Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу
Елімізде болып жатқан су тасқынына байланысты, бұл жағдай кей өңірлерде жұқпалы аурулардың өршуіне алып келуі мүмкін. Сондықтан адамдар қарапайым қауіпсіздік ережелерін, жеке гигиена талаптарын, жеке қорғаныс шараларын, сондай-ақ, тазалықты сақтап, қандай да бір аурулардың белгілері болған кезде дереу дәрігерге жүгінсе, қоршаған ортаның да, қоғамның да денсаулығын сақтайды. Қоршаған орта, жұтатын ауа, ішетін су бәрімізге ортақ, сондықтан, әр адам өз денсаулығын өзі сақтау керек, әр адамның денсаулығы, ол өз отбасының, қоғамның денсаулығы. Сол себепті қандай ауру болмасын, сақ болайық ағайын!
Көктем-жаз айларында күн жылынған кезден бас-тап аса қатерлі індет – Конго-Қырым геморрагиялық қызбасын жұқтыру қаупі жоғарылайды.
Конго-Қырым қанды безгегі – жедел, қызбамен, жалпы уланумен, өлім-жітімнің болуымен сипатталатын, вирусты инфекция. Індет қоздырғыштары ауру адам немесе ауру тасымалдаушы, мал қанын сорған кене арқылы (яғни, трансмиссивті жолмен) және тұрмыста қарым-қатынас жағдайында жанасу (контакт) арқылы немесе ауру малды сойып, оны мүшелегенде, малды кенеден тазалағанда, мал қырқыны кезінде техника қауіпсіздігін сақтамау салдарынан жұқтырылуы мүмкін. Сондай-ақ, адам бұл ауруды сырқаттарды күту және оларға медициналық көмек көрсету немесе аталған вируспен зертханалық жағдайда жұмыс істеу барысында да жұқтырады. Ауру көзіне ауру адамдар және вирус жұқтырған жануарлар жатады.
Кеселге негізінен ауылшаруашылық жұмыстарымен айналысатын адамдар, көктем, жаз айларында табиғатта, тоғай арасында, көк шөптер арасында демалатын адамдар шалдығады. КҚҚБ ауру адамнан сау адамға жұғады. Негізгі тасымалдаушыларға кенелер жатады. Адамдар арасындағы індет жағдайлары көбіне көктем-жазғы уақыттарда (сәуір-тамыз) тіркеледі. Көбіне ауыл-шаруашылық саласында жұмыс жасайтын адамдар ауырады. Аурудың алғашқы сатысында қысқа уақыт ішінде температура көтеріліп (39-40 градус), қатты бас ауырып, тоңып-қалтырап, ұйқысы бұзылып, тәбеті нашарлап, жүрегі айнып, құсуы мүмкін, жүрек соғысы баяулап, артериялық қан қысымы төмендейді. Қан кету белгілерінің бастапқы кезеңі науқастың денесінде бөртпенің пайда болуымен, түрлі егулер жасаған жерде қатты ісік, көгеру пайда болуымен, мұрнынан қан кетумен сипатталады.
Аурудың өршу кезеңі 4-7 күнге созылады және бұл кезең ағзаның жалпы улануымен, ішкі ағзалардан қан кетуімен (асқазан, әйелдерде жатырдан қан кетуі) сипатталады.
Халық арасында КҚҚБ жұқтыру қаупін болдырмау және төмендету үшін негізгі күшті ауруды тасымалдаушы кенелерді жоюға бағыттау керек. Ауру үй жағдайында тіркелген болса, індеттің әрі қарай таралуына жол бермеу мақсатында, үйден қандай да бір заттарды шығаруға болмайды.
Науқас міндетті түрде арнаулы автокөлікпен жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылып, ауру ошағында тиісті мекемелермен қорытынды залалсыздандыру шаралары жүргізілуі тиіс. Науқастың диагнозын анықтауда оның кәсібіне, соңғы уақытта табиғатқа шыққан-шықпағандығына және кене шағу, жабысуы жайлары болу жағдайларына баса назар аудару қажет.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасын жұқтырып алмау үшін сақтық қағидаларын есте ұстаған жөн, яғни кенелердің шағуынан және кене қанының денеге шашырап тиіп, ластануынан сақтану қажет. Кенелерді ешқашан езіп өлтірмеу керек (өртеу керек). Сырқаттарды күту және оларға медициналық көмек көрсету кезінде қорғаныш киім кию (халат, маска, резеңке қолғап, көзілдірік), табиғатқа шыққанда абай болу, кене ошағы бар жерден аулақ жүру қажет, дененiң жалаңаш жерлерiн киiммен қымтау, малды күтуде сақтық шараларын ұстану маңызды. Кененi жалаңаш қолмен жұлуға болмайды, кене шаққанда дереу дәрiгерге көрiнген жөн. Егер денеге жабысқан кене анықталса, оны бірден жұлып алмай, кененің үстіне кез-келген сұйық май немесе керосин тамшысын тамызып, содан кейін ғана жайлап пинцетпен тартып алу қажет. Егер теріде кененің тұмсығы қалып қойса, оны алып тастап, орнына йод тұнбасын жаққан жөн. Алынған кенені тастай салмай, отқа жағып жіберу қажет.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасымен ауырып, қайғылы жағдайға ұшырамау үшін кене шаққан жағдайда дереу дәрігерге қаралу керек екендігін естен шығармаған жөн.
Сонымен қатар, санитариялық эпидемияға қарсы профилактикалық, кенелерге қарсы күрес шаралары жайында елді мекендерде тұрғындарға ескертіп, жануарлар мен малдың қора-жайларын күзде және ауру тіркелген кезде өңдеу, елді мекен айналасындағы аймақтан 200-300 метрдегі жерде кеміргіштердің індерін жою және бұталарды өңдеу жұмыстарын жүргізуді назарға салу қажет.
Айнагүл Кожанова,
Жамбыл бөлімшелік көліктегі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының
бас маманы.