Жемқорлық жарға жығады
Қазіргі таңда көкейкесті мәселенің бірі – сыбайлас жемқорлық. Ол кез келген өркениетті елдің экономикасын тұсаулап, дамуын тежейді. Сондай-ақ ұлт болашағына балта шауып, орасан зор шығынға ұшыратады. Мұны бейберекетсіздік орнаған мемлекеттердің бүгініне қарап бағамдаймыз.
Мұны жете түсінген ел билігінің өкілдері сыбайлас жемқорлықпен күреске ерекше ден қойып, қажетті шешімдерді қабылдап отыр. Оның жемісі қазірдің өзінде байқалуда. Десе де, жеті басты айдаһар сынды жемқорлыққа тойтарыс беру қоғамның да міндеті екенін ұмытпау қажет. Себебі күрес жүргізіп, ықтимал дүниелерге төзімсіздік танытпаса, оның зардабын келешек ұрпақ тартатыны айдан анық.
Тұтас ағза аурумен күрескендей әрбір адам, әрбір қызметкер мен ұжым сыбайлас жемқорлыққа қарсы семсер ұстағанда ғана нәтиже болады. Оны да дамыған елдердің моделіне қарап байқаймыз. Сондықтан бізге болмасақ та ұқсап бағып, бой түзеу қажет. Сонда жас ұрпақтың жадында өнегелі істерімізбен қалып, аңыздарына арқау боламыз.
Халыққа қызмет ұсынып, мемлекет мүддесіне жұмыс істейтін мекемелер ішінде біздің сала да бар. Сол себепті біз ұжым арасында ұдайы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырамыз әрі әріптестерге өздеріне жүктелген міндеттерге мұқияттылық танытып, сыбайлас жемқорлық фактілеріне жол бермеуге шақырамыз.
Орман және ондағы жануарлар, аң мен құстар, түрлі жәндіктер мемлекет байлығы. Оның сақшылары орманшылар! Заң бұзушылықтардың жолын кескен қорықшылардың жемқорлық сынды жат әдеттен аулақ болуы маңызды. Сонда ғана сағаттың механизмі секілді әрбір сала үндесіп жұмыс істейтін болады. Қоғамды күйретушімен бірге күрес жүргізейік.
Мақсат Қамбетов,
Қосқұдық ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау
жөніндегі мекеменің директоры.