Тұрғындар тілегі ескерусіз қалмайды
Бүгінде аудан әкімі Бақытжан Жәнібековтің өңірімізге әкім болып тағайындалғанына бір жылдан астам уақыт болды. Осы аралықта аудан басшысы өңіріміздегі барлық ауылдық округтер мен шалғай елді мекендерді аралап, жергілікті тұрғындармен кездесулер өткізді. Мұндағы мақсат – ауылдықтарды алаңдатқан түйткілді мәселелерді көзбен көріп, тұрғындардың өз аузынан есту екені анық. Сол арқылы алдағы жұмыс жоспары түзіліп, елді мекендегі іргелі істер бір жүйеге келтірілмек.
Алайда, ел арасындағы түйткілді мәселелерге көз жеткізудің тағы бір тиімді жолы ол – қоғамдық қабылдаулар екенін де айта кеткен жөн. Дәл осындай қоғамдық қабылдаулар өткізу арқылы жергілікті жердегі тұрғындардың мұң-мұқтажына құлақ түріп, ортақ шешім қабылдауға болады. Соған сәйкес, тұрғындардың әлеуметтік тұрғыдағы және жеке мәселелері оң шешімін табады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында қолға алынған бастамалар біздің ауданымызда да жалғасын тауып, бүгінде азаматтарды жеке-жеке қабылдау қалыпты жағдайға айналған. Дәл осындай қоғамдық қабылдау жуырда ғана «AMANAT» партиясының аудандық филиалында өтті. Аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков пен партияның аудандық филиалының төрағасы Болатхан Ниязбеков бірқатар аудан тұрғындарын жеке сұрақтарымен қабылдап, өтініш-тілектеріне құлақ түрді. Жалпы, дәстүрге айналған қоғамдық қабылдаулардың ең негізгі міндеті – тұрғындардың өтініштерін қарап, олардың оңтайлы шешілуіне қолдау көрсету болса, бүгінде бұл үде орындалып келеді.
Қоғамдық қабылдауға жеке мәселелерімен қайырылған тұрғындардың басым бөлігі тұрғын үй мен әлеуметтік жағдайға қатысты сауалдарын жолдады. Одан бөлек, оқушы тасымалына арналған қоғамдық көлік, жол, жұмыспен қамту және баспанамен қамтуға қатысты түйткілдер де көтерілді. Қабылдау барысында тұтас қаланың мұң-мұқтажын сөз қылып, аудан әкімінің назарына ұсынған тұрғындар да болды. Аудан әкімі Бақытжан Оразалыұлының сөзінше, көмек сұрай келген әрбір тұрғынның өтініші жеке дара зерделеніп, нақты шешімдер қабылданатын болады.
Ерғали Қартайған.