Қош бол, дәулескер күйші Әбдімомын Желдібаев
Үстіміздегі жылдың 12 сәуірі күні Шу ауданының Құрметті азаматы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат», «Құрмет», «Достық» ордендерінің иегері, күйші-композитор Әбдімомын Желдібаев 88 жасқа қараған шағында өмірден озды.
Ә.Желдібаев 1937 жылы 5 кыркүйекте Жамбыл облысы, Шу ауданы, Көктөбе ауылында (бұрынғы Жамбыл ауылы) дүниеге келген. 1954 жылы Бiрлiк станциясындағы №41 мектептi бiтiрген.
1956-1958 жылдары əскер қатарында борышын өтеп, сержант шенін алған (Украина).
1959-1964 ж.ж. Жамбыл ағарту училищесін «Мәдени ағарту қызметкерi» мамандығы бойынша тәмамдаған. Сонымен қатар, Алматы қаласындағы консерваторияда бiлiм алған.
«Шу еркесі» халықтық ән-би ансамблiнiң негiзiн құрған, ансамбльдiң республикалық, облыстық фестивальдерiнде лауреат атағын алуда еңбегі сiңген, сонымен қатар ансамбль Ә.Желдібаевтың жетекшiлiгiмен қазақ-қырғыз телеарнасында өнер көрсеткен.
Әбдімомын Желдібаев қазақ руханиятына сiңiрген енбектерi үшiн:
1986 жылы СССР-дің Жоғары Совет Президиумының «Ерен еңбегі үшін» медалімен;
1991 жылы «Қазақстан Республикасына еңбегi сiңген қайраткері» атағымен;
2000 жылы «Құрмет» орденімен;
2008 жылы «Парасат» орденімен;
2017 жылы «Достық» орденімен марапатталды.
2018 жылы Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры атағын алды.
2019 жылы Қоғамдық марапаттар мен атақтар жөніндегі республикалық кеңес марапат алқасының 2018 жылғы 30 қарашадағы №184 бұйрығы бойынша «Ұлт қайраткері» төсбелгісімен марапатталды.
2020 жылы «Алтын глобус» халықаралық білім мен ғылым және мәдениетті дамытудың оқу-әдістемелік, ғылыми инновациялық академиясының №16 бұйрығымен «Алтын адам» төсбелгісімен марапатталды.
Бүгінгі таңда 70-тен аса шығармалары жарық көріп, республикалық «Құрманғазы» оркестрінің орындауында халыққа жетті. Дәулескер-күйшінің «Жетісу сазы», «Толғау», «Көкшолақ», «Сұңқар сезім», «Ерке сылқым», «Өмір өзен», «Әулие ата», «Бозжігіт», «Ыдырыс» атты күйлері, «Сұлутөр», «Қызыл гүлім – қызғалдағым», «Шырайлым», «Қызыл елiк», «Сырымды айтам» атты т.б. әндері халыққа кеңінен танымал.
Аңызға айналған, тарихта аты қалған қайталанбас тұлға Әбдімомын Желдібаевтың жарқын бейнесі жадымызда мәңгі сақталады.
Жәнібеков Б., Әбенов Ж., Сәрсенбеков С., Бетбаев Б., Сұлтанбаев Н.,
Абай Н., Өмірәлиев Е., Төлендиев Қ.
Президент те көңіл айтып жұбатты
(Көрнекті күйші-композитор
Әбдімомын Желдібаевтың рухына)
Бауырым-ай, нағашым-ай не дейін?!
Өксік тұрып, тұншыққандай көмейім.
Алла берген аманатын алыпты,
Көп жасадың, аз жасадың демейін.
Аға еді арқа тұтқан алдағы,
Кісілікпен үміттерді жалғады.
Дәрігерлер қалмаса да аянып,
Бір қасірет қыр соңынан қалмады.
Еңтіккеннен тарылса да тынысың,
Ортаймады ықыласың, ырысың.
Бұрындары тілге тиек етсе де,
Ақындардың айта берер жырысың.
Көпті көрдің, көпті түйдің ойыңа,
Шаң жуытпай жүретінсің бойыңа.
Көп оқыдың газет пенен кітапты,
Домбыраны ұстағанша қолыңа.
Сағынамын бірге жүрген күнімді,
Құлағымда қалып қойған үніңді.
Жүрегіме қатты батып барады-ау,
Енді қайтып көрмейтінім түріңді.
Тартылады күйлерің де әлі де,
Шырқалады қоңыр сазды әнің де.
“Ерке сылқым” төлқұжатың болса да,
Өміршең ғой туындыңның бәрі де.
Әдемілеп айта білдің әзілді,
Қалжыңың да қытықтайтын сезімді.
Соның бәрі ғайып болып бір сәтте,
Жоқтығың да бір-ақ күнде сезілді.
Ауыр қаза жақыныңды жылатты,
Шаңырақтың бәйтерегін құлатты.
Ақ ордадан жедел хатын жолдаған,
Президент те көңіл айтып жұбатты.
Ахметжан Қосақов,
ардагер журналист.
Қазақстанның еңбек сіңірген
қайраткері.
Танытқан Шуды әлемге!
Ойнаған күйі әр елде,
Танытқан Шуды әлемге.
Өнердің таныр серісін,
«Ерке сылқым» дегенде.
Жауһар күйдің жалыны,
Қайталанбас дарыны.
Алтын қорда сақталған,
Құндылығымыздың байлығы.
Желпіген желдей желкенің,
Ерекше тұлға текті едің.
Қабыл болды тілегің,
Өссін деген өркенің.
Көргенің аға көп сенің,
Аянбай тер төккенің.
Күйшілерің болған танымал,
Әбдімомын аға мектебің.
Шу болған соң мекенің,
Мерейін көкке көтердің.
Оркестрің асқақтап,
Елімнің аға көркі едің.
Сүйкімді әсем әнің де,
Айналған елдің сәніне.
Көрермендерің қызыққан,
Экраннан көріп бәрі де.
Шықтыңыз биік шыңына,
Арқалы ақын жырында.
Келешек жалғар күйіңді,
Жығылмас аға туың да.
Тұран елі дастаның,
Көкшолақпен қоштадың.
Осылай күйлер алға асқан,
Поэмаларың да жалғасқан.
Әсем әнімен таңғалтқан,
Жастарым әркез самғатқан.
Намысын Шудың көтерсең,
Ақының болдым қолдасқан.
Өнердегі нар тұлға,
Ақылшым болған қарт ұлға.
Жолдас болсын иманы,
Өмірден озды тау тұлға.
Базарбай Асқартегі,
ақын.
қош, әбдімомын көке!
Аз еді талантынан жан ұзаған,
Толқимын, көздің жасын ағыза алам.
Азайды тәрбиенің бір мектебі,
Өмірден өтті тағы аңыз адам!
Ал, қане, күңіреніп, өлке күрсін,
Ұзақтау аяқталды ертегім шын.
Бақилық болып, қайтты Раббысына,
Еліне еркелеген “Ерке сылқым”.
Көп еді Әбді атамыз тосқан дүбір,
Кең дала ақсақалын еске алды бір.
Тоқсан жыл соққан жүрек үнсіз қалды,
Тоқтады үнсіз ғана тоқсан ғұмыр.
Көрсеткен өнері мен ақ жүрегін,
Ондай дарын қашанда аз білемін.
Қайда барсақ айбыны боп тұратын,
Жамбылдың беделі еді Әбдімомын!
Жан еді Әбдімомын көкем бөлек,
Шыны сол, қажеті жоқ көтермелеп.
Күй тартқан қартты көрсек, іздейміз-ау,
Япыр-ай, Әбдімомын көкем бе деп.
Көкем деп аспан бүгін түнеруде,
Толғанып, құм болып тұр жігерім де.
“Ерке сылқым” қалады ел есінде,
Әбді атам әр қазақтың жүрегінде!
Есет ДОСАЛЫ,
ақын.