Ақпараттық портал

Қос зейнеткер құрмет құшағында

Аудан өмірінің маңызды салаларының бірі – теміржол саласы. Бұл салада да көптеген жерлестеріміз табысты еңбек етіп, өз нәпақаларын табуда. Жемісті жұмыс атқара жүріп, жалпы ел экономикасының, оның ішінде ауданның әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатының артуына себепкер болуда. Түрлі бағытта қызмет көрсететін бірнеше теміржол мекемелері арасында әсіресе, Шу жол дистансасының маңызы ерекше. Өйткені, мұндағы еңбеккерлер пойыздардың қауіпсіз қозғалысы үшін аянбай тер төгеді. Ал, пойыздың қауіпсіз қозғалысы дегеніміз, қарапайым тілмен айтқанда, сол пойыздағы жолаушылардың бас амандығы.

Қиындығы мен сындарлы сәттері мол осы жолда талмай, қажымай, адал еңбек ете жүріп, өзінен кейінгі жас буын өкілдеріне өнегелі еңбек тәжірибесін ұсынып, осы саладан зейнеткерлікке шығып, бүгінде бейнетті ғұмырдың зейнетін көруге қадам басқан жандар жетерлік. Олардың қатарынан Сүгірбай Қанат Дөнбайұлы мен Шагилбаев Нұрымхан Молдақұлұлын атап айтуға болады.
1953 жылы Жамбыл ауылында дүниеге келген Қанат Дөнбайұлы 1979 жылы Алматы теміржол көлігі институтын бітіргеннен кейін, Алматы темір жолында еңбек жолын бастап, кейін Шу жол дистансасында жол бригадирі, жол шебері, аға жол шебері сынды қызмет сатыларынан өтеді.
1983-1985 жылдары Алматы темір жолы Шу бөлімшесінің жол бөлімі бастығының орынбасары қызметін атқарады. 1985-86 жылдары Шу жол дистансасы бастығының орынбасары, 1986-88 жылдары Шу жол дистансасы бастығы, 1988-94 жылдары Алматы темір жол бөлімінің № 161 жолды өлшеу вагонының бастығы, 1994-98 жылдары Алматы темір жолы Жамбыл бөлімшесінің жолаушылар тасымалының ревизоры болып еңбек етті. 2000-2014 жылдары «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ Шу жол дистансасы филиалының директоры, 2014-2016 жылдары Шу жол дистансасы филиалының бас инженері міндеттерін де лайықты атқарған.
Қанат Дөнбайұлы өзінің қызмет еткен жылдарында Қазақстан теміржолындағы жолды техникалық тұрғыдан жетілдіруге баса назар аударып, Шығанақ-Шу, Жамбыл-Шу-Отар жүрдек пойызының жылдамдығын сағатына 130-140 км/сағатқа арттыру үшін күрделі жұмыс атқарып, осы іске өз біліктілігімен сүбелі үлес қосты. Темір жол саласындағы ұзақ жылғы қажырлы еңбегі еленіп, жоғарғы құрмет белгісі – «Құрметті теміржолшы» төсбелгісімен, Қазақстан темір жолының 100 жылдық мерекелік медалімен марапатталды.
Ал, келесі кейіпкеріміз – Шагилбаев Нұрымхан Молдақұлұлы 1951 жылы ауданымыздың Еңбекші ауылында дүниеге келген. 1974 жылы Алматы теміржол институтына «Инженер» мамандығы бойынша оқуға тапсырады. 1979 жылы аталмыш оқу орнын бітірген соң, алғашқы еңбек жолын 1980 жылы Шығанақ жол дистансасында бастап, аға жол шеберіне дейінгі қызмет сатыларынан өтеді. 1981 жылы Шу жол дистансасына бас инженер болып тағайындалады. Осы жерде 2015 жылдың қыркүйек айына дейін жемісті еңбек етіп, зейнеткерлікке шығады.
Теміржол саласындағы көп жылғы еңбегі еленіп, Қазақстан теміржолының жүз жылдық мерекелік медалін иеленген. Сондай-ақ, есімдері аталған екі азамат та қызмет еткен жылдарында облыстық мәслихаттың Құрмет грамотасы, аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары, бөлімше және темір жол саласы басшыларының түрлі сыйлықтарымен марапатталған.
Осындай ерен еңбектің иелері жуырда тағы да зор құрметке бөленді. Атап айтқанда, саладағы ұзақ жылғы әрі жауапты еңбектері еленіп, «Қазақстан теміржолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Теміржолшы ардагерлерінің орталық кеңесі төрағасының Алғыс хатымен марапатталды. Астана қаласынан арнайы жеткізілген марапатты Шу жол дистансасы мекемесінде Шу стансасы торабы теміржолшылар ардагерлері алқасының төрағасы Халық Тұрсынбай Нұрғалиұлы қос зейнеткерге салтанатты түрде табыс етіп, қарияларға шапан жауып, ізгі тілегін жеткізді.
Ал, Шу жол дистансасы басшысы Ғалымбек Тұрғанбекұлы ұжым атынан ақ дастархан жайып, мұндағы жас буын өкілдері де алдыңғы буын ағаларына ақ тілегін арнады. Дастархан басында құрметке бөленген қос ардагер шойын жол бойындағы жұмыстың кейбір сындарлы сәттерімен, өз тәжірибелеріндегі қилы кезеңдерге толы естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ, өздеріне көрсетіліп жатқан құрмет үшін ұйымдастырушыларға зор алғыстарын білдіріп, алдыңғы толқынның ізін жалғап келе жатқан ұжым қызметкерлеріне толағай табыстар тіледі.

Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.