Жастармен жұмыс жүйелі жүзеге асырылуда
Мемлекеттік саясаттың сан түрлі бағыттарының ішінде жастар саясаты да маңызды рөлге ие. Бұған Мемлекет басшысы да өзінің халыққа арнаған әр жылғы Жолдауларында баса мән беріп, нақты тапсырмаларды алға тартып келеді. Оған қоса, Қазақстан Республикасының мемлекеттік жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын да жастар арасындағы игі істердің қанат жаюына бірден-бір негіз болатын басты бағдарлама десек болады. Біздің ауданымызда да осы тұжырымдаманы іске асыру аясында бірқатар шаралар атқарылуда. Бұл тұрғыдағы маңызды міндеттерді лайықты жүзеге асырудан шалғайдағы Ақсу ауылдық округі де тыс қалған жоқ.
Статистикалық мәліметке сүйенсек, ауылдық округте жалпы халық саны 2654 болса, оның ішінде 14 пен 35 жас аралығындағы жастар саны 604-ті құрайды екен. Олардың арасында түрлі салада еңбек етіп жүрген белсенді жастар да бар. Ал, мемлекеттік қызмет бойынша ауылдық округте 3 жас маман жұмыс атқарады.
Жергілікті әкімдіктің назарындағы басты мәселелердің бірі – ауылдағы жастарды жұмыспен қамту. Мысалы, өткен жылы жастарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары аясындағы «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде аудандық «Мансап орталығы» арқылы 25 жас жұмыспен қамтылған. Оның ішінде 11 жас «Жастар практикасы» жобасымен еңбек тәжірибесін арттыруда. Қоғамдық жұмыспен 7 жас қамтылып, 6 азамат тұрақты жұмысқа, 1 жас уақытша жұмысқа орналасқан.
Жалпы Ақсу ауылдық округінен аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімге 62 жас әскери есеп бойынша тіркелген. Қазіргі уақытта 8 жас әскерде азаматтық борышын өтеуде.
Жастар арасындағы құқық бұзушылық мәселесі де бүгінгі таңда жалпы аудан көлеміндегі өзекті мәселеге айналғаны анық. Бұл орайда, ауыл жастары арасында құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған бірқатар тиісті іс-шаралар атқарылып, нәтижесінде өткен жылда қылмыстық іс тіркелмеген. Жастардың бос уақытын тиімді пайдалануына жергілікті билік те қолдау көрсетіп келеді. Оған жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған 14 спорт нысанының (4 кіші футбол, 2 волейбол және 1 футбол алаңы, 4 стрит воркаут алаңшасы мен 3 спорт зал) жұмыс жасап тұрғаны дәлел. Спорт нысандарына арнайы кесте бекітіліп, жастардың спортпен шұғылдануына жағдай жасалған.
Ақсу ауылдық округінде 2023 жылы жыл ішінде мемлекеттік жастар саясатын іске асыру шеңберінде белгіленген 11 бағыт (рухани адамгершілік, әскери патриоттық, спорттық, мәдени шығармашылық, құқықтық, діни, психологиялық-танымдық, жастарға кеңес, этносаралық келісім, экологиялық мәдениет, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу) және волонтерлық қозғалысты дамыту бойынша бекітілген 8 бағыт аясында 105 іс-шара ұйымдастырылып, оған 2224 адам қамтылған. Сонымен қатар, 185 жасқа қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар, жастар саясатының басым бағыттары бойынша кеңестер берілген.
Іске асырылған осындай жұмыстар жөнінде көпшілік хабардар болу үшін барлық атқарылған шаралар әлеуметтік желілерге де жарияланып келеді. Мысалы, округте 2023 жылдың 12 айында әлеуметтік желілерде 493 материал жарияланса, оның 258-і инстаграмм, 235-і фейсбук парақшаларына орналастырылған.
-Негізгі мақсат – жастар арасындағы жұмыссыздықты жою, олардың жұмыспен қамтылуына барынша тиімді ықпал ету, «Дипломмен ауылға», «Бастапқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты», «Жастар практикасы» сынды мемлекеттік бағдарламаларға қатыстыру болып табылады.
Ал, волонтерлық бағытта қарияларға көмек көрсетуге негізделген қамқорлық, қайырымдылық акциялары, «Біргеміз: Саулық» жобасы аясында медициналық қызметкерлермен бірлескен іс-шаралар, сондай-ақ, білім бағытында медиасауаттылықты арттыру бойынша жұмыстар жүйелі жүзеге асырылып тұрады,-дейді Ақсу ауылдық округінің жастармен жұмыс жөніндегі маманы Елдос Әбішов.
Бұл сөзге нақты істер айқын дәлел. Мысалы, өткен жылы қасиетті Рамазан айында қоғамды адамгершілікке үндеп, жас ұрпақты қайырымды іске тәрбиелеу мақсатында ауылдағы белсенді жастар ауыл қариясының үй шаруасына қолғабыс жасаған. Ал, қараша айында «Баласағұн» дәрігерлік амбулаториясының медбикелері Ақсу ауылында «Біргеміз: Саулық» жобасы аясында қариялардың қан қысымын өлшеп, қажетті медициналық кеңестер берді. Сондай-ақ, Ж.Баласағұни атындағы орта мектепте жастардың медиасауаттылығын арттыруға бағытталған семинар-тренинг өтті. Мұнда ментор Жалғас Қиябай «ӨзгерІС» оқыту бағдарламасы негізінде мектеп оқушыларына танымдық дәріс ұсынып, қатысушылармен кері байланыс орнатты.
12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай, Баласағұн тарихи қалашығында «Біргеміз: Асыл мұра» жобасы аясында тарихи-танымдық экскурсия өтті. Экскурсия барысында Ақсу ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі маманы Қараханидтер империясы тұсында ел астанасы болған нысанмен жастарды жан-жақты таныстырды. Ал, жастар қауымы халықаралық маңызға ие ескерткіштің деректеріне қанығып, тарихи танымын арттырды.
Округте жастардың бос уақытын тиімді әрі көңілді өткізуге негізделген, жастар талабына сай, креативті ойындар да жиі ұйымдастырылады. Солардың бірі – Оразалы батыр ауылдық клубында өткен, қазіргі таңда жастар арасында кеңінен танылған «Түнгі ауыл» интеллектуалды ойын кеші. Оған ауыл жастары белсенді атсалысып, жағымды орта орната білген. Ал, осы елді мекенде жастар арасында өткен «IQ-SHU» интеллектуалды-танымдық ойыны бес кезеңге созылып, ойынның әр кезеңі өзіндік ерекшеліктерді иеленіп, «Жаужүрек бес бала» командасы жеңімпаз атанған. Бұдан өзге екі команда да жоғары ойын өрнегін көрсетіп, екінші және үшінші орындарды еншілеген.
Сондай-ақ, осы ауылда қыздар арасындағы волейболдан тұңғыш рет «Жастар жалыны» атты ауданаралық турнир өтті. Бұл турнирдің бұған дейін ауылдық, аудандық деңгейде өткізілгендігін атап өткен жөн. Бұл жолғы ауданаралық жарысқа Т.Рысқұлов, Мойынқұм, Қордай және Шу ауданынан іріктелген 10 команда қатысып, бақ сынады. Тартысты ойын нәтижесінде «С.Естемесов» командасы жеңімпаз атанса, жергілікті К.Әзірбаев мектебінің волейболшылары екінші орынды еншіледі. Ал, «Т.Рысқұлов» құрамасы үшінші орыннан табылды. Жеңімпаз командаларға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Жоғарыда айтып өткен округтегі 14 спорт нысанның бірі – Ақсу ауылындағы кіші футбол алаңы тұрғындар игілігіне пайдалануға берілген тұста осы алаңда ауыл әкімшілігі және белсенді жастардың бастамасымен футболдан турнир ұйымдастырылған болатын. Оған он команда қатысып, өзара мықтыны анықтады. Ойынға округ жастарынан бөлек, «Ақсу» шекара бөлімшесінің сарбаздарынан құралған команда да арнайы келіп қатысады. Қызықты әрі тартысты өткен ойын нәтижесінде «Оразалы жастары» командасы бірінші орын иегері атанса, «Ақсу жастары» командасы екінші орынға табан тіреді. Ал, «Ақсу заставасы» командасына үшінші орын бұйырды. Сонымен қатар, «Үздік ойыншы», «Үздік қақпашы», «Үздік қорғаушы» номинациясымен марапатталған ойыншылар да болды. Ойын соңында үздік командалар мен арнайы номинацияға ие болған ойыншыларға дипломдар мен қаржылай сыйлықтың сертификаты табысталды.
Округте өткен жылдан бастап жастар арасында «AQSU CINEMA» кино көрсетілім кешін өткізу қолға алынған. Оған қоса «IQ AQSU» интеллектуалды ойыны, «Түнгі ауыл» ойын кеші, сазды бағдарламаға негізделген «Ақсу жалыны» акустикалық кеші, «Тарихтан тағлым» экскурсиясы ұйымдастырылып келеді. Ал, жастар арасында келісті әңгіме, кемелдікке ұмтылар орта қалыптастыру мақсатында қолға алынған шараның бірі – «Біздің кофе Time» кешкі вайб шарасы. Ауылдық клубта өткен бұл шара барысында жастарға «Суреттегі айырмашылықты тап» ойыны ойнатылып, түрлі логикалық сұрақтар қойылған. Аталмыш шараны көпшілікке тартымды ете түсу мақсатында қатысушылар тарапынан жаңа идеялар мен ұсыныстар да осы ортада айтылады. Яғни, жастардың қызығушылығын арттыру мақсатында еркін формат жолға қойылған. Жастар кофемен бой сергітіп, өзара рухани даму бағытындағы еркін әңгіме өрбітеді. Округтің жастармен жұмыс жөніндегі маманы Елдос Әбішовтің айтуынша, аталмыш шара өткен айда ғана бастама ретінде алғаш рет өткізілген. Алдағы уақытта аясын кеңейтіп, қатысушыларды көбірек тарта отырып, тың бастаманы жандандыру көзделіп отыр. Басты мақсат – білімді, білікті жастардың жастар ісін жандандыру бағытындағы ой-пікірлерін ескеріп, ұсыныстарын назарға алып, әрі қарай сол бағытта бірлескен әрі оң нәтижелі жұмыс жүргізу.
Тағы бір айта кететін жайт, соңғы жылдары қоғамда жастар арасындағы әскери-патриоттық тәрбиенің әлсіреп бара жатқандығы байқалады. Оған қоса, ғаламтор арқылы көпшілікке таралып жатқан әскердегі жағымсыз оқиғалар мен хабарлар да жастардың әскерге деген қызығушылығын арттыруға қандай да бір кері ықпалын тигізетіні анық. Сол себептен, округте әскери-патриоттық тәрбиенің аясын кеңейту мақсатында мектептегі алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімдерімен бірлесіп, «Ақсу» заставасының сарбаздарымен іс-шаралар өткізіп, оған ауыл жастарын көбірек тарту басты бағдарға айналған. Мысалы, өткен жылдың желтоқсан айында және ағымдағы жылдың қаңтар айында сарбаздардың қатысуымен екі іс-шара ұйымдастырылған. Соның бірі – мектеп оқушыларының «Ақсу» шекара бөлімшесі бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, лейтенант Алихан Ақылбековпен кездесуі. Кездесу барысында А.Ақылбеков оқушыларды әскери-патриоттық рухта тәрбиелеудің маңызын атап өтіп, олардың бірқатар сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ, шекара сарбаздары округте өтіп жатқан спорттық ойындарға да белсенді қатысып тұратын көрінеді. Келешекте жоғарыда айтып өткен мемлекеттік жастар саясатын іске асыру шеңберінде белгіленген 11 бағыттың ішіндегі әскери-патриоттық тәрбие бағытын одан әрі дамытып, өткізілетін іс-шараларды да өзгеше сипатта, яғни мазмұнды өткізудің жолдары қарастырылуда.
Аталған барлық игілікті іс-шаралар мен алдағы тың жоспарлардың бастамашысы әрі ұйымдастырушысы жастармен жұмыс жөніндегі маман екені белгілі. Сондықтан, атқарылған жұмыстарға қарап, жан-жақты жүйелі жұмыс жүргізіп отырған Ақсу ауылдық округінің жастармен жұмыс жөніндегі маманы Елдос Әбішовті өз ісіне жауапты, белсенді қызметкер деп айтуға болатындай. Оның сөзінен келешекте жұмысты жаңаша жандандыру мақсаты барын да аңғардық. Елдостың енжарлықтан алшақ, еңбекке жақын екендігін Ақсу ауылдық округінің әкімі А.Айтбаев та құптап, жас маманның ауыл тұрғындарымен қоян-қолтық қызмет ететіндігін, қолға алған әр бастамасы нәтижелі, табысты аяқталатынын жеткізді.
Ендеше, бүгінгі қоғамға да дәл осындай жастардың ауадай қажеттігі айдан анық. Бұл – уақыт талабы. Сондықтан, әр жастың тың бастамасына тек сәттілік серік болсын демекпіз.
Динара Батырхаирова.