Ақпараттық портал

Бала тағдырына балта шабу оңды іс емес. Немесе ата-ана жауапкершілігі неге төмен?

Аудан өмірінің сан саласындағы қоғамдық мәселелермен қатар кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау мәселесі де билік өкілдері назарынан тыс қалған емес. Бұл бағытта жұмыс жасайтын бөлім және арнайы құрылған комиссия өз міндеттерін тиянақты атқаруға күш салып келеді. Өйткені, олардың алдында қоғам тәрбиесіне негізделген жауапты жұмыстар тұр. Ол жұмыс сіз бен біздің көз алдымызда жүрген балаларымызға тікелей қатысты. Ал, бүгінгі бала – ертеңгі ел болашағы екендігін ескерсек, ұрпақ тәрбиесіне ұқыппен қарау ұлт тәрбиесіне оң бағдар болатындығын ұғынамыз.
Алайда, баланың саналы тәрбиесі, сапалы білім алуы тек біржақты шешімін табатын дүние емес. Бұл тұста жергілікті әкімдік пен мектеп басшылығы өздеріне тиесілі міндеттерді орынды жүзеге асырғанымен, баланың өнегелі тәрбиеге бағытталуы көп жағдайда отбасына байланысты екендігі анық. Өкінішке орай, өңірімізде бала тәрбиесіне бейқам, ата-аналық жауапкершілікті сезінбейтін отбасылар да кезігеді. Олардың арасында, көпбалалы жанұялар да бар.

Бұл туралы біз жуырда аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия хатшысы ұсынған мағлұматтан біліп, бұл бағыттағы мәселенің қаншалықты күрделі екендігіне көз жеткіздік. Аталмыш комиссия 2022 жылдың 10 маусымында аудан әкімдігінің №253 қаулысымен құрылған. Қолдағы деректерге сүйенсек, өткен жылы комиссия мүшелерінің қатысуымен 18 отырыс өткізіліп, мұнда ата-аналық міндеттерін тиісті деңгейде орындамау, қиын өмірлік жағдайдағы көп балалы және жалғызбасты ата-аналарға көмек көрсету секілді мәселелер қаралған.
Комиссия төрағасы Н.Сұлтанбаев та осы міндетті қолға алған уақыттан жұмыстың жүйелі әрі нәтижелі жүзеге асырылуына зор күш салып келеді. Оның басым бөлігі әр отбасының жағдайына жүргізілген зерделеу жұмыстарынан басталып, тиісті деңгейде өз шешімін табуда. Атап айтар болсақ, мемлекет тарапынан көмекке мұқтаж 10 отбасының үйлеріне комиссия мүшелерімен бірлесе отырып, зерделеу жұмыстарын жүргізді. Балуан Шолақ ауылдық округінде орналасқан мектептің және Шу қаласындағы «Балдәурен» балабақшасының жағдайлары тексерілді. Сонымен қатар, жасөспірімдер арасындағы бұзақылықтың алдын алу мақсатында М.Мақатаев атындағы орта мектебінде, 40 мектеп-лицейде, «Жібек жолы» мектеп-лицейінде, С.Сейфуллин атындағы орта мектебінде аудандық полиция бөлімі басшысының міндетін атқарушы Д.Қойториевпен және аудандық білім бөлімінің тәрбие жөніндегі әдіскері А.Асқарбекпен бірлесе ата-аналар жиналысын өткізді.
Бұл бағыттағы педагогтармен жұмыс та жіті назарда. Өткен жылы Шу қаласы, Т.Рысқұлов атындағы орта мектебінің базасында «Жасөпірімдер арасындағы өзіне-өзі қол жұмсаудың алдын алу» тақырыбында педагог-психологтарға арналған аудандық семинар-практикум өткізген. Ал, ата-аналарға жасөспірімдер арасындағы зорлық-зомбылық пен буллинг, кибербуллинг жайлы толық мағлұмат беру мақсатында «Кәмелеттік жасқа толмағандар арасындағы буллинг және кибербуллингтің алдын алу» атты мектепішілік ата-аналар жиналыстары да ұйымдастырылған. «Қатыгездік пен зорлық-зомбылықсыз әрекет» акциясы аясында оқушылардың қатысуымен балалар мен жасөспірімдер арасындағы зорлық-зомбылықтың, оның ішінде гендерлік зорлық-зомбылықтың алдын алуға тәрбиелеуге бағытталған бірқатар іс-шаралар мен “Қатыгездік пен зорлық-зомбылықсыз балалық шақ” атты сынып сағаттарын өткізген. Бастауыш сынып оқушылары “Қатыгездіксіз әлем” және “Мен және менің құқықтарым” атты сурет көрмесіне қатысты.
Сонымен қатар, балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және балалардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспардың 28-тармағын іске асыру шеңберінде (ҚР Үкіметінің 2023 жылғы 31 тамыздағы №748 қаулысы) мектептерде 28-қараша мен 8-желтоқсан аралығында онкүндік өткізілген. Мектеп психологтарының ұйымдастыруымен, 7-сыныптардың білім алушыларымен «Кибербулинг, булингке жол жоқ!» тақырыбында дөңгелек үстел, энерджайзер-тренинг, 6-8 сынып оқушылары арасында «Мен зорлық-зомбылыққа қарсымын» тақырыбында тренинг, 8-9 сыныптардың сынып жетекшілерінің ұйымдастыруымен, «Қауіпсіз интернет» тақырыбында сынып сағаттары өтті. 8-11 сынып оқушылары арасында аутодеструктивті мінез-құлықты және отбасылық зорлық-зомбылықты анықтау мақсатында сауалнама жүргізілген.
7-11 сынып оқушылары арасында жасөспірімдер арасындағы зорлық-зомбылықтың, жәбірлеудің, қатігездіктің алдын алу, әлімжеттік, зорлық-зомбылық фактілерін анықтау мақсатында жүргізілген диагностикалық жұмыстар нәтижесінде зорлық-зомбылық және буллингке ұшыраған балалар анықталмаған.
Бүгінгі таңда «Жасөспірімдер арасында өзіне-өзі қол жұмсаудың алдын алу» бойынша 2023-2024 оқу жылына арналған бірлескен жоспар құрылып, бағдарлы жұмыстар атқарылуда.
Мектепте жеткіншектер мен жасөспірімдерді зорлық -зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттылығын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарды іске асыру шеңберінде жол картасы әзірленіп, оның негізінде жасалған жұмыстар жоспар бойынша жүзеге асырылуда. Диагностика жүргізіліп, нәтижесі бойынша коррекциялық, ағартушылық жұмыстар қоса атқарылуда.
Тағы бір айта кететін жайт, аудан бойынша 47 мектепте жасөспірімдер арасындағы буллингтің алдын алу мақсатында «Komek Stop Bullying» ақпараттық жүйесінің QR кодтары ілінді (QR коды баспалдақ жанындағы қабырғаларға, дәретхана қабырғаларына орналастырылды). Білім алушыларға қиын жағдайға тап болғанда қайда хабарласу керектігі жөнінде кеңес беру жұмыстары жүргізілді.
Жалпы, статистикалық мәлімет бойынша, аудан тұрғындарының саны 103751 болса, оның 30717-і 14 пен 35 жас аралығындағы жастарды құрайды. Оның ішінде ауыл жастарының саны 20660 болса, қала жастарының саны 10057. Сол себептен, бұл іске аудандағы «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі де өзіндік үлес қосып, жастар саясатын жүзеге асыру аясында кәмелетке толмағандар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында бірқатар жұмыстар жүргізуде. Мұның дәлелі, «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ұйымдастыруымен, жастар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын-алу мақсатында өткен жылы 64 іс-шара өткізіліп, оған 1154 жас қамтылған. Оның ішінде 35 мәрте түнгі рейд жұмыстары жүргізілсе, 29 құқықтық кездесулер мен дөңгелек үстелдер өткізілген.
Өздеріңіз байқағандай, мектеп және өзге де мүдделі мекемелер тарапынан жастар мен жасөспірімдердің тәрбиесін оң арнаға бұру, дұрыс жол нұсқау мақсатында атқарылған істер баршылық. Мұның барлығы ел болашағы саналатын жастардың жарқын өмірі үшін жасалып жатқан ізгі қадамдар. Соған қарамастан, өз міндеттерін лайықты жүзеге асыра алмай, перзенттерінің болашағына балта шауып отырған бірқатар ата-ана кезігіп отырған көрінеді. Мысалы, өткен жылы «Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 127-бабы бойынша (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау) 52 ата-анаға айыппұл салынған.
Сала мамандарының мәлімдеуінше, отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған балалар мен жасөспірімдер жоқ деп айтуға болады. Есесіне, ата-ананың бала тәрбиесіне құлықсыздығы, ата-аналық міндетіне қатысты жауапкершілікті сезінбеуі салдарынан өз еріктерімен есейіп жатқан балалар баршылық.
Сонымен қатар, ерлі-зайыптылардың бірі, көп жағдайда күйеуі маскүнем отбасылар кезігеді. Біздің ауданымызда да дәл осындай жағдайдағы көпбалалы отбасына комиссия мүшелерінің зерделеуімен тиісті жұмыстар жүргізілген. Нәтижесінде, балалардың анасының жұмыс жасайтындығы, алайда оның табысының аздығы, күйеуінің әбден ішімдікке салынғандығы, баспаналарының уақытша тұруға негізделген бір бөлмелі жер үй екендігі, тұрмыстық жағдайының төмендігі анықталған соң, амалдары қарастырылып, бұрынғы «СПТУ-24» оқу мекемесінің жатақханасынан көп балалы аналарға берілген пәтерлерден босаған екі бөлмелі пәтер осы азаматшаға беріледі. Ал, маскүнем азаматпен заңды некеде болмағандықтан, пәтерге балалар мен олардың анасы ғана көшірілген.
Тиісті мекемелер тарапынан жүргізіліп жатқан мұндай жұмыстардың мақсаты – ең әуелі балалар болашағының бұлыңғыр болмауына сеп болу. Дегенмен, ата-аналар да түрлі тіршілік түйткілі қанша қажытса да, өмірге әкелген перзенті үшін оны жеңуге тырысып, өз баласының тағдырына алаңдап, бір мезет баланы кім үшін, не үшін дүниеге әкелгендігін ой елегінен өткізгені жөн болар. Өйткені, өз тағдырымен қоса бауыр ет – баланың тағдырына балта шабу оңды іс емес екені анық.

Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.