Ақпараттық портал

Туған жерді дәл сендей жырлай алсам…

«Ақыл жастан, асыл тастан» демекші, бұл күндері Алаш тарихын зерттеп, ұлтшылдыққа ұрандап жүрген Елдос Тоқтарбай атты замандасымның «Жаза білетін адамда шаһид кеткен адамның һақысы барын ұмытпағанымыз жөн» деген сөзі менің ойға алған дүниелеріме рух бергендей. Бала күнімнен әдебиетіміз бен мәдениетімізге сүрлеу салған ақын-жазушыларымыздың, би-шешендеріміздің кестелі сөздері, көркем ойлары болса жаттап алып, әр жылдарда солардың даталы жылдары болса бір туынды жазуға талпынатыным бар. Лек-легімен жарасымды жалғасын тауып келе жатқан атаулы жылдардың қатарында биылғы жылы Қарауылбек Қазиевтың да туғанына 85 жыл толып отыр.

Бірде аңызға айналған күйші Әбдімомын Желдібаев атамыз «Бойында таланты бар, шабыт кернеп тұратын адамға табиғаттағының бәрі құлағына сыбырлап тұрғандай болады. Гүл біткеннің жайқалғаны, желдің уілі, қардың жапалақтағаны, бұлақтың сылдыры, ағаштың тербелгені, құстың сайрағаны, бәрі-бәрі жанға жылулық сыйлайды, ойды шыңға жетелейді. Тіпті, көре білген адамға қос торғайдың қатарласа қанат қағып, жерге қарай құлдилап келіп, көкке қарай лезде ұмтылатыны шабыт сыйлайды» деген болатын. Байқап отырсақ, туған жердің киесі ме, топырағының құдіреттілігі ме Қарауылбек Қазиев та, Әбдімомын Желдібаев та тай-құлындай тебісе жүріп өсіп, өскен өңірін өзінің шығармашылығына арқау еткен.
Қарауылбек Қазиев көзінің тірісінде түрлі байқауларда бақ сынаған сәттерінде “Бозжігіт” деген бүркеншік атын қолданатын болған деседі. Қырықтың қырқасына енді ғана шыққанда қыршын кеткен Қарауылбектің жүрегінің кеңдігі, рухының асқақтығы кім-кімнің де болса есінде сақталары сөзсіз. Болашағынан көп үміт күттіретін қаламгер бауырының қазасы Әбдімомын атамыздың да қабырғасын қайыстырып, жанына батқан екен. Көңілдің кейбір сәттері күй тудыратыны рас болса керек, Әбдімомын Желдібаев көп ұзамай “Бозжігіт” күйін дүниеге әкеледі. Бұл күй күмбірлегенде Қарауылбегін сағынған Шу өңірі құлазып, маңғаз күй кешетіндей.
Біз әдетте аңғалдықты, тазалықты, мейірімділікті, шынайы қуанышты баладан іздейміз. Бірақ сан мыңдаған адамның ішінде кіршіксіз балалық қалпын сақтап қалған жандарды да ұшырастырып жатамыз. Қарауылбек Қазиевтің қай әңгімесін, қай повестін оқысаңыз да, көңілінің тазалығын байқайсыз. Тіпті, оның кейіпкерлері де арам пиғылы жоқ, аузын ашса жүрегі көрінетін, кеңпейіл жандар. Қарауылбек атамның бірнеше шығармаларын оқи отырып, өзімнің алыста қалған балалық шағымның естеліктері көз алдымда бейне-бір көштей ұзатылып өтті. Шіркін, балалық шағымыздың аспаны да айнадай таза, жымыңдаған жұлдыздары дөңгеленген дүниені шайдай жарық етіп, кейде ай жаңа ғана туған қияқтай, кейде толықсыған түрімен түрлі ойларға жетелеуші еді.
Жаздың күндері далада жатып, жарқ-жұрқ еткен жұлдыздарды жарыса санап, санына жете алмай, туған айға қарап шаруаға жайлы-жайсызын айтып, ожауға ұқсайтын жетіқарақшы жұлдызын іздеп, бірінші табуға талпынушы едік. Айнала жым-жырт, мүлгіген тыныштықта ара-тұра есектің ақырғаны, иттің үргені, құстардың бірдеңеден шошынғандай талдан жапырлай ұшқаны естіліп, өзіміз қалың ұйқыға кеткенше көрпе астында күбірлесіп жататынбыз. Таң бозара ата бастағанда әтеш шақырып, ызыңдаған шыбын, шиқылықтаған торғайлар төңіректі тегіс ұйқыдан оятып жатқандай көрінетін. Тәтті ұйқыдан айырылғымыз келмей, көрпені орап алып, үйге қарай тұра ұмтылғанда «өріске малды қосып кел» дегенді естіп, дегбіріміз қашатын. Сонда да үйдің үлкендерінің сөзін жерге қалдырмай, бір шыбықты қолға ұстап, алдымызға малды салып, өріске қарай сиыр-қойларды қуалай жөнелетінбіз. Сондағы ойымыз, ұйқымыз ашылып кетпесін дегеніміз. Өріске малды қосқаныңнан бөлек, бақташы келгенше қарауылдап тұрмасаң, әсіресе сиыр егістік даласына қарай қашатын. Бақташыны күтпей кетіп қалған күндері әбігерге түсетінің сөзсіз. Жүгері, жоңышқа егілген алқапқа жаудай тиетін сиырларды егесі уағында көрсе қамап қоятын. Кейде көзге түспегенде көтерем болып қалатын, өйткені сиыр малы тойғанын білмейді. Сондағы жеген таяқтың өзін қазір есейгенде сағынады екенсің. Малды өріске қосып, үйге келгенде анамыз самаурынға шәй қойып, құрт-майын, тәттілерін дастарханға жайып күтіп алушы еді. Бір самаурын шәй ішілгенше ата-анамыздың айтқан өсиеттері, ақыл-нақылдары да әлі санамызда. «Таңғы аста береке бар» дегені, мойны жар бермейтін жалқаулықтан жеріндіруі екен.
Қарауылбек Қазиевтің шығармашылығымен толықтай таныс емеспін, бірақ туған жерінің табиғатын көркем суреттеген туындыларына қарап, мен мұндай «щедевр» тудыра алмаспын деген ойға қалдым. Дәл Қарауылбек атамыздың суреттеуінде Шу өңірі көз алдымызға тап бір Щвейцариядай елестейді. Бұған Қ.Қазиевтің «Үркер» повесін оқығаннан кейінгі туған Жаңабек Шағатайдың мына бір пікірі дәлел: «Марқұм Қ.Қазиевтiң бұл кiтабын (яғни шығармаларын да) алғаш рет оқып шыққан жиырма жасар жiгiттiң ерiксiз сүйсiнiп, «Ғажап екен ғой. Апыр-ай, мен ол жақта талай болған едiм, мен көрген Шу өңiрi мүлдем тозған, сүреңсiз жер секiлдi көрiнген. Ал мына кiсiнiң жазғанында Шу өңiрi əлемдегi ең ғажайып сұлу өлке екен ғой» деп таңдана бас шайқағанына куə болғанымыз бар» дейді. Ал, Қарауылбек атамыздың құрдасы әрі жерлесі, балалар әдебиетінің бағбаны Əлдихан Қалдыбаев «Қарауылбек – табиғаттың ғажайып жыршысы. Оның суреттеуінде біз туған Кербұлақ тауы, Жайсаң жотасы, Шу бойы бар реңкімен тұнып, жанып тұрады. Табиғат ананың адамдардың көңіл-күйімен астасып, суреттелетінін дəл Қарауылбектей жетік біліп, жеткізе жазу екінің бірінің қолынан келе бермейтіні анық. Бұл тұрғыда ол – һас шеберге ғана даритын қасиет иесі» деп жоғары бағалайды. Міне осындай жоғары бағалаулар жазушының қадір-қасиетін одар әрі арттыра түскендей.
Көзі қарақты оқырман оқи отырып, Шуды соншалық қалай суреттеген екен деген ойға қалуы мүмкін. Сондықтан Қарауылбек Қазиевтің туған жерге арнаған туындыларынан аз-кем үзінділер бергеніміз де артық болмас. Ол өзінің шығармаларында туған жерінің тау-тасын, саз топырағын, қыр-адырын, ой-шұңқырын, құз-жалын, өзен-суының жылға-жылғасын, жағаға ұрған толқынын, бәрін шеберлікпен суреттейді. Төрт мезгілінің табиғатқа тартар әдемі көрінісін де туындыларына арқау етеді. Қарымды қаламгердің “Жаз айының жайдары таңы тағы да əдемi атты. Жауынның көптiгiнен қоңырланып, биiктеп алған батсайы раң шашақтарын сiлкiнiп, ертеңгi арайға бет бұра бастады. Азанғы самалмен азды-кем бұйра толқын ойнатқан көк дала кейпiнде жұмсақ нұр бар” деп жаз мезгілін шебер суреттеуінен-ақ ешкімге ұқсамайтын, ерекше оралымы барын аңғарамыз. Көркем әдебиетіміздегі соны ойларды, ұмыт болып бара жатқан теңеулі тіркестерді шеберлікпен қолдана білуінің өзін тәңірдің тартуы демеске болмайды. Жаздың таңымен қатар түн баласы ауғанға дейінгі шақты да тасада қалдырмайды. Оған мына бір жолдар дәлел: «…Түн əбден кірді. Жұлдыздар пырдай жанып, қаумалап тұрғанымен, батыс жақта бүлкілдеп, от ойнатқан ойнамалы қалың бұлт бар. Тек тау ішіне ғана тəн жым-жырт тыныштық. Ауық-ауық иттер үреді. Түн көрпесін жамылып, жамырай шырылдаған шегіртке үндері бір сəт те басылған жоқ. Бақа шуылымен үйлесіп, үзілмей қатаймаған ұзын-сонар əуен бесігі тербелгендей».
Бұған қоса «Олар екеу, мен жалғыз…» əңгімесінде: «Шоқпар асуы» бір-біріне міңгескен бес-алты тау жотасынан тұрады. Əр қырқасына көтерілген сайын жақпар тас, жалаңаш құзданып биіктей бастайды. Сондықтан да бұл тұсқа келген қай поезд болмасын бұрынғысынша екпіндей алмайды…. Бұл ара осындай өр, шұғыл еңіс болуымен бірге табиғатының сұлулығымен де аты шыққан жер. Əртүрлі гүл атаулы ыстық жаздың ортасына дейін өңін бермей, қызылды-жасылды боп тұрып алады. Кез келген жыра-сайларынан атқылайтын мөлдір бұлақ, сулы бастаулары да мол» деп жазады.
Ал, «Қадиша» əңгімесінде: «Түнгі төңірек қап-қара тыныштық құшағына сүйеніп, аспандағы қалың жұлдыз қара жерге шыққан бəйшешекке ұқсап, жыпырлап тұрады. Лептей есіліп, қанатты вальс желпініп жатады. Жанарынан қуаныш оты ұшқындап, үлпілдек шашындағы ақ бантигі таң шолпанындай күмістеніп Қадиша жүреді…» дей келе, «…Жып-жылы жұмсақ түн. Алыстағы сансыз жұлдыздар жылусыз от бүркіп, шет-шетіне қырау жалатқандай жылтылдап, үнсіз, тынымсыз жымың қағады. Көше дабыры да саябыр тауып, момын тартқан. Тек тозбас сарылына мініп, менің ойым секілді астаң-кестең тулаған тау өзенінің дыбысы ғана бір сарынмен бұрқырап жатыр» деп тағы туған өлкені екпіндете әңгімелейді.
Мен бұл тіркестерді жайдан-жай беріп отырғаным жоқ, осы көркем ойлар Қарауылбек Қазиевтің шығармасының өн бойына сүңгуге оқырмандарды жетелесін деген ой. Неге десеңіз, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Шу өңірін жағалай орын тепкен ауылдарды жазуыма шабыт берген де Қарауылбек атамның шығармалары еді. Ең бірінші көңілге қонғаны «Иманжапырақ» әңгімесі болатын. Бір әңгіменің өзінен-ақ бірнеше ауылды жазуға шабыттандым. «Ат төбеліндей болса да туып-өскен ел қымбат, ұлтарақтай болса да ата қоныс, жер қымбат» деген нақылдың текке айтылмағандығын Қарауылбектей заңғар жазушының шығармаларына сусындағанда білесіз.
Ендігі ойым, Қарауылбек Қазиевтің туғанына 85 жыл толуына орай мектеп қабырғасындағы жас қаламгерлерді тартып, өскелең ұрпаққа өскен өңірін өлең-жырының өзегіне айналдыруға жол ашып, байқау ұйымдастыру. Бұл байқауда шабыты алға озған жалынды жастарды жігерлендіруге қолдау көрсетуге әзір азаматтарымыз да табылуда. Егер осы байқау лайықты деңгейде өткізіліп жатса, ауданның жомарт азаматы Сағадат Мадалиев шығармашыл жастарды қаржылай жүлдемен қанаттандыруға даяр екендігін алға тартты. Сондай-ақ, Қарауылбек Қазиевтің 85 жылдығына туған жердің әдебиетіне тарту ретінде бір жинақ кітап жасап шығарсақ, оған қолдау білдіретін азаматтар табылып жатса, нұр үстіне нұр болмақ.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.