Ақпараттық портал

Жылыту маусымы: қауіп пен сақтық

Өткен аптада аудан әкімдігінің мәжіліс залында 2024-2025 жылдардағы күзгі-қысқы жылыту маусымына дайындық барысын саралау мақсатында облыстық штаб отырысы өтті. Қордай, Мойынқұм және Шу аудандарының, сондай-ақ облыс әкімдігіне қарасты басқарма басшыларының қатысуымен өткен жиынға облыс әкімінің орынбасары Қ.Мәдібек төрағалық етті. Басқосу барысында облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақов баяндама жасап, өңіріміздегі нысандардың жылыту маусымына дайындығын атап өтті.

– Облыстық штабтың жұмыс жоспарына сәйкес, жұмыс тобымен Қордай, Мойынқұм және Шу аудандары бойынша жылыту маусымының өту барысына зерделеу жүргізілді. Зерделеу барысында орталық және автономды қазандықтар мен әлеуметтік нысандардың жұмыс барысы, техникалық жай-күйлері, резервтік отын қорларымен қамтылу мәселелері, негізгі және қосалқы жабдықтарының жағдайы қаралды. Тексеру барысында көптеген кемшіліктер де анықталды. Жылыту маусымы басталғанға дейін аталған олқылықтарды жою қажет, – деді Ғалым Исабайұлы.
Бұдан кейін аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев сөз сөйлеп, жылыту маусымы бойынша бүгінгі күнге дейін ауданда екі штаб отырысы өткізілгенін жеткізді. Сонымен бірге, штаб отырысы кезінде 2024-2025 жылдардағы күзгі-қысқы жылыту маусымына дайындық жұмыстары пысықталып, анықталған кемшіліктерді қалпына келтіру бойынша хаттамалық тапсырмалар беріліп, тиісті жұмыстардың атқарылғанын баяндады.
Жалпы, ауданымыздың энергетикалық инфрақұрылымын сөз қылғанда, ең әуелі «Шу-Жылу» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны еске оралады. Жылу энергиясын өндіру, жөнелту және оны тасымалдаумен айналысатын кәсіпорын қаладағы жүздеген нысандар мен тұрғын үйлерге үздіксіз қызмет көрсетеді. Әсіресе, қалалық емхана, әлеуметтік нысан, жеке және көпқабатты үйлер, мемлекеттік және коммерциялық мекеме дейсіз бе, яғни бас-аяғы 350-ден аса маңызды нысанды қатал қыста жылумен қамтып отырған да осы қазандық. Қай қала болмасын, мейлі ол ауыл, елді мекен болса да, оның лайықты тыныс-тіршілігі үшін жылу тарату желілері инфрақұрылымының кідіріссіз жұмыс істеуі аса маңызды. Қазіргі күнделікті тұрмысымызды қыс айында жылусыз елестету мүмкін емес. Бұл әсіресе, қалалық жердегі көпқабатты үйлерге қатысты. Бір күн жылу болмай қалса, қала тыныс-тіршілігінің сәні кетеді. Міне, сондықтан Шу қаласының қысқы маусымда жылумен тұрақты және сапалы қамтамасыз етілуі жолында «Шу-Жылу» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнына жүктелер міндет үлкен, жауапкершілік зор. Сонымен бірге, бүгінде қаланы жылумен қамтамасыз етудің жаңа технологияларға негізделген озық үлгілері іс жүзіне асырылуда. Дәлірек айтқанда, қалада энергетикалық инфрақұрылымның қолданыстағы нысандары, яғни жылу беру орталығын жаңғырту жүйелі жүргізілген.
Қалай десек те былтырғы жылы сақылдаған сары аяз жұртшылықты біраз алаңдатқанымен, табиғаттың тосын мінезіне дайындық жұмыстары алдын-ала жасалғандықтан, жылуға қатысты күтпеген оқиғалар орын ала қойған жоқ. Биылғы жылы да олқылықтар орын алмас үшін қаладағы мөлтек аудандардың бірқатарында жылу құбырларын жаңарту жұмыстары жалғасуда. Ерте көктемде басталған бұл жұмыстар жылыту маусымы басталғанға дейін жалғаспақ.

Ерғали қартайған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.