Ақпараттық портал
Screenshot

Қырдағы жұмыс қарқын ала бастады

Көктем келіп, күн нұры жерге жылу сыйлаған сәттен диқандар үшін көктемгі егіс науқаны басталады. Бұл маусымдық жұмыстан Шу ауданының шаруалары да қалыс қалмақ емес. Қазірдің өзінде ауыл-аймақтағы дала төсінен еңбек дүбірінің дауысы естіліп, диқандар үшін қауырт науқан жүріп жатыр. Несібесін жерден жинайтын шаруалар қауымының бел жазбай еңбек ететіні де дәл осы кез.

Тиісінше, әрбір ауылдық округте жылдық жоспарды орындау жұмыстары да мықтап қолға алынуда. Осыған байланысты, қызу еңбек маусымына дайындық шараларының барысын көзбен көру мақсатында аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков, орынбасары Бақыт Бетпаев, бірқатар аудандық мәслихат депутаттары және «Тасөткел» су қоймасы ӨБ басшылығы аймақтағы бірқатар егістік алқаптарын аралап, шаруалармен тілдесті. Ескі Шу, Жаңа жол, Бірлікүстем, Балуан Шолақ, Д.Қонаев және Алға сынды ауылдық округтерде болған олар елді мекендердегі тәлімді жерлердің де егіс науқанына дайындығын көрді. Оған қоса, тәлімді жерге егілетін егінге су сорғылары арқылы заңсыз су алу мәселесінің алдын алу мақсатында диқандарға түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Дәлірек айтқанда, аудан басшысы шаруаларды тәлімдік жерге ағын суды қажет етпейтін дақылдарды егу немесе арнайы ұңғыма қазып, сол арқылы суару туралы ақпараттандырды.
Бұдан бөлек, «Тасөткел» су қоймасынан бөлінетін магистралды каналдың, егістік алқаптарға ағын су жеткізетін арық-атыздардың тазалығын көріп, тиісті тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді. Өз кезегінде аудан әкімі Бақытжан Оразалыұлы егістік жерлердегі тазалық жұмыстарына шаруалардың басым бөлігі немқұрайды қарайтынын атап өтті.
– Өкінішке орай, ауданымыздағы егістік жердің тазалығы мүлде сын көтермейді. Алқаптардың бірқатарын өткен жылдан қалған тамшылатын суару құрылғыларының қалдығы басып қалған. Бұл өз кезегінде жердің құнарлығына зиян келтіретіні сөзсіз. Осыған байланысты, әрбір диқан өзі егін еккен жерден табыс тауып қана қоймай, оның тазалығына да жауапты болуы тиіс, – деді аудан басшысы.
Диқандардың ендігі діттегені – егіс науқанында бел жазбай жұмыс істеп, жер-ананың ырысын ысырапсыз жинап алу ғана болып тұр. Әрине, мұның барлығы мейлінше мол тер төгуді, ұдайы қамқорлықты, зор қажырлылықты және толассыз тәжірибені талап ететіні сөзсіз. Сондықтан, бірден өнім бере қоймайтын жер төсіндегі бейнетті жұмысты шашау шығармай орындап отырған шулық шаруалар науқан соңына дейін әлі де аянбай еңбек ете бермек. Шулықтардың аршындап алға басып, егілген егістен мол өнім алуы – аудандағы дала жұмыстарының қалыпты ырғаққа түсіп, жылма-жыл егіс алқаптарының көлемін кәсіби тұрғыда біртіндеп өсіре білгендігінің жемісі болса керек. Агротехникалық талаптарды толық сақтаған озық шаруашылықтар ауа райының қолайсыздығына қарамастан тәуір көрсеткішке қол жеткізе алатыны айтпаса да белгілі. Бұл ретте науқандық жұмысқа жұмыла кіріскен шулық шаруалардың да аяқ алысы жаман емес.

Ерғали Қартайған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.