Кенеден келер қауіп көп
Шу ауданы аумағында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы індетінің табиғи ошақтары орналасқан жеті елді мекен бар. Атап айтқанда, Шу қаласы, Қонаев, Балуан Шолақ, Алға, Бәйдібек, Мойынқұм, Төле би ауылдары. Аурудың тасымалдаушылары – иксод кенелері, ал аурудың берілу жолы – трансмиссивті (кенелердің шағуы кезінде), қарым-қатынас арқылы (қан арқылы, науқастың қан бөлінділері, құрамында вирусы бар материалдардың тері немесе шырышты қабаттарға түсуі арқылы және малды кенелерден қолмен тазалау немесе жүнін қырқу кезінде).
Аурудың алғашқы белгілері 2-7 тәуіліктен кейін байқалады, алғашында қатты бас ауруы, әлсіздік, бұлшық еттер мен сүйектерде болатын ауру сезімімен байқалады, кейін науқас ұйқысының бұзылуы, тәбетінің төмендеуі, жүрек айну, құсу, дене қызуының 39-40°C дейін көтерілуі, дененің қызу сезімі бірте-бірте тоңумен алмасып отырады, бет терісінің, мойын және кеуде қуысының жоғарғы бөлігінің гиперемиясы байқалады. Геморрагиялық синдром денеде бөртпелердің, кене шаққан жерлерде гематомалардың пайда болуымен және мұрыннан қан кету белгілерімен сипатталады.
Негізгі қорғану шараларына малдарды, малды қарайтын қораларды дер кезінде кенеге қарсы өңдеу, мал қиларын уақытылы шығару, тұрғылықты мекен жайын және есіктің алдындағы аумақты тазалау жатады. Кенелерге қарсы өңдеу жұмыстары ветеринарлық қызметтің көмегімен жүргізіледі, алайда оның тиімділігі сол елді мекеннің тұрғындарының белсенділігіне тікелей байланысты.
Сақтандыру шаралары
1.Мал тұратын қора-жайларды кенеге қарсы өңдеу, мал қиларын уақытылы шығару, тұрғылықты мекен жайын және есіктің алдындағы аумақты тазалау және жайластыру.
2.Табиғатқа, далаға және өрістерге шыққанда, дененің ашық жерлерін барынша жауып киіну керек (бет, мойын, қол, толарсақ), жабық аяқ киім кию қажет. Киім ашық түсті және бір түсті болғаны дұрыс, өйткені ондай киімдерде кенелер жақсы көрінеді.
Сонымен қатар, кене шаққан кезде оны алудың арнайы қауіпсіздік ережесін сақтау қажет. Кенені жалаң қолмен алуға тыйым салынады. Кене шаққан жағдайда, кенені пинцетпен немесе қатты жіппен қысып, ақырын ырғып алу қажет.
Кене шаққан жағдайда дереу медицина қызметкерлеріне жүгінген жөн. Әрбір кене шаққан тұлғаға 14 тәулік бойы медициналық қарау жүргізіледі.
М.Саулебаев,
Шу аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы
Э.Узакова,
бас маман.