Ақпараттық портал

Жомарт жандар – қоғам тірегі

Әр жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында республика көлемінде «Мектепке жол» акциясы ұйымдастырылатыны баршаға мәлім. Аз қамтылған және көп балалы отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балалардың әлеуметтік жағдайға байланысты мектепке келе алмай қалуының алдын алу мақсатында ұйымдастырылатын бұл шараға жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалық иелері, түрлі мекеме ұжымдары, бір сөзбен айтқанда жергілікті жаны жомарт жандар барынша үлес қосып келеді. Олардың арасында балалардың мектепке дайындығын қамтамасыз ету ісіне қомақты мөлшерде тұрақты демеушілік жасап, әр жылда бірнеше балаға қолдау көрсетіп жүрген азаматтар да бар. Бұл бойынша аудандық білім бөлімінің жауапты мамандарына жолығып, нақты мәлімет алған болатынбыз.

Соңғы үш жылда балалардың жаңа оқу жылына сақадай сай болуы үшін белсенділік танытып, көпке қуаныш сыйлаған жерлестеріміздің қатарынан Серік Асатов, Сүйіндік Мусалиев, Елдос Шалқымбеков, Нұрман Садыров, Мереке Бабалиева, Абдрахман Амирмухамедұлы, Мади Басжанов, Асет Матышаев, Бернет Балтаева сынды жеке кәсіпкерлердің есімін атап айтуға болады. Мысалы, өткен жылы Төле би ауылындағы М. Мақатаев атындағы тірек орта мектебінің оқушыларына С.Асатов 100 000 теңге, С.Мусалиев 400 000 теңге, Е.Шалқымбеков 400 000 теңге көлемінде көмек көрсетсе, Домалақ ене атындағы орта мектеп оқушыларына Н.Садыров 100 000 теңге, Төле би атындағы орта мектепке М.Бабалиева 350 000 теңге, М.Әуезов атындағы орта мектепке А.Амирмұхаммедұлы 150 000 теңге, М.Басжанов 100 000 теңге, Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепке А.Матышаев 210 000 теңге, А.Байтұрсынов атындағы мектеп-гимназиясына «Сауда-сервис» ЖШС-нің жеке кәсіпкері Б.Балтаева 450 000 теңгеге демеушілік жасап, үлкен көмек көрсеткен.
Сонымен қатар, қамқорлық танытудан қалыс қалмай, аз қамтылған, көп балалы отбасыларға қолдау жасап жүрген ұйымдар да жоқ емес. Олардың қатарынан өткен жылы М.Мақатаев атындағы тірек орта мектебіне 150 000 теңге көлемінде демеушілік жасаған «Микрокредит орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін, (директоры Серік Нұрманов), Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектепке 600 000 теңге көлемінде қолдау жасаған «Аспан» жеке кәсіпкерлігін (Ануар Карибаев), Жамбыл атындағы орта мектепке 245000 теңге көлемінде қол ұшын берген «АрсикоСтройИнвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін (директоры Дәурен Тоқтаров), Д.Қонаев атындағы орта мектеп оқушыларына 187 000 теңге көлемінде жәрдемдескен «RG ROYAL Т RANS» компаниясын, 2022 жылы Ж.Баласағұн атындағы орта мектепке 400 000 теңгеге көмек көрсеткен «Қарекет» қорын (Мейіршат Канаева) атап айтуға болады.
Біз сөз етіп отырған бұл азаматтар ірі мөлшерде демеушілік жасап жүрген жандар. Бұл азаматтардың кәсібі алдағы уақытта да нәсіпті болып, істері сәттілікпен жалғаса берсін демекпіз. Бұдан бөлек, әр жыл сайын қалыптасқан дәстүр бойынша шағын кәсіпкерлікпен айналысып отырған жеке кәсіпкерлер, түрлі мекемелердің ұжымдары да қайырымдылық шарасынан қалыс қалмауға тырысады. Оларға ата-аналар қауымы да разы деп білеміз.
Осы тұста айта кететін бір жайт, көп жағдайда демеуші тараптан ұсынылатын көмек қаражат көмекті алушы отбасы иелеріне қолма-қол берілмейді. Өйткені, ол басқа мақсатқа жұмсалып кетуі мүмкін. Сол себептен, демеуші тараптың қандай да бір өкілі баланы сауда орталығына ертіп барып, өзі қалаған киім-кешек пен оқу құралдарын алып береді.
Дәл осындай жолмен осыдан бірнеше жыл бұрын «Шу аудандық баспасы» ЖШС ұжымының атынан ұсынылған қаражатқа аз қамтылған отбасы балаларын киім-кешекпен қамтамасыз ету мақсатында орталық базарға келдік. Сауда орталығын аралап жүріп, көмек алушы отбасы балалары арасында «анау ұнамайды, мынау ұнамайды» деп уақыт созып, үлкендер ұсынған жарасымды киімге келісе қоймай, қиғылық салатын балалардың да барын аңғардық. Дегенмен, еркеліктеріне шыдап-бағып, барынша қалауын орындауға тырыстық.
Баланың аты – бала. Десек те, отбасында ата-аналары өз балаларына үлкендердің сөзіне құлақ асып, барды ұқсатуды, әдептен озбауды, асыра сілтемеуді санасына сіңірсе, бұл да қоғам тәрбиесінің бір бөлігі болып, өзара келіспеушілікке жол берілмес еді. Алдағы уақытта да ата-аналар қауымы бала тәрбиесінде осы мәселеге баса мән береді деп сенеміз.
Динара БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.