Ақпараттық портал

Қызылорданың жылу беру маусымына дайындығы тексерілді

Алдағы жылыту маусымына дайындық аясында Премьер-Министр Олжас Бектенов Қызылорда облысында жаңа ЖЭО құрылысының барысымен танысты. Сондай-ақ алдағы уақытта шыны кластері құрылатын табақ шыны өндіретін инвестициялық жобаға барып, Мемлекет басшысының өңдеу өнеркәсібінің үлесін ұлғайту жөніндегі тапсырмасының орындалуын тексерді.

Өңір тұрғындарын 1964 жылы пайдалануға берілген ЖЭО жылумен қамтамасыз етіп отыр. Бүгінгі таңда жабдықтың тозуы 75 пайызды құрайды. Орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесіне 2 949 нысан, оның ішінде 808 көппәтерлі үй қосылған. Биыл осы объектілерді ыстық сумен қамтамасыз ету үшін Президент қойған міндетті іске асыру шеңберінде Үкімет резервінен 11 млрд теңге, қалалық қазандықтарды жөндеуге тағы 2 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар жылу желілерін жаңғыртуға республикалық бюджеттен 6 млрд теңге бағытталды. Қабылданып жатқан шаралар жылу трассаларының тозуын 42 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Премьер-Министрге жылу қуаты сағатына 277 Гкал болатын жаңа ЖЭО құрылысының қарқыны туралы баяндалды. Қазіргі уақытта жер қазу жұмыстары аяқталды, жабдықты орнатуға негіз қалануда – алаңға 600-ге жуық адам және 60 бірлік техника жұмылдырылды. Құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес жүріп жатыр. Нысанды 2025 жылы пайдалануға беру жоспарланған. Қазіргі таңда инвестор жобаны іске асыруға 70 млрд теңгеден астам инвестиция салды.
Олжас Бектенов ел экономикасының белсенді дамуына және өнеркәсіптік кәсіпорындардың іске қосылуына байланысты қосымша энергия қуаты қажет екенін атап өтті.

ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.