Ақпараттық портал

Қалалықтардың қадамы қарымды

Әлемнің қай бұрышында болмасын жастарға үлкен үміт артылып, зор жауапкершілік жүктеледі әрі қандай да бір ұлы өзгерістер жастардың қолымен жасалған. Оған келтіретін мысал да аз емес. Сондықтан болар Мемлекет басшысы да жастардың тілеуін тілеп, тиісті қолдауларды көрсетіп келеді.

Біздің өңірде жастармен берік байланыс орнатып, тағылымды шара өткізіп жүрген қос жастар ұйымы бар. Солардың бірі – Шу ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөліміне қарасты Шу қалалық жастар ресурстық орталығы. Бүгінгі таңда белсенді жас, белгілі жайдарманшы Мақсат Шаймерден басқаратын бұл мекеме өзінің креативті көзқарастарымен дараланып келеді.
Қолдағы бар мүмкіндіктерді тиімді пайдалана білген шаһар жастары жастар саясаты туралы Заңды басшылыққа алып, тиісті тұжырымдамамен жұмыс істеп келеді. Астын сызып айтатын бір жайт, біздің әңгімеге арқау болып отырған жастар қала шырайын таза ұстауға, жастар арасындағы экологиялық мәдениетті көтеруге ат салысып келеді.
Олардың әлеуметтік желідегі жазбаларын қарай отырып, бірнеше мәрте қаладағы жабайы жарнамаларды жойып, анайы сөздерді бояп жатқанын байқадық. Сонымен қатар тазалық турасында әлеуметтік бейнеролик түсіріп, оқырмандарына ой салуға тырысып бақты.
Биылғы қыс біздің өңірде оңай болған жоқ. Әсіресе, жүріп-тұруда қиналатын жалғызілікті қарттарға ауыртпалық салды. Осындайда қол қусырып қарап отырмаған жастар ресурстық орталығының мамандары ерікті жастарды сауапты іске ұйыстыра білді. Сол арқылы ата-әжелердің баталарын алып, игі дәстүрді одан әрі жалғастырды. Одан бөлек, «Саулық» бағыты бойынша жастар медицина қызметкерлерімен бірге қарттардың халін біліп, денсаулықтарынан хабар алды.
Жасыратыны жоқ, біз жастар дегенде спорттық немесе мәдени шараларды еріксіз еске аламыз. Ал, біз куә болған Шу қалалық жастар ресурстық орталығының «Күтпеген қоңырау» атты танымдық бағдарламасының орны бөлек болғандай. Онда жүргізуші Ж.Мұсақұл өзінің сахнадағы серігі Ж.Бекқожамен кез келген адамға хабарласып, зейінді ашатын танымдық сұрақтар қояды. Сол сұраққа жауап беру арқылы ойынға қатыстырып, көрермен де өздеріне ой түйеді.
Жалпы алғанда ашылғанына 2 жылдан енді асқан орталық өзінің әлеуетін барынша паш етуде. Оған басшылық етіп, маңына мамандығына махаббатпен қарайтын жастарды топтастыра білген директорға да бәрекелді деуге болады. Олар аудан басшылығының қолдауымен көпшілікке ой салатын дүниелер жасап келеді.
– Жастар – елдің ертеңі. Елдің болашағы. Десе де қазіргі таңда көзқарастары бір арнаға тоғыса бермейтін жастар бар. Біз мақсатты аудиториямен жұмыс істеп, олардың назарына жастар саясатын жеткізуге тырысып келеміз. Барлық бастамамызды аудан және қала басшылығы қызу қолдап жатқанын айта кеткен жөн. Алға қойған жоспарымыз да, ойға түйген жобамыз да жетерлік. Оның орындалуын уақыт еншісіне қалдырайық,-дейді орталық директоры Мақсат Болатқұлұлы.
Осыдан бірер уақыт бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың арасында толғанған болатын. Сол жиында жастардың мемлекет үшін маңызы айтылып, жастарға зор сенім артылатындығы сөз болған-тын.
– Мен сіздерге зор сенім артамын. Экономикада, мемлекеттік қызметте немесе басқа секторда жұмыс істеп жүрген жастарымызға қолдау білдіру үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймын. Сіздер өмірдің базарына енді келген, ал біз қайтып бара жатқан адамдармыз. Бұл – қалыпты дүние. Уақыты келгенде, сіздерге жол береміз. Біз зейнетке шығамыз, орнымызға сіздердей жалынды жастар келеді. Бірақ сіздер туған елге, Отанға қызмет етуге дайын болуларыңыз қажет. Өйткені күрделі заманға тап келіп тұрмыз. Көптеген қиындықтарды бастан өткеріп жатырмыз, – деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.