Екпе – аурудың алдын алудың тиімді тәсілі
Соңғы кездері балалар арасында аллергиялық, жұқпалы аурулардың көбейгендігі байқалады. Бұл әсіресе, мектептің бастауыш сыныбында оқитын балалар мен балабақша бүлдіршіндері арасында жиі кезігеді. Мұны осындай себептермен сабаққа немесе балабақшаға бара алмайтындығын түсіндіріп жатқан әлеуметтік желідегі балабақша мен мектеп ата-аналарының чатынан да жиі оқып, аңғарып келеміз. Сол себептен, жуырда біз аудандық орталық ауруханадағы балалар бөлімі, балаларды емдейтін жұқпалы аурулар бөлімшесі және ана мен бала бөлімінің жауапты мамандарымен жолығып, бүгінгі таңдағы балалар арасындағы ахуалдың жай-күйі туралы сұрап, білдік.
Балаларды емдейтін жұқпалы аурулар бөлімінің дәрігері А.Телешованың мәлімдеуінше,бүгінгі таңда аталмыш бөлімшеде 18 жасқа дейінгі 15 бала ем қабылдауда. Олардың арасында қызылша ауруымен, өкпе қабынуымен, жедел респираторлық вирустық инфекциямен ауырып келген балалар бар. Осы тұста оқырмандарға түсінікті болу үшін өкпе қабынуы және жедел респираторлық вирустық инфекция жөнінде нақты түсінік беріп өткенді жөн көрдік.
Өкпенің қабынуы (пневмония) – өкпе тінінің қабынуынан немесе басқа аурулардың асқынуынан болатын өкпенің жұқпалы ауруы. Ол көбіне қызылша, көкжөтел, тұмау, бронхит, демікпе сияқты тыныс аурулары, әсіресе жас балалар мен қарт адамдарда болатын қатаң аурулардан кейін пайда болады. Жедел респираторлық вирустық инфекция – тыныс алу ағзаларының вирустар және бактериялармен қабынулық зақымдануы. Күнделікті өмірде ол суық тию немесе тұмау деп те айтылады.
Ал, мамандардың айтуынша, жоғарыда аталған сандық көрсеткіш бұл пациенттердің азайғаны екен. Яғни, соңғы екі аптада ауруханаға келіп түскен балалар саны айтарлықтай төмендеген. Бұған қызылшаға қарсы жаппай вакцинациялау зор ықпалын тигізген көрінеді. Өйткені, өткен жылдың қазан, қараша, желтоқсан айларында қызылша ауруы кең етек алып, оған шалдыққан балалар саны да көбейіп, ауруханаға өте ауыр жағдайдағы балалар түскен. Олардың басым бөлігін қызылшаға қарсы екпені дер кезінде қабылдамаған және аутизммен ауырған балалар құраған. Осыған орай, қызылша ауруы жалпы ел көлемінде асқынған шақта қосымша жаппай иммундау жүйесі қолға алынған.
-Негізі қызылшаға қарсы екпе жоспарлы түрде баланың бір жасында және алты жасқа толғанда салынады. Алайда, өткен жылдың қыс мезгілінде қызылшамен ауырғандар санының күрт өсуіне байланысты 6 қараша мен 31 қаңтар аралығында біз 6 ай мен 5 жас аралығындағы балаларға жоспардан тыс екпе салуды бастадық. Оның нәтижесі де жаман болған жоқ,-дейді А.Телешова.
Бүгінгі таңда қызылшаға қарсы екпе алуға қарсылық танытып отырған ата-аналар да жоқ емес. Сол себептен, ақ халаттылар олармен жекелей жолығып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуді де назардан тыс қалдырмаған. Көп жағдайда қатаң діни ұстанымдағы азаматшалар қарсылық білдіргенімен, олар екпе қабылдау өздерінің ұстанымына қайшы екенін ашып айтпайтын көрінеді. Сол себептен, медицина саласындағы басшылық өкілдерінің мешіт имамдарын, жергілікті әкімдік қызметкерлерін, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандарын бірлесіп жұмыс жасауға шақырып, осындай ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізудің нәтижесінде оң өзгерістер орын алған. Мысалы, толыққанды түсіндіру шараларынан соң, Ақтөбе ауылындағы екі ата-ана, Төле би ауылындағы үш ата-ана балаларына екпе қабылдаған.
Сонымен қатар, сала қызметкерлері қарапайым тұрғын-дар арасында да балаларының екпе қабылдауына қарсылық білдіре-тіндердің көптігін алға тартуда.
– Ғаламтордағы баланың тірек-қимыл аппаратының бұзылуы, аутизм секілді ауруларға алып келетіндігі туралы түрлі видеоларды көруі, «Балаларымыз аутист болып қалады, сал ауруына шалдығады» дегендей теріс пікірдегі ақпараттарды естуі көптеген ата-аналардың екпеден бас тартуына басты себеп болып отыр. Алайда, мұндай жағдайлар екпенің салдарынан туындамайтыны ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Ата-аналар арасында қызылшаға қарсы екпе қабылдасақ, баламыз аутист болып қалады деген күмән басым. Қызылшаға қарсы екпені қабылдамаған қаншама аутист балалар бізде қызылшадан емделіп шықты. Сондықтан, екпенің аутизмге еш қатысы жоқ деп айтуға болады. Дегенмен, аутизммен ауыратын балалар қызылшадан жазылып шыққанымен, ол екі-үш ай немесе алты айдан кейін көбінесе жүйке жүйесіне зақым келтіруі мүмкін. Оның басты себебі – қызылшаға қарсы екпені уақытылы қабылдамауы болып табылады,-дейді балалар бөлімінің меңгерушісі Айжан Оразханқызы.
Әлемдік ғалымдар қызылшаның алдын алу үшін екпе салуды жолға қойған деседі. Осыдан бірнеше жыл бұрын қызылша ауруы балалар арасында өте сирек кездескендігі де дәрігерлер тарапынан айтылуда. Ал, қызылша ауруы өз өңіріміздегі балалар арасында өршіген кезде олардың 80 пайызы екпе қабылдамаған балалар екені анықталған.
Сондықтан, ақ халаттылар ата-аналарды ешқандай дәрігер балаға қиянат жасамайтынын, жамандық ойламайтынын ескеруге және өз балаларына уақытылы екпе салдыру ісіне немқұрайдылық танытпауға шақырады. Егер, балада қандай да бір нәрсеге аллергия пайда болған болса, оны тиісті дәрігерлермен емдеп, бала толық жазылғаннан кейін қызылшаға қарсы екпені қабылдауға болатынын да ескертуде.
Қазіргі уақытта ауруханадағы балалардың басым бөлігі өкпе қабынуы бойынша ем қабылдап жатыр. Мұндай балалар 6-14 күн ішінде жазылып шығады. Алайда, осы қыста 10 күннен аса ем қабылдап, қиналған балалар да кезіккен. Бұл дерт енді ғана бәсеңдей бастаған. Нақты айтар болсақ, қазіргі уақытта өкпе қабынуымен 9 бала ем қабылдауда. Бұл дәрігерлердің айтуынша, алдыңғы уақыттармен салыстырғанда айтарлықтай төмендегені. Өйткені, бұған дейін ауруханаға өкпе қабынуымен 30-ға жуық бала жеткізілген. Одан бөлек, бөлімге аллергиялық есекжем және бронх асмасына шалдыққан балалар да келіп жатады.
Жалпы, соңғы үш айда балалар бөлімінен 290 бала емделіп шыққан болса, оның басым бөлігі – өкпе қабынуымен (пневмония) жатқызылғандар. Сондай-ақ, жұқпалы аурулар бөлімшесінен 489 бала ем қабылдаған.
Дәрігерлер балалар ауруына қатысты өзге де қажетті кеңестерді назарға салды. Өйткені, жуырда күн жылынады, балалар далада ойнайды. Сол уақытта қаңғыбас иттерден аулақ болған жөн деп санайды. Себебі, құтыру ауруына қарсы екпе салынбаған иттер адамды тістейтін болса, бұл індет те адамдарға тез жұғады. Ал, баланың лас ит-күшіктермен жиі ойнауы ішек құрты ауруларының пайда болуына әкеп соқтырады.
Тағы бір айта кететін жайт, сала мамандары кейінгі кезде балалар арасында көкжөтел ауруының таралуына орай дабыл қағуда. Көкжөтел – тыныс алу жолдары және орталық жүйке жүйесінің зақымдануымен және булығып жөтелумен сипатталатын, сегіз жасқа дейінгі балалар арасында кезігетін жұқпалы ауру. Қоздырғыш бактериялар науқас бала жөтелгенде оның демі мен қақырығы арқылы тарап, сау балаға жұғады. Бактериялар баланың тыныс органдарында өсіп-өнеді. Ауру қоздырғышы сырқат баланың тұтынған заттары арқылы да (ыдыс, ойыншық) жұғуы мүмкін. Бұл аурудың алдын алу үшін әр ата-ана сырқат белгілерін білулері тиіс. Көкжөтел әдетте 6-7 аптаға созылады. Аурудың білінбейтін (инкубациялық) кезеңі 2-15 күнді құрайды.
Көкжөтелдің ең тиімді алдын алу шарасы ұлттық вакцинация күнтізбесіне сәйкес, балалар арасындағы көкжөтелге қарсы үш рет вакцинациялау болып табылады. Көкжөтелге қарсы вакцинация курсы 18 айлық ревакцинациямен, 2, 3, 4 айда үш вакцинациядан тұрады. Яғни, АКДС екпесі. Ол балаларға ата-аналардың келісімімен жүргізіледі.
Байқағанымыздай, балалар бөлімі мен балаларды емдейтін жұқпалы аурулар бөлімшесінен айтарлықтай бала ем қабылдаған. Мұндай жағдайда орын тапшылығының болмауы да басты рөл атқарады. Осы бағытта айтар болсақ, балалар бөлімінде жалпы 15 төсек-орын орналастырылғанымен, науқастар саны көбейген кезде қосымша орындар қарастырылған.
Ал, ауруханаға келіп түскен балалардың ем-домына қажетті дәрі-дәрмектер бойынша шешімін табуды қажет ететін мәселе жоқ, қажетті дәрі-дәрмек жеткілікті.
Сонымен қатар, маман тапшылығы мәселесі бойынша да өз сауалымызды қойған едік.
-Әзірге балалар бөлімі бойынша бұл өткір мәселе деп айта алмаймын. Алайда, білікті, білімді маманның болғаны артықтық етпейді. Мысалы, бүгінгі таңда қызмет етіп жүрген, өзіңізбен сұхбаттасып отырған жұқпалы аурулар бөлімінің дәрігері А.Телешова бес-алты жылда зейнеткерлікке шығады. Оның орнын басатын білікті дәрігердің болғаны, әрине біз үшін де, пациенттер үшін де маңызды. Сол секілді балалар дәрігері, перзентхана бөліміне неантолог маман келіп жатса, ол да артық болмайды,-дейді ана мен бала бөлімінің басшысы Г.Телбаева.
Жалпы, баяндалған істерге қарап, ақ халаттылардың бала өмірі үшін барын салатындығын аңғаруға болады. «Бала – бауыр етің» деген сөз де тегін айтылмаса керек. Сол себептен, өз баласының денсаулығының мықты, болашағының жарқын болғандығын қалайтын әр ата-ананың ақ халаттыларға сеніммен қарауы қажет деп білеміз. Мұны бізбен сұхбат жасаған дәрігерлер де тілге тиек еткен болатын. Ал, қызметтік міндеттерінің кейбір сәттерін өмір мен өлім арасындағы арпалыста өткізетін медицина саласы мамандарының алдағы қызметіне тек сәттілік тілейміз.
Динара Батырхаирова.