Бала тәрбиесінде ата-ананың рөлі маңызды
Cоңғы кезде мектеп оқушылары арасында бұзақылық әрекеттер белең алып бара жатқаны анық. Мұны әлеуметтік желілер арқылы естіп, біліп отырмыз. Әсіресе, әр мектеп оқушылары өзара кикілжіңге келіп, соңы мектепаралық төбелеске ұласуда. Соның бір дәлелі, жуырда қаладағы екі мектептің жоғары сынып оқушылары бірлесіп, өзге мектептің оқушыларымен текетіреске келгендігі. Мұнымен тоқталмай, бұл ерегес келесі күні «Синема парк» кешенінде жалғасқан. Алайда, сол маңдағы тұрғындардың дер кезінде тиісті органдарға хабарлауы нәтижесінде балалар көзден таса болған. Ал, ішкі істер бөлімі қызметкерлерінің қолына түскен кейбір оқушыларға хаттама толтырылып, ата-аналарына ескерту жасалып, кейбіріне заң аясында тиісті мөлшерде айыппұл салынған.
Бұл оқиғадан көптеген аудан тұрғындары хабардар деп білеміз. Соған қарамастан, мектеп инспекторларының мәлімдеуінше, әлі күнге дейін рұқсат етілмеген уақытта, яғни түнгі мезгілде заңды өкілсіз көшеде бей-берекет жүретін балалар қатары азаймай отырған көрінеді. Мейрамханада жұмыс жасайтын оқушылар саны да айтарлықтай. Мұны полиция қызметкерлері де, ата-аналар қауымы да жақсы біледі. Әсіресе, оқушылардың түнгі уақытта мейрамханада жұмыс жасауына ата-ана рұқсат бермесе, бала ол жерге өздігінен немесе үйінен қашып барып қызмет етпейтіні белгілі. Сол себептен, бұл тұста ата-аналардың да бала тәрбиесіне селқос қарайтындығы, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінбейтіндігі анық байқалады. Өйткені, бала мектепте тек сабақ уақытында ғана болады. Ал, басқа уақытта ата-анасымен бірге. Солай бола тұра, түнгі уақытта балалардың бұзақылыққа баруына мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары да жауапты жандардың қатарынан табылады.
Осыған орай, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттырып, оқушылар арасында болып жатқан келеңсіздіктердің жолын бөгеу, осы бағытта түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында бейсенбі күні Шу қаласындағы № 40 мектеп-лицейдің мәжіліс залында мектеп директоры Тұрсын Қадырұлының жетекшілігімен жиын өтіп, оған жоғары сынып оқушыларының ата-аналары шақырылған болатын. Өкінішке қарай, залға саусақпен санарлықтай ата-ана жиналды. Оның ішінде жиынға ата-ана ретінде қатысып отырған сол мектепте қызмет ететін ұстаздар барын ескерсек, қарапайым ата-аналардың саны мүлдем аз екендігін аңғарамыз. Айналып келгенде, мұнда бала тәрбиесін былай қойғанда, ата-ананың өзіндік жауапкершілігінің төмендігі тағы да қылаң береді.
Жиын барысында директордың құқықтық тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айдаров Данияр Тұрсынханұлы көпшілікке жиынның мақсатын түсіндірген соң, негізгі мәселелерге тоқталды. Оның алғашқысы жоғарыда айтып өткендей, балалар арасындағы бұзақылыққа қатысты. Мұнан кейін балалардың сабаққа жиі кешігіп келуі, соңғы сабақтардан бой тасалауы, түнгі сағат он екіден кейін сыныптастарын туған күнімен құттықтап барудың әдетке айналып бара жатқандығы, сыртында 18 жасқа толмағандарға ішуге болмайтындығы жазылып тұрса да оқушылар арасында «Дизи», «Горила» сусынын ішетіндер мен насыбай ататындар қатарының көбейгендігі, балалардың рұқсат етілмеген уақытта мейрамханаларда жұмыс жасауы сынды мәселелер күн тәртібіне қойылды. Директордың орынбасары көтерген тағы бір өзекті мәселе – Ораза айында балалар арасында үй ішіне тарауық намазына баратындығын ескертіп, сол уақытта әр үйдің ауласына кіріп, жарапазан айтып жүріп, ұрлық жасайтындары да жоқ емес көрінеді. Мұның барлығы, ең әуелі, ата-аналар қауымының бала тәрбиесін босаңсытып, бала алдында әлсіздік танытып отырғандығының айқын көрінісі болса керек. Сол себептен әр ата-ана өз баласының тәрбиесіне ұқыппен қарап, қоғам алдындағы жауапкершілікті де сезінуі маңызды болып отыр.
-Оқушылар сыныптастар арасында түнгі сағат он екіден кейін туған күнмен құттықтап баруды дәстүрге айналдырып алған. Бұған тосқауыл қою қажет. Әр ата-ана өз баласының мұндай уақытта көшеде жүрмеуін қадағалап, өз баласына түнгі уақытта ешкімнің келмеуін бұйырып, міндеттесе, бұл жағдай орын алмайтын еді. Сайып келгенде, бұл да ата-ананың жауапкершілігіндегі іс. Өйткені, біз балаға сабақ кезінде ғана жауап береміз. Ал, шын мәнінде түн ортасында әр баланы аңдып жүру біздің міндетімізге жатпайды. Алайда, кейде балалардың бұзықтығы салдарынан түнімен көшеде жүруге тура келеді. Ал, сол балалардың ата-анасы дәл сол мезгілде бейқам, түн ұйқысы тыныш, үйлерінде алаңсыз жатады. Бұған кейбір балаларды қолдарынан жетектеп, үйлеріне апарып, ата-анасына табыстаған кезде көз жеткізіп келеміз.
Балаларға түнгі сағат 22:00-ге дейін мейрамханада заңды өкілімен отыруға рұқсат, ал 23:00-ден кейін көшеде жүруге болмайды. Барлық ата-ананың мұны ескеруі маңызды. Қолға алатын табысы кереметтей болмаса да, 3-4 мың теңге үшін күндізгі сағат үштен түнгі он бірге дейін мейрамханада жұмыс жасайтын балалар бар. Сонда бұлар қай уақытта сабақ оқиды?
Сонымен қатар, соңғы сабақтардан кетіп қалып, үйлеріне бармайтын балалар да жоқ емес. Бұл сабақ уақыты болғандықтан, екі ортада тағы да мұғалім шырылдайды. Әрбір ересек адам ата-аналық міндетті орындамау – заңмен қаралатын мәселе екендігін ұмытпау керек,-дейді Данияр Тұрсынханұлы.
Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 127-бабында ата-ана жауапкершілігіне байланысты шаралар жазылған. Нақты айтқанда, білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау ұйымдары қызметкерлерінің құқық қорғау органдарына білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау ұйымдарында қылмыстық не әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар әрекеттерді (әрекетсіздікті) кәмелетке толмағандардың жасау немесе оларға қатысты жасалу фактілері туралы, сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау ұйымдарынан тыс жерде кәсіптік қызметіне байланысты өздеріне белгілі болған фактілер туралы хабарламауы, егер бұл іс-әрекеттерде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 434-бабында көзделген, қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса, жеке тұлғаларға – бес, лауазымды адамдарға – он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келетіндігі көрсетілген.
Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған дәл сол іс-әрекет жеке тұлғаларға – жиырма, лауазымды адамдарға – отыз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді.
Д.Айдаровтың айтуынша, ата-аналар арасында балаларының бұзақылығы үшін айыппұл төлеп отырғандар бар көрінеді. Бұл әрине, жақсы іс емес. Мұны дәрменсіздіктің көрінісі деп айтуға болады.
Жиын барысында директордың құқықтық тәрбие ісі жөніндегі орынбасарына ата-аналар тарапынан бірқатар сұрақтар қойылды. Оның ішінде балалардың бір-бірінен ақша бопсалауы, жоғары сынып оқушыларының төменгі сынып оқушыларына күш көрсетіп, жұмысқа салуы секілді жағдайлар кезіге ме деген сұрақтар да болды. Бұл әр ата-ананы алаңдататын сұрақ екені анық. Алайда, Данияр Тұрсынханұлы мұндай жайттардың анықталмағандығын мәлімдеді.
Жалпы, ата-аналар жиынында бүгінгі таңдағы өткір мәселелер көтеріліп, жиынға қатысушылар кейбір өздері бейхабар мағлұматтарға қанық болды. Алдағы уақытта директордың орынбасары тарапынан айтылған сын-ескертпелер ескеріліп, балалар арасындағы тәртіп пен тәрбие оңалады деп сенеміз.
Динара Батырхаирова.