Ақпараттық портал

Сегіз келін сынға түсті

Талайды қаһарымен тітіркендіріп, қарсы келген жауын ықтырған хас батыр Бауыржан Момышұлы бабамыздан “ жер бетінде ең батыр адам кім?” деп сұрағанда, ойланбастан “жер бетіндегі ең батыр адам, ол -қыз” деген екен. Оның мәнісін сұрағанда былай деп жауап қайырыпты: “Мен қанша батыр болсам да, бөтен, танымайтын елге бір сағат та тұрғым келмей қашамын. Ал, қыз болса, барған жерінде жалғыз өзі өмірінде көрмеген, танымайтын адамдармен тіл табысып, сол елді біріктіріп ел де қыла алады, сыйлата да алады, алыса да алады, қаймықпастан ұрпағын да көбейтіп, сол елді жеңіп, мәңгі билейді”. Шын мәнінде, бар қазаққа ана болған, бүтіндей бір руға сөзі өткен, әр басқан қадамынан тектіліктің табы ескен, қаумалаған жұртына үлгі-өнеге көрсете білген қазақтың келіндері аз болған ба?! Ұлттың сақталуы да, жер бетінен жойылып кетуі де келін деген статусты иеленер қыз балаларымызға байланысты екені бесенеден белгілі.

Біздің салт-дәстүр, жөн-жоралғымыздың барлығы ұрпақ өрбітер келіндерімізбен қабысып, байланысып жатады. Ұрпағымыз құрсаққа біткен күннен-ақ келіннің тал бойының тазалығына, ақыл-ойының өлшеміне мән беріп жатамыз. Бізге жатырынан қағынған ұрпақты емес, алтын құрсақтан жаралған ұрпақ өрбіту үшін қыздың тектілігі аса маңызды. Тәрбиені тал бесіктен тел емдіретін аналарымыз ұлттық құндылықтарды дәріптеп, халық ауыз әдебиетінің қайнарынан сусындатып, қазақы қалпымыздың биік болуына үлес қосады. Сондықтан да ана болар әрбір қызымыз ырым-тыйыммен өсіп, білім жолын қуып, ұрпақ тәрбиелеуге барын салуы бек қажет. Қазіргідей құбылмалы заманда ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпес үшін қыздарымыз ар-ұятын биік қойып, елдің үкілеген үмітін ақтап, саналы, салиқалы болуға ұмтылуы керек.
Осыған орай, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің “Жастар ресурстық орталығының” ұйымдастыруымен “Қазақтың келіндері-ай” атты келіндер байқауы өтті. Келісті де келбетті келіндеріміз 4 кезең бойынша, яғни “Тегін білу-тектілігі”, “Өнер сайысы”, “Сыр сандық”, “Үй тапсырмасы” аталымдары бойынша бақ сынады. Келіндер бәйгесіне Бірлік, Бірлікүстем, Өндіріс, Балуан Шолақ, Төле би, Жаңақоғам, Ескі Шу, Қорағаты ауылдық округтерінен 8 келін қатысып, бір-бірінен асып түсуге барын салды. Ең алдымен “Тегін білу-тектілігі” аталымында келіндеріміз шыққан жерін, келін болып түскен өңірін, отбасын таныстырып, келіндік міндетін саралап өтті. Тіпті “Болмасаң да ұқсап бақ” деп дана Абай айтпақшы, өмір жолында бірі анасына, енесіне, тарихта қалған дана келіндерге ұқсап-бағуға тырысатынын айтып, тәнті етті. Қазақ хандығының қазығы қағылған қасиетті өңірде отбасы деген шағын мемлекетін құрып, өмірге әкелген ұл-қыздарына ел тарихын дәріптеп, Төле бидей төбе биіміздің келіні Данагүлдің жолын жалғауды да парыз санайтын келіндеріміз жоқ емес. Оны таныстыру барысында аңғардық.
Ал, “Өнер сайысында” келіндеріміздің бірі мың бұрала билеп, енді бірі әуелете ән шырқаса, кейбірі актерлік шеберлігін көрсетіп, түрлі қойылымдар арқылы көрерменнің көзайымына айналды. Кезінде бесік жырын айтып “Он саусағы майысқан шебер болар ма екенсің” деген аналарымыздың ақ тілеуі қабыл болғаны шығар, тағы бір келіндеріміз қолөнерден кенде емес екен. Сол өнерін кәсіп көзіне айналдырып, үйінің ризық-несібесін арттырып отырған келіндерімізге қарап пай-пай дестік. Заманның ағымына сай, әлеуметтік желілерде кәсібін дөңгелетіп, қолынан шыққан дүниелеріне деген сұраныстарды қанағаттандырып отырғаны да мақтауға лайық. Мәселен, дастархан, сүлгі, майлық, сыпыра, алжапқыш, тойға қажетті тойшашулар, бонбоньерки сынды ел қажеттіліктерін жасап, нәпақасын тауып отқандарын жасырмады. Сол дүниелерін көз алдымызда көз ілеспес жылдамдықпен жасап, таңдай қақтырды.
Мұнан кейін “Сыр сандық” аталымында көгілдір экрандардағы ұяшықтарда жасырылған сұрақтарды келіндеріміз ретімен таңдап, салт-дәстүрлерімізді, жөн-жоралғыларымызды , ұлттық аспаптарымызды танытуға әрі дәріптеуге бағытталған сұрақтарға жауап беріп, лайықты бағасын алды. Сондай-ақ “Үй тапсырмасы” кезеңінде “Келіннің қолында оқтауы, сөзінде тоқтауы болуы тиіс” деп бар қазаққа бас болған Қонаев атамыз айтпақшы, бармағынан бал тамған келіндеріміз ас мәзірін ұсынып, өзінің ойынан шығарып келген астарын әділқазылардың назарына ұсынды. Жасаған тамақтарын таныстырып, әр астың мән-мағынасына үңілдірді. Асымыздан да қазақылықтың иісі аңқып тұруына жете мән берген келіндеріміз қазақтың ұлттық тағамдары мен сусындарын да даярлап алып келген екен. Ұмыт болып бара жатқан қарын бүрме, үлпершек секілді астарымызды да үйінен дайындап әкеліп, көпшіліктің назарын аударта білді.
Ибалылығымен қатар икемділігін танытқан келіндер байқауында әр аталым бойынша әділқазы мүшелері келіндерге бағаларын қойып, соңында кіл жүйріктен кім жүйрігі анықталды. Жүлделі І орынды Қорағаты ауылдық округінен қатысқан Айнель Әділ алса, ІІ орынды Өндіріс ауылдық округінен келген Мадина Наурыз иеленді. Ал ІІІ орынды Төле би ауылдық округінен келген Жібек Теңізбаева жеңіп алды. Ал қалған округтерден қатысқан қыздарға Алғыс хат пен сыйлықтар тапсырылды. Үш орынды иеленген келіндерге де бағалы сыйлықтар үлестірілді. Айта кетейік І орын иеленген қорағатылық келін облыстық келіндер байқауына жолдама алды.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.