Ақпараттық портал

Сайлау күні аталып өтті

Биылғы 1-ақпанда Дүниежүзілік сайлау күнінің 19 жылдығы аталып өтті. 2005 жылы Еуропа елдерінің сайлауын ұйымдастырушылар қауымдастығының аталмыш күнді атап өту бастамасын Біріккен Ұлттар Ұйымы қолдаған болатын. Осылайша, жыл сайынғы ақпанның алғашқы бейсенбісінде мерекені атап өту дәстүрге айналған. Себебі халықаралық сайлау туралы келісімдерге ақпан айының басында қол қойылған.

Дүниежүзілік сайлау күніне маңыз берудегі басты мақсат – демократиялық сайлаудың салмағын сезіндіріп, сайлаушылардың белсенділігін арттыру. Алтын қазығымыз іспетті Ата Заңның 3-бабы, 2-тармағында халық билікті тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асырады деп баяндалғаны белгілі.
Аталған күнді айшықтау үшін елімізде әр жыл сайын түрлі іс-шаралар өткізіліп, танымды кеңейтетін кездесулер ұйымдастырылады. Сондай шаралардың легі Шу ауданында да өткізілді. Аудандық сайлау комиссиясының төрағасы А.Ошанов бекіткен жоспарға сәйкес, бірінші шара №10 Шу колледжінде өтті. Онда студенттермен «Біз Қазақстанның болашағы үшін дауыс береміз» атты дөңгелек үстел өтіп, спикерлер салихалы сөздерін жеткізді.
Дәл осындай дөңгелек үстел Шу темір жол колледжінде өтіп, оған «Өз таңдауыңды жаса» тақырыбы арқау болды. Жиын барысында АСК төрағасы А.Ошанов, аудандық мәслихат депутаты Н.Разимбеков және ардагерлер студенттерге сайлаудың мәнін түсіндіріп, толғандырған сұрақтарына жауап қатты.
Бүгінгі жасөспірім ертеңгі ел азаматы екені белгілі. Сондықтан сайлау өткізудің барысы мен өзге де мәселелер оқушыларды толғандырмай қоймайды. Осыны ескерген ұйымдастырушылар аудан орталығындағы М.Әуезов атындағы орта мектепте де танымдық дәріс өткізуді жөн санаған. Аталған шарада аудандық мәслихат төрағасы Ж. Әбенов пен аудандық сайлау комиссиясының төрағасы А.Ошанов жоғары сынып оқушыларына мол мағлұмат беріп, сайлауға белсене қатысу әрбір азаматтың борышы екендігін баяндады. Сондай-ақ білім ошағының болашақ түлектерінің сұрақтарына жауап беріп, саяси науқанның бәсі биік, құны жоғары екендігін жеткізді.
Дүниежүзілік сайлау күніне арналған шара Шу ауданы әкімдігі ішкі саясат бөліміне қарасты Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған «IQ-SHU» зияткерлік ойынымен өз мәресіне жетті. «Жастар Қазақстанның болашағы үшін дауыс береді» ұранымен өткізілген ой додасына 10 команда қатысып, қиын да қызық сұрақтарға жауап берді. Сондай-ақ олар ұйымдастырушылар тағайындаған жүлделерге қол жеткізу үшін жүзден жүйрік атануға тырысты. Шара барысында АСК төрағасы А.Ошанов, аудандық мәслихат депутаттары А.Бекмурзина мен Ғ.Қойбағаровқа сөз беріліп, спикерлер еліміздегі сайлау өткізу принциптері мен негізгі мақсаттарына тоқталды. Әрі жастарды терең мәні бар әрбір сайлауға белсене қатысып, азаматтық көзқарастарын білдіруге шақырды.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.