Қоғамдық көліктің саны артты
Тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін әрқашанда сапа маңызды. Заман қарыштап алға озған сайын адамдардың да мүмкіндігі артып, талғамы да өзгеруде. Тұрғындарға қолайлы орта қалыптастырудың бірден-бір жолы – қоғамдық көліктердің заманауи үлгіде, талапқа сай болуы. Яғни, жаздың аптап ыстығында салқындатқышы, қыстың қытымыр аясында жылытқышы бар, жанармайдың иісі шықпайтын, орындықтары ыңғайлы болуы тиіс. Осыған орай, Қазақстан Республикасының өңдеу өнеркәсібін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде “Өнеркәсіптік дамыту қоры” АҚ қаржыландыру бағдарламасы аясында Шу ауданының тұрғындарына 7 қоғамдық көлік берілді. Бұл қоғамдық көліктер аудан тұрғындарын «Төле би-Шу-Қант зауыты-Тоғай» бағытында тасымалдайтын болады.
Салтанатты шараға аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков, аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев, Төле би ауылдық округінің әкімі Арнұр Рахимқұлов, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Ерболат Досымбаев, “Ақ жол-2000” ЖШС директоры Талғат Қақпанбаев, аудан әкімдігінің бөлім басшылары және аудан тұрғындары қатысты. Аудан басшысы Бақытжан Оразалыұлы “Ақ жол-2000” ЖШС-нің көлік жүргізушілеріне судай жаңа автобустың кілтін салтанатты түрде табыс етті. Мұнан кейін барлығы жаңа қоғамдық көліктің ішін көріп, сапасына назар аударды.
-Қоғамдық көлікті дамыту біз үшін басты басымдықтардың бірі. Халықтың шағымының дені қоғамдық көлік жұмысының сапасына, атап айтқанда, кейбір қолданыстағы маршруттардың жайсыздығына және жоспарлы қозғалыс аралығын сақтамауға қатысты. Сондықтан осы мәселелерді шешуге тырысудамыз. Біздің ауданға осыған дейін 2009, 2012 жылдары қоғамдық көліктер берілген болатын. Міне, содан кейін биылғы жылы мемлекеттік бағдарлама аясында лизингке 0,01 пайызбен “Dong feng” маркалы көліктерді алып отырмыз. 7 жаңа көлік Шу қаласы мен Төле би ішінде қатынайтын болса, ескі көліктер Белбасар, Жаңа жол, Жайсан, Бірлікүстем, Қонаев ауылдарына тұрғындарды тасымалдайды. Ауданға қарасты ауылдардағы ағайынның бір уәжі – қоғамдық көлік мәселесі еді. Бұл түйткілдің де түйіні тарқатылатын болады. Алайда бізде көлік жүргізуші мамандары тапшы. Жүргізушіге қойылатын бір ғана талап бар, яғни «Д» категориялы жүргізуші куәлігі болуы керек,-деді “Ақ жол-2000” ЖШС директоры Талғат Натанұлы.
Ауданда қандай да бір жағымды жаңалық бой көрсетсе, соның ішінде мемлекеттің экономикалық әлеуетіне әсер ететін негізгі құрамдас бөліктердің бірі – көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша жұмыстар атқарылып жатса, жерлестеріміз бөркін аспанға ата қуанады.
-Орталықтан өтіп бара жатып Мәдениет үйінің алдында тұрған жаңа көліктерді көзім шалып қалды. Бірден ауданымызға жаңа қоғамдық көліктер беріліп жатқан шығар деген ойға келдім. Ойым алдамапты. Аудан тұрғыны ретінде бұл жаңалыққа қуанып тұрмын. Алдағы уақытта Шу мен Төле би арасында қатынайтын қоғамдық көліктердің жүру бағыты бойынша интервал сақталатын шығар деп сенеміз. Өйткені, қыстың суық күндерінде аялдамада ұзақ тұрып қаламыз. Алайда бір алаңдайтыным, енді жаңа көлік келді деп жолақысын көтермесе болды,-деді Төле би ауылының тұрғыны Бақытжан Серікбаев.
Айғаным Асқарбек.