Ақпараттық портал

Мақсаты өзгермеген мекеме

Жүйіткіген жылдардың жүйріктігін едәуір уақыт өткеннен байқап жатамыз. Еліміз егемендік алған жылдардан бері көптеген дүние өзгергенін байқаймыз. Кешегі күні бүгінгіге ұқсамайтын еліміздің дамуына тұрақтылық пен тыныштық, мемлекеттің орнықты саясаты себеп деп есептейміз.
Жасыратыны жоқ, шыр етіп дүниеге келген сәттен бастап ақтық дем шыққанша өмірімізге құжаттар серік болады. Осыдан ширек ғасыр уақыт бұрын құжатқа байланысты шаруаларды шешу үшін әр есікті қағып, әжептәуір уақытымызды жоғалтатынбыз. Республиканың әрбір өңірінде ашылған халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы құжаттандыру жұмысы бір жүйеге түскендей болды.

Биыл еліміз бойынша халыққа қызмет көрсету орталықтарының құрылғанына 20 жыл толып отыр. Осы жылдардың ішінде ХҚКО жұмыстары түрлі даму сатыларынан өтіп, жыл өткен сайын жүйелене түсіп отырғанын аңғарамыз.
Естеріңізге сала кетейік, 2005 жылғы 24 мамырдағы Үкімет қаулысымен пилоттық жоба ретінде Астана қаласында 2 және Алматы қаласында 6 халыққа қызмет көрсету орталығы ұйымдастырылған. Ал 2007 жылы 5 қаңтарда Үкімет қаулысымен Әдiлет министрлiгiнiң мемлекеттiк мекемелерi — халыққа қызмет көрсету орталықтары құрылды. Сонымен қатар 2016 жылы барлық ХҚКО-лар «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына біріктірілді. Бұл қызмет сапасын арттырып, халықпен жұмыс істеуді одан әрі жетілдіруге жол ашты.
Мәселен, 20 жыл бұрын қарапайым ғана анықтама алу немесе мемлекеттік қызметке қол жеткізу үшін айтарлықтай көп қажыр мен уақыт керек болатын. Жоғарыда айтқандай, азаматтар түрлі мемлекеттік органдардың табалдырығын тоздырып, ұзын-сонар кезекке тұрып, құлаш-құлаш қағаз құжаттарды жинауына тура келетін. Қазіргі таңда барлық қажетті қызметті барынша қолжетімді етіп, «Бір терезе» қағидаты бойынша ХҚКО-лардан алуға мүмкіндік мол.
Ел өмірінде ХҚКО-ның маңыздылығы ерекше. Олай дейтініміз мемлекеттік қызметтерді бір жерден алу мүмкіндігі туып, құжат рәсімдеуді жеңілдетті (жеке куәлік, төлқұжат, тіркеу, зейнетақы т.б.). Электрондық үкімет (eGov.kz) арқылы онлайн қызмет алуға оңтайлы жағдай жасалды. Қазіргі таңда ХҚКО-лар цифрландырудың локомотивіне айналды деуге негіз бар.
Шу ауданындағы халыққа қызмет көрсету орталығының тарихы 2008 жылдан басталған. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына қарасты аудандық бөлімді былтырдан бастап Арнұр Смағұлов басқарады. Себебі аудандағы ХҚКО, әлеуметтік төлемдер мен жер кадастры бөлімі біріктіріліп, қос мекеменің бұрынғы басшылары Арнұр Мұқанұлының орынбасарлары болып қайта тағайындалды.
Біз мақаламызға мәлімет алу барысында басшының орынбасары Ержан Күншашовқа жолығып, мекеменің күнделікті жұмысымен танысқан болатынбыз.
Ержан Болатұлының айтуынша, операциялық залда және Шу қаласындағы филиалда барлығы 26 адам жұмыс істейді. Сырттай тыныш көрінгенімен мұндағы мамандар күніне жүздеген адамнан өтінім қабылдап, 150-ге жуық құжаттарды табыстайтын көрінеді.
-Шу аудандық халыққа қызмет көрсету орталығы тұрғындармен тікелей жұмыс істейтін бірден-бір мекеме. Күн сайын таңғы 9:00-18:00 аралығында түскі үзіліссіз аптасына 5 күн жұмыс істейміз. Біз азамттардан былтырғы 8 айда 18 616 өтінім, биылғы 8 айда 16 627 өтінім қабылдадық. Статистиканың азаю себептері электронды цифрлық қолтаңбаны алу сынды бірқатар мемлекеттік көрсетілетін қызметтер толықтай онлайн режимге көшкенімен байланысты. Жалпы корпорацияның міндеті – құжаттандыру шараларын толықтай цифрлық технологияға көшіру, азаматтарды әуре-сарсаңнан арылту, – дейді Е.Күншашов.
Аталмыш орталықты 6 жылдан аса басқарған Ержан Болатұлы бөлім мамандары бекітілген кестеге сәйкес аудандағы мекемелер мен ұжымдарға барып, «еGov.kz» сайты арқылы мемлекеттік қызмет алу жұмысын үйрететінін де айтты. Одан бөлек, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін арнайы мобильді топ жіберілетінін жеткізді. Олар жүруге мүмкіндігі жоқ жандардың үйлеріне барып, өтінімдерін қабылдап, дайын болған құжаттарды үйлеріне жеткізіп беретін көрінеді.
Әрбір күні қарбаласқа толы мекемеде ХҚКО құрылған сәттен бері еңбек етіп жүрген жандар баршылық. Мәселен, Миралим Асланов, Ұлан Ұзақов, Рахия Сейтімбетова, Бейбіт Амангелдиев сынды мамандар сонау 2008 жылдан бастап халыққа қызмет етіп келеді. Ал ұжым араларындағы ардагер ару Шырынкүл Жаманбалаеваны ерекше құрмет тұтады. Зейнетке шығушылар мен мемлекеттік арнаулы жәрдем алушылардың өтінішін қабылдайтын Шырынкүл Топарқызының жалпы жұмыс өтілі 40 жылды құрайды. Оның 18 жылын зейнетақы төлеу бойынша мемлекеттік орталығының аудандық бөлімінде өткізсе, соңғы 8 жыл Шу аудандық халыққа қызмет көрсету бөлімінің бас маманы ретінде еңбек етіп келеді.
Тұрғындар арасында ХҚКО қызметіне шағым айтушылар да баршылық. Олар көбіне базаның кідірісіне, өз-өзіне қызмет көрсету секторында мамандар көмектеспейді деген уәж айтады. Бөлім басшылығы мекеменің интернетпен қамтылуы баяу екенін мойындап отыр. Өйткені мұндай мекемеге қуатты интернет жүйесі қажет. Бұл орайда тиісті мекемелерге хат жазылғанын айтқан басшылық мамандардың азаматтардың дербес деректеріне араласуына болмайды дейді. Бірақ соған қарамастан жасы егде, цифрлық сауаттылығы төмен тұрғындарға бір маман өз-өзіне қызмет көрсету секторында көмектесуге бөлінген. Олай болмаған жағдайда қызмет алушылар ашуға ерік беріп, жұмысқа кедергі келтіретін көрінеді.
Жоғарыда айтқандай, 10-нан аса маманның жүздеген азаматқа қызмет көрсетуі оңай шаруа емес. Шу қаласындағы филиал ашылмай тұрып жүктеме тіптен көп болатын. Себебі қалада 50 мыңға жуық халық бар. Олар ұсақ-түйек жұмыстарын аудан орталығына сабылмай бітіруіне мүмкіндік алып отыр.
Тағы бір айта кетерлігі, Шу аудандық халыққа қызмет көрсету орталығында әріптестіктен терең байланысқа түскен жандар бар. Бөлімнің бас маманы Нұрдәулет Бөде мен бөлімнің бұрынғы қызметкері, қазіргі АХАТ бөлімінің басшысы Ғазиза Солтанай 30 тамыз күні отау құрып отыр. Жылдар бойы жүректері жарасқан жастардың жас отбасына айналғанына әріптестері бек қуанышты.
Қорыта келгенде, аудан тұрғындарына аянбай қызмет етіп келе жатқан аудандық халыққа қызмет көрсету бөлімі қызметкерлерінің еңбектері зор. Тынымсыз тіршіліктің тінін үзбей келе жатқандары үшін алғыс айтуға да болады. Туу туралы куәлік, жеке куәлік пен төлқұжат, көлікті тіркеу және тіркеуден шығару сынды өзге де құжаттарды рәсімдеуде жәрдемдесіп жүрген жанашыр жандарды 20 жылдық мерейтоймен құттықтаймыз! Жұмыстарыңыз жемісті болғай!

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.