Ақпараттық портал

«Қазақ тілінде құдірет бар»

Қазір не көп, темір көлік көп. Ескісі бар, жаңасы бар әркім өзінің жорғасына мініп жүрген уақыт. Дөңгелеген көліктің де шаршап, жұқаратын кезі болатыны бәрімізге аян.
Бірде Шу қаласы мен Төле би ауылы аралығын жалғайтын күрежолдың бойында орналасқан «Ошан Ата» көлік жөндеу шеберханасына қайырылуға тура келді. Өзін Илимдар деп таныстырған жігіттің сәлем беріп, қазақ тілінде еш мүдірмей сөйлегеніне бірден көңіл аудардық. Бір-екі сөз алмасуымыздан кейін-ақ, түрік жігітінің осы Төле би ауылының тұрғыны, Е.Бекмаханов атындағы орта мектебінің 2004 жылғы түлегі екенін білдік. Қазақ тілінде «сіз» деген сөзді көбірек қосып, сыпайы сөйлегеніне таңданысымызды байқаған Илимдар:
-Қазақ даласын мекендеген үш жүздің төбе биі болған Төле би бабамыздың ауылында дүниеге келгеніме, бастауыш сыныпқа барарымда әкем Хамит қолымнан жетектеп апарып, қазақ сыныбының партасына отырғызғанына ризамын. Әйтпесе, сіздермен емен-жарқын сөйлесе алар ма едім?! Бала кезімнен санамда қалған мына бір анекдот әлі есімде:
Бір қояннан крокодил «сенің құйрығың неге шошайып тұрады»–деп сұрапты. Сонда қоян: «көрші ешкілердің бәрінің құйрығы шошайып жүреді, мен қайда барамын»-деген екен. Сол секілді қазақта «сынықтан басқаның бәрі жұғады» демей ме?! Бала кезімнен қазақ балалармен бірге оқып, бірге жүрдім, жүре-жүре қазақыланып кеттік қой,-деп астарлы әзілімен әдемі сөйлеп, бәрімізді күлдірген азаматқа ризалығымызды жасыра алмадық.
Осы тұста қазақтың жүзге, руға бөлінетінін және Төле би бабамыздың кім болғанын қайдан біліп алған?-деген сұрақ туындады. Бұл жайлы кейіпкерімнің өзінен сұрап едім:
-Бір жылдары Түркиядан келген туыстарымыз күре жолдың бойындағы Төле би бабамыздың ескерткішін көріп, бабамыздың қандай тұлға болғанын сұрады. Мүдіріп, жарытымды нәрсе айта алмадым. Мектепте оқығандарым есіме түспей, қиналдым. Осы жағдайды өкіл әкем Бодан ағаға айтып едім, ол кісі осы Шу өңірінен шыққан жазушы Сәрсебай Қалиевтің Төле би Әлібекұлы туралы жазған кітабын қолыма ұстатты. Осы кітаптан бабамыз туралы мағлұмат оқып, даналық сөздерін жаттадым.
Содан қазір Төле би бабамыз туралы біраз нәрсені басқаларға тіпті, кейбір қазақ жігіттеріне де түсіндіріп жүрген жайым бар. Әкем «Тіл білгеннің еш айыбы жоқ. Қазақ-түрік түбі бір, туысқан халықпыз. Сен тілімді алсаң, қазақ қызға үйлен»-деп те ақылын айтып отыратын. Әкемнің айтқанын орындасам деп жүріп, Шымкент жақтың, яғни Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданының, өзін «қазақтың Қоңырат руының қызымын» деп таныстырған түрік қызына үйлендім. Түрік дегені болмаса, біздің қазақшамыз Шымкенттің қазақшасының қасында шоқырақ аттай боп қалды. Келін боп келгеннен бастап қазақтың салт-жоралғысының бәрін тұрмысымызға кіргізіп, тіптен нағыз қазақы ортаға айналдырып жіберді. Құдайға шүкір, сарыағаштық келіндеріңіз қазір төрт қыз, бір ұлды дүниеге әкелген, адуынды бәйбіше боп отыр,-деп әзіл сөздермен қиюластырып сөйлеген Илимдарға қызығушылығымыз артып, біраз сұрақтар да қойдық.
-Бірде көрші республикада тұратын туыстарымыз қонаққа келіп, үй-ішілік дастархан мәзіріндегі басты тағамымыз – бесбармақ, қуырдақты, оның үстіне қазақша сөйлесіп отырғанымызды көріп:
-Сендердің тіршіліктеріңнің бәрі қазақша боп кетіпті ғой-деп таңқалғандары бар. Әрине, шымкенттік келіндеріңіздің жауабы дайын болатын.
Бала кезімнен темір-терсекке үйір боп өстім. Көлік жөндеуді қызығушылықпен атқарамын. Әрине, қазір тегін рахметке ешкім жұмыс істемейді, істеген ісіңнің ақысын беретін заман,-деді ойын ашық айтып.
-Жаңа бір әзірде өкіл әкем деп қалдың, өкіл әкені қалай тауып жүрсің?
-Е, ағай, айттым ғой төркіні сарыағаштық келіндеріңіз келін боп түскеннен кейін, біз білетін қазақи әдеттеріміз түк болмай қалды. «Төркінім алыста, жат жұртқа келген соң осы жақтан жанашыр, қамқор болатын өкіл әке, өкіл шеше керек» -деп болмаған соң, бұрыннан сыйласып жүрген арғын руының сыйлы азаматы Бодан ағам мен сол үйдегі Рауза апамды қазақы дәстүрмен сайлап алдық.
Тіл туралы айтар болсам, шыным сол, қазақша сөйлеген сайын, сөйлегің кеп тұратын бір тылсым құдірет бар. Мүмкін қазақ тілінің құдіреті деген осы шығар. Қазақстанда тұратын әртүрлі ұлт өкілдерінің тілі – қазақ тілі болу керек деп білемін. Туған жерім, өскен ортам, туысқандық қарым-қатынасымыздың бәрі қазақша болса, төл тіліміз – қазақ тілін неге құрметтемеске. «Тілге деген құрмет, өзіңе көрсеткен құрмет екенін әрқашан жадыңда ұста»-деп айтқан әкемнің өсиетін есімнен шығарған емеспін. Оның үстіне төлқұжатымызда Қазақстан азаматы деген айшықты белгі тұр ғой,-деп шешіле сөйлеген Илимдардың ойына біз де қосылдық.
Осындай, бойында Қазақстан азаматымын деген мақтаныш сезімі бар Илимдар Хамитұлы Усмановтың төл тілімізде сөйлеп қана қоймай, өзгені де ойландыратын пікірлеріне ризалығымызды білдіре отырып, істеріне әрқашан сәттілік тіледік.

Несіпхан Қоңырбаев.

Leave A Reply

Your email address will not be published.