Ақпараттық портал

Дебатты дамытуға ден қойсақ

Соңғы кездері сылдыр сұйық сөз, пәтуасы жоқ пікір, оралымсыз олқы ой айтатындар көбейіп барады. Еліктеу арқылы бой түзейтін жастарымызды түзу ойдың жетегіне ерткеніміз жөн-ақ. Кезіндегі екі-ақ ауыз сөзбен түйреп, қара қылды қақ жарған от ауызды, орақ тілді бабаларымыздың жолын жалғау үшін көбірек оқып, жүйелі ойды көңілге тоқу қажет. Ұлттық рухымыз құлдыраса, ұлттық тәрбиемізден іргеміз жырақтайтынын ескерейік. Қанымызға сіңген шешендігімізді заман ағымына сай шебер ұштастырып, сөз саптауға, ой-өрісімізді дамытуға арналған тиімді әдістерді лайықты қолданып, сөздің құны мен құдіретін түсінуге талпынғанымыз абзал.

Осындайда бірден ойға оралатыны пікірсайыстың өскелең ұрпаққа тигізер пайдасы. Бір жылдары оқу-ағарту министрі болған Асхат Аймағамбетов дебаттық қозғалыстарды жандандыру туралы сөз қозғап, мектептерде пікірсайысты дамытудың қаншалықты өзекті екенін айтқан болатын. Жеке тұлғаның сыни ойлау дағдыларын қалыптастырып, топпен бірлесіп жұмыс істеуі үшін дебаттың пайдасы зор.
Бүгінгі таңда экс-министрдің бұл бастамасы жер-жерде жүзеге асып, бірнеше жыл кідіріп қалған пікірсайыс додаларына қайта жан бітіп, білім ошақтарында жандануда. Бұл игі бастаманың өрнегі біздің ауданда да қалыптасып келеді. Дебат қозғалысы жаңғырып, дамудың жаңа деңгейіне көтерілуде. Соның арқасында мектептегі оқушылар арасында дебат алаңында тайсалмай өз ойын ашық айтып, өз позициясын толықтай қорғап шыға алатын жастарды көбейтуге жол ашты.
Ай сайын ұйымдастырылатын пікірсайыс ойындарына тек оқушылар ғана емес, мұғалімдер де тартылуда. Әсіресе жас мамандар арасында жиі дебат өткізіліп, ұстаздардың ұтқыр ой, соны пікір айта алуына сол арқылы соқпақ салынуда. Бұл жолы қара шаңырақ Мұхтар Әуезов атындағы орта мектепте аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен “Дебат-тәртіп пен тәрбие” атты оқушылар арасында пікірсайыс додасы өтті. Пікірсайыс негізінен “Америкалық парламенттік” форматта өтіп, ойыншылар үкімет және оппозиция сынды екі тарап арқылы өз ойларын ортаға ұсынатын. Үкімет тобында премьер-министр және спикер, ал оппозиция тобында лидер және спикер болады. Бұл ойын түрінде аргумент және оның маңыздылығы есепке алынады. Алайда аталған пікірсайысқа 30-дан аса мектептен пікірсайысшылар қатысқандықтан, ойын “Британдық” әдіс бойынша өтеді деп шешілді. Пікірсайыс алаңында “ҚР-ның геосаяси орналасуы бағы ма, әлде соры ма?”, “Пікірсайысты мектеп бағдарламасына пән ретінде енгізу қажет (қажет емес)”, “Әншілердің әндерінің сөздеріне ұлттық редакциялау ұйымын құру қажет (қажет емес)” сынды тақырыптар бойынша екі тарап өз позицияларын қорғап, басым түскен фракция жеңіске жетіп отырды. Британдық тәсіл бойынша төрт команда қатысып, жеңіске екі командадан жетіп отырды. Пікірсайыстарда жетістіктерге жету үшін көзқарас, мықты мінез, өз ұстанымын дәлелді түрде қорғай білуге жетелейтін ұмтылыс маңызды. Ол үшін көп кітап оқып, танымдық бағдарламаларды қарап, қарым-қатынас орната білу, аргументация дағдыларын дамыту бойынша үнемі жұмыс істеу керек. Іріктеле келе соңғы тартыста төрт команда қалып, дебаттың көркін қыздырып, бірінен-бірі басым түсіп, жеңімпазды анықтау қиынға соқты. Дебатқа жиі қатысып жүрген оқушылардың өз ойларын еркін жеткізіп, көпшілік алдында сөйлей алатындай деңгейге жеткенінің өзі бір жеңіс. Пікірсайыс қозғалысының дамуы арқылы мұндай оқушылардың саны артатын болады. Дебат қорытындысы бойынша бас жүлдені Е.Бекмаханов мектебінің “Ұшқыр ой” фракциясы жеңіп, ауыспалы кубокты еншіледі. Ал, І орынды М.Әуезов мектебінің “ДеBatyr” командасы, ІІ орынды Ы.Алтынсарин мектебінің “Жаңа заман” командасы, ІІІ орынды К.Әзірбаев мектебінің “Шамшырақ” командасы алды. Ал, “Үздік төреші” номинациясына М.Мәметова мектебінің мұғалімі Абзал Сатылған, “Үздік сараптама” номинациясына М.Әуезов мектебінің оқушысы Дариға Атабек, “Үздік спикер” номинациясына М.Дулати мектебінің оқушысы Диас Мадияр лайық деп танылды.
“Біз өз кезегімізде балалар мен жастардың шығармашылық және зияткерлік тұрғыда дамуына бағытталған жобаларды қолдайтын боламыз. Мұндай кішігірім бастамалар біздің қоғам үшін өте маңызды. Пікірсайыстар мен өзін-өзі басқару жүйесі әлеуметтік капитал мен қоғамдық сенім деңгейін көтеруге де әсер етеді” деген Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтың осы бір сөзі маңызын жоғалтпақ емес.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.