайсысынан бір ауылдық округтен қатысып, кейін жобаға қатысушы елді мекендер саны біртіндеп артып отырды. Бүгінгі таңда өз жұмысын жемісті жалғастырып келе жатқан бұл жобаға біздің ауданнан алғашқы болып Жаңақоғам ауылдық округі енгізілген болатын. Қазіргі таңда «Ауыл аманаты» деп аталатын бұл жобаға өзге де ауылдық округтердің тұрғындары зор қызығушылық танытып отыр. Өйткені, мұның ауыл жұртшылығы үшін тиімділігі зор.
Аталмыш жобаның қандай қырлары бар? Қазіргі уақытта ауданымызда жүзеге асырылу қарқыны қандай? Осы және өзге де сұрақтар төңірегінде аудан әкімінің ауылшаруашылығы саласы бойынша орынбасары Бақыт Аязұлы Бетбаевпен тілдесіп, біраз мағлұматқа қанық болған едік. Төменде осы сұхбатымызды оқырман назарына ұсынып отырмыз.
-Бақыт Аязұлы, әуелі көпшілікке түсінікті болу үшін жобаның басты мақсаты мен негізгі шарттары жөнінде айтып берсеңіз.
-Жалпы, ауыл тұрғындарының табысын арттырып, тұрмыс сапасын жақсарту мақсатына негізделген «Ауыл аманаты» жобасы өңдеу саласына қатысты жобаларды, өсімдік шаруашылығын дамытуды, ауылшаруашылығы кооперативтерін жабдықтауды, өзге де бизнес жобаларды қаржыландыруға бағытталған. Қарапайым тілмен айтар болсақ, үй іргесіндегі егін шаруашылығын дамыту, үй іргесіндегі мал шаруашылығын дамыту, кооперативтер құру және оны техникамен жабдықтау, сол арқылы яғни, кооператив техникасының көмегімен ауыл сыртындағы егістік жерді игеріп, тиімді пайдалану, кәсіпкерлікті дамыту бағыттарында жұмыс жасайды.
Осы тұста айта кететін жәйт, бағдарламаның үшінші және төртінші бағыты бойынша бірлескен жұмыс жүзеге асырылады. Яғни, ауыл тұрғындарының кезінде үлес ретінде жеке меншікке алып, бірнеше жыл қолданыссыз тұрып қалған ауыл сыртындағы жерлерін тиімді пайдалануы үшін кооператив құрылады. Оған мүшелікке енген азаматтардың жер көлемі түріне қарай (жайылымдық, суармалы, т.с.с) есептеліп, барлығын қосқандағы жалпы жер көлеміне сәйкес кооператив техникамен жабдықталады. Бұл жұмысты жүзеге асырудың басында кооператив төрағасы тұрады. Оны халық таңдайды немесе ауылдық ақсақалдар алқасы, аналар кеңесі, өзге де қоғамдық ұйым өкілдері өзара кеңесе отырып, шаруашылық ісін жүйелі жүргізе алатын азаматты ұсынады. Төрағалыққа сайланатын азаматтың ауылшаруашылығы ісінен хабары бар, ауылға жаны ашитын, ісіне адал азамат болуы маңызды. Өйткені, ол үй іргесіндегі және ауыл сыртындағы жерді игеруге жәрдемдеседі. Жалпы, кооператив жұмысына қатысты барлық мәселені реттеп отырады. Төраға кооператив техникасы арқылы оның мүшелеріне ақылы қызмет көрсетеді. Мысалы, жер аудару, шөп ору, жинау сынды жұмыстарды төмен бағамен ақылы негізде жүзеге асырады. Қызмет құнын жалпы жиналыста көппен келісе отырып, нарық бағасынан төмен деңгейде белгілейді. Кооперативке бірігудің тиімді тұсы да осы. Бір ғана шарт – кооперативке біріккен адам басқа ауылға кете алмайды.
Жобаға қатысушы оның барлық бес бағытына қатысуға міндетті емес. Өзі қалаған бағыт бойынша кәсібін жүргізуге құқылы. Тиімді тұсы – тұрғындардың төмен пайыздық шағын несиемен қамтылуында. Алайда, несиелендірудің өзіндік шарттары бар. Нақты айтқанда,шағын несие мерзімі 5 жылға дейін беріледі. Ал, сыйақы мөлшері 2,5 пайыздан аспайды.
Жобаның бірінші бағыты – үй іргесіндегі егін шаруашылығын дамыту бойынша ауыл тұрғыны шекті мөлшерге дейінгі сомада несие ала алады. Мысалы, ол жер аударып, егін салу үшін 200 немесе 300 мың теңгеге дейінгі сомада болуы мүмкін. Ал, үй іргесінен жылыжай соғып, көкөніс өсірумен айналысамын деушілерге кепілге қойылған тұрғын үйдің құнына қарай несие мөлшерін көбейтуіне болады. Жобаның екінші бағыты – үй іргесіндегі мал шаруашылығын дамыту бойынша үкіметтен кепілмен 8 млн 600 мың теңге несие ұсынылады. Ал, үшінші және төртінші бағыттар бойынша несие берілмейді, ауыл тұрғындары тарапынан жылжымайтын мүлік кепілге қойылмайды. Өйткені, бұл тұста ауыл сыртындағы жерді пайдаға жарату үшін тек кооператив құрылады да, ол қажетті техникамен қамтылады. Мұндағы лизинг арқылы ұсынылған техника кепіл болып саналады. Ал, кейбір ауылдарда тұрғындардың сұранысы бойынша айналым қаражат беріледі. Мысалы, бір азамат маған техника көмегінен бөлек айналым қаражат қажет деп өтініш білдірсе, онда кооператив төрағасы ауыл тұрғындарымен ақылдаса отырып, үлкен үйді немесе кооперативке мүше азаматтың меншігіндегі қандай да бір нысанды кепілге қойып, айналым қаражат әперуге күш салады.
Бізде Жаңақоғам, Бірлікүстем ауылдық округтерінен айналым қаражат алған азаматтар бар. Соңғы ауылдар тек техника көмегін қажет етті де, айналым қаражатқа өтініш білдірген жоқ. Сондай-ақ, кооперативке кооператив төрағасының атына берілген барлық техникалардың жалпы сомасының елу пайызы көлемінде субсидия төленеді. Жобаның бесінші бағыты жеке кәсіпкерлікті дамытуды көздегендіктен, бұл бағытқа қатысушыға да 27 млн теңгеге дейінгі сомада несие беріледі. Егер, кәсіпкер осы соманы 3 жыл ішінде толықтай өтейтін болса, екінші мәрте 100 млн теңгеге дейін несие алуға мүмкіндік туындайды.
-Несие алушыға қандай талаптар қойылады?
-Көп жағдайда несие алушылар жобаның екінші және бесінші бағытына қатысушылар болып келеді. Яғни, мал шаруашылығы мен жеке кәсіпкерлікке қызығушылық танытқандар. Сол себептен, несие алушы жеке кәсіпкер ретінде тіркеуде болуы тиіс. Екіншіден, басқа несиелері бойынша мерзімі өткен жарналар болмауы керек. Үшіншіден, мемлекеттік кіріс органдарында берешек болмауы тиіс. Сондай-ақ, кепілдікке қойылатын мүлкі болуы және несие алатын азамат зейнет жасына жетпеген болуы тиіс. Соңғысы, ауылшаруашылығы ісін жүргізу үшін қажетті жағдайдың (жер телімі, қора) болуы қажет.
-Ауданымыздан жобаға қатысқан ауылдық округтерді атап өтсеңіз және осы жоба аясында қолға алған кәсіптің бүгінгі қарқыны қандай? Жоғарыда аталған бағыттардың қайсысына қызығушылық басым?
-Жобаға ауданымыздан алғашқы болып қатысқан Жаңақоғам ауылдық округінен жобаның бес бағыты бойынша 192 өтінім қабылданып, барлығы 778, 2 млн. теңгеге несиелендірілді. Оның 115 млн. теңгесі техникаға жұмсалды. 189 ауыл тұрғыны 610,0 млн теңге несиеге 4692 бас мал (359 бас сиыр, 164 бас бұқа, 547 бас жылқы, 3622 бас қой) сатып алды. Сондай-ақ, 770,0 мың теңгені мал азығына жұмсады. Сонымен қатар, «Омар Шу» АӨК үй іргесіндегі және ауыл сыртындағы жерді игеру мақсатында 116 185 мың теңгеге 15 дана ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алған. Округ тұрғындары осындай жобаның іске қосылғандығына өз ризашылықтарын білдіруде.
Ал, 2020-2021 жылдары әлемді жайлаған дертке байланысты жоба жұмысы уақытша тоқтатылды. Осы уақыт аралығында, яғни 2020-2022 жылдары 18 несие алушы жалпы сомасы 27 681,518 мың теңге несиелерін толығымен жапты.
2022 жылы Бірлікүстем ауылдық округінде қаржыландыру жұмыстары жүргізілді. Мұнда бағдарламаның бес бағыты бойынша 131 өтінім қарастырылып, барлығы 677,9 млн. теңгеге несиелендірілді. Ауыл тұрғындары 242 бас ірі қара, 249 бас жылқы, 3896 бас уақ мал сатып алды. 2023 жылы бағдарламаға Жаңа жол, Қорағаты, Көкқайнар ауылдық округтері енгізілсе, үстіміздегі, яғни 2024 жылға Далақайнар ауылы мен Балуан Шолақ, Өндіріс, Алға ауылдық округтері ұсынылып отыр.
Жаңа жол ауылдық округі бойынша ауылдағы 583 ауланың 147-і жобаға қатысуда (қаражаты 819,327 млн. теңге). Бүгінгі күнге 134 құжат мақұлданып, 107 азамат несие қаражатын алды (606,500 млн. теңге). Жобаның бірінші бағыты бойынша үй іргесіндегі егістік жерді игеру мақсатында 500 мың теңге несие алынды. Екінші бағыт бойынша қазіргі таңда қаражаты түскен 61 ауыл тұрғыны 136 бас жылқы, 355 бас бұқа, 90 бас сиыр, 1051 бас уақ малдарын аудан ішінен сатып алған. Бағдарламаның үшінші бағыты бойынша округте «Шу-2021» кооперативі құрылған болатын. Айналым қаражатын алу үшін кепілдікке АШК-нің базасы қойылып, 22,415 млн. теңге несиеге қол жеткізді. Ал, бағдарламаның төртінші бағыты аясында «Шу-2021» АШК-не 102 млн.теңгеге 11 дана техникаға өтінім беріліп, қазіргі таңда 2 дана трактор («Zomilion» және «LOVOL» маркалы) техникасы алынды. Қосымша техника түрдері алдағы уақытта жеткізілмек. Бағдарламаның бесінші бағыты аясында ауыл тұрғындарының жеке кәсібін ашуға жалпы сомасы 22,3 млн.теңгені құрайтын 3 жоба ұсынылды. Атап айтқанда, жергілікті азаматтар құм блогы цехы, гидропоника жұмысын қолға алмақ. Бұл екі кәсіпкерлік бойынша кәсіп иелері бүгінгі таңда тиісті қаражатты иеленді. Ал, балық шаруашылығымен шұғылдануды мақсат еткен бір азаматтың өтініші «Тараз» ӘКК-нің келісімін күтуде.
Қорағаты ауылдық округі бойынша 508 ауланың 125-і жобаға қатысуда (қаражаты 808,230 млн.теңге). Бүгінгі күнге 117 құжат мақұлданып, 86 азамат 430,1 млн.теңге несие қаражатын алған. Мұнда да жобаның бес бағыты қамтылып, жобаға қатысушылардың кейбірі қол жеткізген қаражатты мал сатып алуға жұмсады. Округте құрылған «Юсиф-Шу» АШК-нің базасы кепілдікке қойылып, айналымға 13,7 млн.теңге несие алынды. Сондай-ақ, «Юсиф-Шу» АШК-не 86,0 млн.теңгеге 8 дана техника сатып алуға «Тараз» ӘКК-на өтінім берілді. Бүгінгі күнге «Тараз» ӘКК-ден 2 дана «Беларус» алынды. Қосымша тағы бірнеше техника алынбақ. Бағдарламаның бесінші бағытымен тұрғындардың жеке кәсібін ашуға 23 млн. теңгеге 3 жоба ұсынылған. Олардың қатарында шағын тігін цехы бар. Құны 15,0 млн. теңге. Бүгінгі таңда тиісті қаражатқа қол жеткізген кәсіп иесі қажетті жабдықтарды сатып алуға келісімшарт жасауда. Екіншісі – асхана. Құны 4,0 млн. теңге. Қазіргі уақытта жылжымайтын мүлік кепілін рәсімдеу жұмыстарын жүргізуде. Үшінші жоба қағаз өңдеу ісіне қатысты. Оның да құны 4,0 млн. теңгені құрайды. Бүгінгі таңда жылжымайтын мүлік кепілін рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.
Көкқайнар ауылдық округі бойынша айтар болсақ, округтегі 285 ауланың 140-ы жобаға қатысуда. Бүгінгі күнге 118 құжат мақұлданып, 65 азамат 345,7 млн.теңге несие қаражатын алды. Қазіргі таңда қаражаты түскен 60 ауыл тұрғыны 47 бас жылқы, 66 бас бұқа, 34 бас сиыр, 2764 бас уақ малдарын аудан ішінен сатып алған.
Бағдарламаның үшінші бағыты аясында округте «Тарылған Агро» кооперативі құрылды. Ондағы жалпы жер көлемі 960 гектар. Төртінші бағыт аясында «Тарылған Агро» АШК-не 63 млн. теңгеге 4 дана ауылшаруашылық техникасына өтінім беріліп, қазіргі уақытта 2 дана трактор (YTO-1304, сомасы 34 млн.) алынды. Қосымша 1 дана астық дәнсепкіш, 2 пресс С3-5, 4 техника жеткізіледі. Бесінші бағыт бойынша тұрғындардың жеке кәсібін ашуға 8,5 млн.теңгеге 1 жоба ұсынылған. Яғни, сұлулық салонын ашу үшін 8,5 млн. теңгеге өтінім берілді. Қаражат күтілуде.
Одан бөлек, Үкімет тапсырмасымен ауданымызға қарасты барлық ауылдарға скрининг жасалды. Яғни, барлық ауылдар бойынша мәлімет алынып, жобаға бағытталған, оған қатысу мүмкіндігі бар ауылдар анықталды. Өйткені, келешекте ауданға қарасты барлық ауылдар толығымен қамтылуы мүмкін деген болжам бар.
Жалпы, аудан тұрғындарының басым бөлігі мал шаруашылығына қызығушылық танытып отыр. Өкінішке орай, жылыжай соғып, оған түрлі көкөніс өсіріп, өзіндік кәсіпті дөңгелетуге негіз болатын үй іргесіндегі жерді пайдалануға құлықсыз.
– Жобаның артықшылығы жөнінде қарапайым тілмен толығырақ айтып берсеңіз.
-Жобаға қатысқан тұрғындар өз кәсіптерін дөңгелетіп, табысты тұрмысқа бет бұрады. 2,5 пайызбен берілетін несиенің бір жыл каникулы бар. Яғни, бір жылға дейін кәсібі жүйелі жолға түскенше несие төленбейді және несие төлеу кестесін әр азамат өзіне ыңғайлы уақытқа белгілеу мүмкіндігі бар. Оны ай сайын, алты айда бір немесе бір жылда бір рет төлейтіндей етіп жасауға болады. Тұрғындарға ең тиімдісі несиеге қойылған кепіл 0,7 коэфицентпен, яғни 70 пайызбен несиеленеді. Жобаға қатысуға ешқандай қаражат төлеудің қажеті жоқ. Сонымен қатар, кооперативке берілетін техника төмен пайызбен ұсынылады және техника құнының 50 пайызына тең субсидия яғни, көмек қаражат төленеді, дизель отыны арзандатылған бағамен беріледі. Кооперативке бірігудің артықшылығы зор. Бір ғана мысал келтіретін болсақ, көп жағдайда ауыл тұрғындары егістік алқабының жерін аударуға 15 мың теңге көлемінде ақы төлейтін болса, мұнда бұл жұмыс нарық бағасынан әлдеқайда төмен сомада белгіленеді.
-Әдетте қандай да бір мемлекеттік бағдарламаға қатысу үшін тұрғындар сан мәрте сабылып, түрлі мекемелердің табалдырығын тоздырып, қаржылық шығынға ұшырап, біраз әбігерге түсіп, ақыр аяғында қолға алған іске қызығушылық пен белсенділік төмендеп жатады. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша құжат жинау мәселесі қалай жүзеге асырылуда?
– Біз яғни, аудан әкімдігінің ауылшаруашы-лығы, жер қатынастары, кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі, өзге де тиісті сала мамандарымен бірлесе отырып, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша жобаға енетін ауыл тұрғындарымен бірнеше рет кездесу өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Жобаға қатысқан ауыл тұрғындары бұл туралы мағлұматқа қанық десем де болады. Бір-бірінен естіп-біліп жатқан жұртшылық өкілдері жобаға қатысуға белсенділік танытып отыр. Зор қызығушылықпен күтіп отырған ауылдар да бар.
Ал, құжат мәселесі жөнінде айтар болсам, бұл тұста да ең қолайлы тәсіл қарастырылған. Негізгі құжаттар ғана сұралады. Тұрғындар айтарлықтай сабылмайды. Барлық құжатты ауыл әкімдерінің мамандары жинақтайды. Бағдарламаға қатысушы облыс орталығы – Тараз қаласына келісімшарт жасасу кезінде және тиісті қаражат түскен кезде екі рет барады.
-Байқағанымыздай, жоба іске қосылған сәттен бері бірнеше ауыл жобаға енгізілген. Бұл осы ауылдармен қоян-қолтық жұмыс жасаған мамандардың құжат рәсімдеу ісінде ширай түсуінде, кем-кетікті түгендеп, жұмыстың бір жүйеге келуінде маңызды рөлге ие. Десе де, жаңа жоба болғандықтан, қандай да бір кедергілер қылаң беріп тұратыны анық. Біздің ауданда осы уақытқа дейін құжат рәсімдеу бағытында қандай қиындықтар кезікті? Тұрғындарға ескерту ретінде қандай мәселені баса айтар едіңіз?
-Тұрғындардың жобаға қатысуға ынтасы жоғары болғанымен, құжат рәсімдеу кезінде үй құжатына қатысты кедергілер жиі кезігуде. Нақты айтар болсам, үйдің немесе жердің иесі қайтыс болғаннан кейінгі мұрагерліктің уақытылы рәсімделмеуі, үйге, қора-жайға немесе шаруашылық нысандарына жаңадан қосылған немесе жалғанған құрылыс нысандарының құжатта көрсетілмеуі жиі ұшырасады. Кейбір құжаттарды сот арқылы рәсімдеуге тура келеді де, бұл ұзаққа созылады. Салдарынан кепілдікке қоятын мүлік таппай, жобадан шеттетіліп жатқан азаматтар да жоқ емес. О баста барлығы қатысуға құлшыныс танытқанымен, соңында 40-50 пайыз тұрғын дер кезінде қолға алынбаған шаруалардың, түйінін тарқатпаған мәселелердің, шын мәнінде сол кездегі немқұрайдылықтың себебінен жобадан бас тартады. Сондықтан, әр азамат меншігіндегі үй мен жердің құжатын уақытылы рәсімдеуге зор мән беруі қажет.
-Әңгімеңізге рахмет! Оқырман қауым осы сұхбат арқылы да «Ауыл аманаты» жобасы жайлы маңызды мағлұматтардан хабардар болады деген сенімдеміз.
Сұхбаттасқан Динара Батырхаирова.