Төлем алдында түбіртек талап етуді ұмытпаңыз!
Қай өңірде болмасын, коммуналдық қызмет қашан да маңызды рөлге ие. «Су – тіршілік нәрі» демекші, әсіресе ауыз су мәселесі ешқашан өзектілігін жоғалтпайтыны анық. Біздің өңірде осы уақытқа дейін тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз етіп келген екі мекеме болғаны белгілі. Оның бірі – «Темір жол су – Шу» болса, екіншісі – «Ауыз су – Шу» мекемесі. Өткен жылдың 1 шілдесінен «Темір жол су – Шу» мекемесінің абоненттері мен су және кәріз желілері «Ауыз су – Шу» ШЖҚ КМК балансына берілді. Ал, 2005 жылы құрылған «Ауыз-су – Шу» ШЖҚ КМК осы уақытқа дейін халыққа қызмет көрсетіп келеді. Қазіргі уақытта «Теміржол су-Шу» мекемесінің «Ауыз су – Шу» ШЖҚ КМК балансындағы су желісі 432.598 шақырымды, кәріз желісі 23.28 шақырымды құрайды және 12 312 абонент бар. Бұл күндері «Темір жол су – Шу» мекемесі өз жұмысын тоқтатқандығын да назарға салғымыз келеді.
Өткен жылдың тамыз айынан «Ауыз су-Шу» мекемесіне Асқар Наурызбаев басшылық етіп келеді. Бүгінгі таңда мұнда 116 жұмысшы өз міндеттерін атқарып, тиісті еңбекақыларын алып, нәпақаларын тауып отыр. Олардың арасында 2019-2023 жылдардың аралығында желтоқсан және ақпан айларында мекеменің барлық бақылаушылары қаржы тапшылығына байланысты ақысыз демалысқа жіберіліп отырған. Ал, 2024 жылдың желтоқсан және ақпан айларында жоспар бойынша барлық бақылаушылар ақысыз демалысқа жіберілмеді. Бұл жұмыстың жүйелі жалғасып жатқандығын аңғартады.
Жалпы, «Ауыз су – Шу» мекемесінің тыныс-тіршілігі туралы мақала газетіміздің осы жылғы сандарының бірінде жарияланған болатын. Алайда, білікті басшы мен оны қолдаған еңбеккерлердің бірлескен істері нәтижесінде мекеме тынысы күн санап кеңейіп келеді. Мұны осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлардан да анық аңғаруға болады. Мысалы, қазіргі таңда мекеме жұмысының алға басуына септігін тигізетін бірқатар қажеттіліктерге қол жеткізу алдағы күннің еншісінде тұр. Атап айтар болсақ, кем дегенде 300 люк, жарық өшкен жағдайда су және кәріз желілерінің үздіксіз жұмыс істеуі үшін 21 генератор, 30 бактерицид, газель, ЗИЛ -130, ГАЗ-53, 5 дана ассенизатор, автокран, трактор тіркемесімен, аудан бойынша су және кәріз желілеріне қатысты электронды цифрлық жүйеде ақпарат алу мақсатында ГИС – ақпараттық жүйесі, барлық ұңғымаға көтерілген суды есепке алу мақсатында 30 есептеу (диаметрі 100) құрылғысы сынды өзге де қажеттіліктермен қамтамасыз ету көзделіп отыр.
Айта кететін жайт, 2023 жылдың 10 тамызына дейін бюджеттік және заңды тұлғалар абоненттерінің дебеторлық есебі бойынша ақпарат мүлдем болмаған. Бюджеттік және заңды тұлғалардың ай сайынғы су және кәріз бойынша есептік түбіртегі берілмеген. Осыған байланысты бюджеттік және заңды тұлғалар абоненттерімен жұмыс атқаратын жаңа «Абоненттік бөлім» ашылып, тиісті жұмыстар атқарылуда. Өткен жылдың тамыз айында әр абоненттің есептік түбіртегі бойынша төленетін соммасына фискалды чек беру үшін барлық бақылаушыларға кассалық аппараттар алынған. Бұл аппараттар Қазақстан Республикасының қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитетінде тіркелген.
Алайда, жалпы мекеменің аяқ алысы жаман емес болғанымен, осы тұста соңғы кездері тұрғындар үшін күпті мәселе туындап отыр. Нақты айтар болсақ, пайдаланған суға есеп айырысудың қолма-қол жүзеге асырылатындығы кейбір тұрғындар үшін түсініксіз жағдайлардың туындауына түрткі болуда. Өйткені, ақша жинайтын бақылаушылар есептегіш құрал бойынша төлемақы талап еткенімен, олардың тарапынан тұтынушыға түбіртек бірден берілмейді. Яғни, бақылаушылардың көпшілікке түсіндіруі бойынша бүгін ақшасын төлесе, келесі жолы келгенде түбіртек беріледі. Бұл бірнеше уақыт жалғасып келген еді. Осы уақыт аралығында түбіртектің берілгенінен берілмеген сәттері көбейіп отырды.
Уақыт ағымында ауыз суды пайдаланушылар арасында төлемақыға және түбіртектің берілмеуіне қатысты сұрақтар туындаған соң, мекеме басшылығына жолығып, мәселенің анық-қанығын сұрауға бел будық. Өйткені, өз басым әр ай сайын бақылаушыға төлемақы ұсынып келсем де, су ақысы өсіп отырғандығын байқадым. Оған қоса, төлемақы шектен тыс көбейіп отырды. Сол себептен, қолма-қол төлемақы жасаудан бас тартып, бақылаушы соңғы рет мәлімдеген қарыз соманы мекеме кассасына төлеуге бекіндім.
«Ауыз су-Шу» мекемесі басшылығымен мәселенің мән-жайын анықтай келе, су төлемақысы бойынша ешбір қарызым жоқтығына көз жеткізіп, алдағы уақытта түбіртек берілгенде ғана төлемақы жасауды ұйғардым. Мекеменің жауапты мамандары да жалпы аудан тұрғындарына түбіртек берілмей, төлемақы жасамау қажеттігін ескертуде. Өйткені, қазіргі уақытта әр бақылаушының қолына арнайы кассалық аппарат берілген. Олар суға төлемақыны алған кезде бірден түбіртек беруі тиіс. Ал, бұл аппараттың артықшылығы тұтынушы төлеген қаражат туралы мәлімет электронды түрде бірден базаға енгізіледі. Сол себептен, төлемақы жасарда түбіртекті талап етуді ұмытпаңыз. Бұл бірінші кезекте сізді дау-дамайдан арашалайтыны анық.
Динара Батырхаирова.