Ақпараттық портал

Cу тасқынының алдын алу шаралары күшейтілді

Жуырда ғана еліміздің бірқатар өңірлерінде күннің күрт жылынуына байланысты су тасқыны орын алып, бірнеше облыста төтенше жағдай белгіленді. Тіпті, бүтіндей бір ауыл судың астында қалып, Мемлекет басшысының өзі бұл жағдайды тікелей өз бақылауына алды. Қазірдің өзінде су тасқынының салдарын жою жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Дәл осындай жағдай өткен жылдың басында өзіміздің ауданда, нақтырақ айтқанда Көкқайнар мен Жаңа жол ауылдарында орын алған еді. Күннің күрт жылынуының салдарынан қалың қар
кенет еріп, аталған ауылдағы бірнеше тұрғын үйдің ауласын су басып қалған болатын.

Өткен жылғы қателік қайталанбас үшін биыл аудан әкімдігі алдын ала қамданып, су тасқынының болмауын бақылауда ұстап отырды. Қалай десек те су тасқыны, еріген қар суы – болжап болмайтын табиғи құбылыс екені анық. Ол ауа температурасының күрт көтерілуі, қардың қарқынды еруі, нөсер жаңбыр, жел, өзен-көлдегі су деңгейінің көтерілуі сынды бірқатар факторлардың әсерінен де болады. Сол себептен де аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков күні кеше Тасөткел су қоймасы мен Көкқайнар, Ақсу және Тасөткел сынды су тасқыны орын алуы ықтимал ауылдық округтерді аралап, қазіргі ахуалды көзбен көріп қайтты.
Аудан басшысы ең әуелі Тасөткел су қоймасында болып, қазіргі кезде жиналған судың мөлшерін көріп, магистралды каналды кесіп өтетін көпірдің құрылысымен де танысты. Құрылыс жұмыстарына жауапты мердігермен тілдесіп, егіс науқаны басталғанға дейін жұмыстарды толық аяқтау қажеттігін тапсырды. Одан әрі Ақсу ауылдық округіне кіреберісте орналасқан көпірдің жағдайын да көзбен көрді. Ауыл әкіміне көпірдің су өткізу мүмкіндігін мейлінше пайдалану үшін оның маңайын және құбырдың ішін қоқыстан тазарту керектігін ескертті. Сонымен қатар, Тасөткел ауылдық округіндегі Қайыңды көлінің басына арнайы барып, ондағы тоспаның қазіргі жағдайымен танысты.
Жалпы, су тасқынының алдын алу мақсатында ауданда арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, кезекшілік кестесі әзірленген. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Тимур Кариевтің айтуынша, өңіріміздегі әрбір су қоймаларына бақылаушы қойылып, судың келу жиілігіне күнделікті мониторинг жүргізілуде. «Ағымдағы жылдың 8-9 ақпанында «Көктем-2024» командалық-штабтық оқу-жаттығу жиыны өткізіліп, көктемгі су тасқыны кезінде әрекет ету және алдын алу мәселелері жан-жақты пысықталған болатын. «Қазақмыс» корпорациясының демеушілігімен Көкқайнар ауылын су басу қаупінің алдын алу мақсатында ұзындығы 1,3 шақырым болатын траншея қазылып, жағалауы нығайтылып, 4 жерден су өтетін көпір салынды. Сондай-ақ, су тасқынының алдын алу мақсатында Көкқайнар, Ескі Шу, Жаңа жол және Балуан Шолақ ауылдық округтерінің маңындағы дамбылар көтерілді. Оған қоса, магистралды каналдар мен дренаждық арналарға тазарту жұмыстары жүргізілді» – дейді бөлім бастығы.
Тағы бір айта кетерлігі, шалғай ауылдардан бөлек, күн жылып, көктем шыға салысымен Шу қаласының ішкі көшелерін де жыл сайын су басып жататын. Бұл олқылықтың алдын алу үшін өткен жылы қаладағы Әбдікерімов, Ғ.Мұратбаев және Сәтпаев-Түйебеков көшелерінің бойынан арық қазылып, арнайы су ағарлар жасалды. Одан бөлек, су тасқынына тосқауыл қою үшін өңіріміздегі азаматтық қорғау қызметтері тарапынан 8 электрогенератор, 20 мотопомпа, 80 күрек, 80 зембіл, 3000 қап, 3500 текше метр құм және әртүрлі техникалар әзірленген. Тұтастай алғанда, аудан аумағында су тасу бойынша төтенше алдын алу жұмыстары жалғасуда және толықтай бақылауға алынған.

Ерғали Қартайған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.