Көкшолақты сәйгүлік еткен серісіз…
Өмір және өнер. Осы екі ұғымның арасында көзге көрінбес тартылыс, жүрек сезінер байланыс бар, былайша айтқанда егіз ұғым десе де болғандай. Адам бойына талантты тәңірі дарытады. Дейтұрғанмен де, өмірі шыңдаған, өмірі сын-қатерлермен бетпе-бет келген адам ғана өнерде щедеврлар тудыра алатындай. «Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім» деп ақын өлеңінде жырланғандай, өмір сүрлеуінде сыналған, әсіресе бала шағында өмірдің кермек дәмін сезініп, бұғанасы бекімей жатып-ақ талай қиындықтармен бетпе-бет келген адамдардың туындылары жүректерге жетеді. Шындығында, әр туынды шынайы өмірден алынады, тек ақын-жазушы оған өзінше реңк, бояу қосу арқылы ғана әсерлі етеді.
Ал, өмірде тағдырдың талайынан өтіп, тарихи туындыға айналып, ғасырдан ғасырға ұласатын шығарманы заман ағымына сай қайта өмірге әкелу де шеберлік. Көкшолақ әнімен қазақтың кең байтақ даласына танылған Кененнің өмірі тақтайдай тегіс болмағанын көзі қарақты ел жақсы біледі. Жүдеу өмір сүрсе де, жадау атқа мінсе де тағдырына налып, әділетсіздікті көре тұра кейімеген Кененнің сын шақтарда шығарған әндері елдің жүрегінен орын алды. Байға жалданып, қозы бағып жүргенде туған «Бозторғай» әні сол замандағы қозы бағатын шынашақтай балалардың әнұранына айналды. Бертін келе жігіт болып, желік қуған шағында туған Көкшолақ әнін білмейтін қазақ кемде-кем шығар?!
Әңгіменің ауаны қай жаққа бұрылайын деп тұрғанын сезген боларсыздар. Көп жігіттер танауын көкке көтере, делебесі қозып, қолына домбыра алып, шырқаған сәттен-ақ екінші тынысы ашылғандай күй кештіретін «Көкшолақ» әнінің араға бірнеше уақыт салып басқа бір өнер адамының шабытынан «Көкшолақ» күйі болып туғанын баяндайын.
2024 жылдың қаңтар айы болатын. Жыл төрімізге жайғасқаннан кейін атаулы жылдар тізбегін қарайтыным бар еді. Сол елеулі даталардың қатарында Кенен Әзірбаевтың туғанына 140 жыл толғанын көзім шалды. «Ерке сылқым» күйімен ен даласына ғана емес, ел-елге танылған Әбдімомын Желдібаевтың қоржынында «Көкшолақ» күйі бар екендігін білуші едік. Бірақ тап сол «Көкшолақ» күйінің шығу тарихына бойламаппыз. Кенен турасында аз-кем толғамаққа қолыма қалам алған сәттен-ақ «Көкшолақ» әні санамда сайрай берді. Бәлкім, Кенен атамыздың «Көкшолақ» әні мен Әбдімомын атамыздың «Көкшолақ» күйінің бір байланысы бар-ау деп топшыладым. Сол ой алдамапты…
Қыстың суық бір күнінде Әбдімомын атама қоңырау шалдым. Ол кісі телефонды көтерген сәтте тамағын қырнап, бір жөткірініп алды да, аз-кем үнсіздіктен кейін «Әлөу» деп даусын жуандата түсті.
-Әбдімомын ата, қалыңыз қалай?-дедім мен.
-Кімсің?-деп дүрсе қоя берді ол кісі…
Бұрындары менің даусымды естігенде бірден танып «Айғаным сұлу!» деп саңқ етуші еді. Бұл жолы дегбірі қашып, мазасызданып, ешкімді жақтырмай тұрғанын бірден байқадым.
-Әбдімомын ата, сізбен жолығып, бір-екі сұрағымды қойсам деп едім,-дедім.
-Көреміз,-деді де телефонды қоя салды.
Мен Әбдімомын атаның бұл әрекетіне еш қапаланған да жоқпын. Өйткені нағыз өнер адамының мінезі құбылып тұратынын, тар шеңберге сыймайтынын білемін.
Арада сүт пісірімдей уақыт өтер-өтпестен өзі қайта қоңырау шалып:
«Келсең, кел!,-деді. Мен «Қашан барайын?» деп қайта қайырылдым.
-Түстен кейін,-деді ол кісі.
Межеленген уақыт жеткенде сәлем-сауқатымды алып Әбдімомын атамның үйіне келдім. Табалдырықтан имене басып кіргенде алдымыздан шығып «Е, келдің бе?» деп ас бөлмеге қарай бет алып, артымнан жүр дегендей аяңдай басты. Бойында тектілік қалпы бар, жөн білетін Әбдімомын атамыз дастарханнан дәм татуға шақырды.
-Үйдегі апаларың ағайынның тойының қамымен жүр. Бар дәмнен ауыз тиіңдер,-деп көрегендігін танытты. Мұнан кейін жайлы диванға жайғасып, келген жайымызды баян еттік. Ол «Көкшолақ» күйінің тарихын әріден қаузады.
-Шығармашылық адамы бір туындыны дүниеге әкелу үшін соған бірдеңе түрткі болады, ол ешқашан жайдан-жай туа салмайды. Кей сәттерде ойды ой қозғайды дегендей. Кенен Әзірбаевтың 90 жылдығы қарсаңында Жамбыл облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Ғайникен Бибатырова мені өзіне шақырды.
-Әбеке, биыл Әулиеата өңірінің тумасы Кенен атамыздың 90 жылдығы тойланғалы жатыр. Біз соған дайындық үстіндеміз. Кенен туралы бір күй шығарсаңыз,-деді. Мен еш ойланбастан:
-Аз ғана уақыт қалды. Мен күй шығарамын деп уәде ете алмаймын. Әйтсе де Әнуарбек Жүнісәлінің сөзіне жазылған «Алатаудың ақиығы» деген ән жазып, нотаға түсіріп қойдым. Сол әнмен Кенен атамызды қарсы алайық,-дедім мен.
-Жоқ, Әбеке сіз қазақ халқына күйшілігіңізбен танылған адамсыз. Сіз қалай болғанда да күй жазыңыз. Бұл менің тапсырмам,-деді.
-Тырысып көрейін,-деп едім:
-Сіздің қолыңыздан келеді,-деді де шорт кесті. Содан ойға қалдық…
Сол тұста телеарна, радио, газет-журнал барлығы Кенен туралы танымдық материалдарды үсті-үстіне беріп жатқан болатын. Бір күні кешкісін үйге жұмыстан келсем, телеарнадан Кенен Әзірбаев туралы сюжет беріліп жатыр екен. Жайғасып отыра қалғаным сол еді Кенекең «Көкшолақ» әнін шабыттана шырқап жатыр екен. Бірденкөктен іздегенім жерден табылып, төбем көкке бір елі жетердей қуандым. Міне, осы күйіме арқау болады дедім мен.
«Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» демекші, Кененнің әкесі мен анасы да өнерден құр алақан емес еді. Әкесі Әзірбай домбыраның құлағында ойнаса, анасы Ұлдан көпті тәнті еткен жезтаңдай әнші болған. Ертелі-кеш анасының әуезді әні мен әкесінің күмбірлеген күйіне құлақ құрышы қанып өскен Кенен де өнерге жақын болып өседі. Бірақ бұл қуаныш көпке ұзамай, Кенен 7 жасында анасынан айырылады. Тағдыр тауқыметін тартқан Әзірбай күнкөріс қамымен жеті жасар Кененді Әбденбай деген бауырының үйіне алып келеді. Бірақ бауырының шайпау мінезді әйелі Кененге тіл тигізіп «бұл жүгермек анасын жұтқан неме, қарасы жұғар, тұрғызбаймын үйіме» деп ауыр сөз айтады. Ауыр сөз жанын тілгілеген Әзірбай «өлмеспіз» деп баласын өзімен ілестіріп алып кетеді. Өзі байдың малын бағып, 8-9 жасқа келгенде Кенен қозы қайырып жүріп күнелтеді. Содан еңбекпен тапқан азды-көпті майда тұяғын сатып, сол ауылдағы ағайындас туысының қотырдан жаңадан жазылған, жал-құйрығы түскен, сиқы кеткен атын сатып алып береді. Кенен 10 жасқа келіп мінген алғашқы Көкшолақ атын 14-15 жасқа дейін үстінен түспей мінеді. Сол жылы Кененнің ауылымен қатар жатқан көрші елдің Бибол деген байы бес болыс ел шақырып, үлкен той жасайды. Қой соңында жүрген Кенен сән-салтанат құрып, тойға кетіп бара жатқан бір топ қыз-келіншек, жігіттерді көріп, делебесі қозады. Қайткенде де осы тойға оның да барғысы келеді. Сөйтіп, бағып жүрген қойын досы Аянбайға тастап, Көкшолағымен тепең қағып, әлгі топты қуып жетеді. Келген бетте қыз-келіншектерге тиісіп, өлең айта кетеді. Қыздардың ішінен Шәлипа деген байдың қызы жауап қайырып, екеуі айтыса жөнеледі. Шәлипа басына шоқпыт бөрік киген, жыртық тонды қойшыны мазақ етеді:
«Әкең байғұс ұстап жүр қазан-аяқ,
Қойыңды жөндеп баққын сандалмай-ақ»-дейді. Кенен қыздың бұл сөзіне арсынбайды, қайта өршелене түседі. Кенен Шәлипамен айтысқанда өлеңді «Көкшолақ» әнімен айтады. Шәлипа мінген жорғаға ілесе алмай қала берген Көкшолағына ыза болған Кенен әнінің аяғын:
Жылдам жүрші, Көкшолақ,
Шапшаң жүрші, Көкшолақ,
Олай жүрші, Көкшолақ,
Былай жүрші, Көкшолақ,
Діңкең құрғыр, Көкшолақ… деп келтіреді. Міне, содан барып Кененнің діңкесін құртқан Көкшолақты күй арқылы Көкшолақ атына жабу жауып, сәйгүлік қылып қайтарайын деген ойға келдім. Менің күй-поэмамда Көкшолақ сәйгүліктей суытылған, шашасына шаң жұқпайтын нағыз жүйріктің өзіндей суреттеледі,-деп Әбдімомын атам әңгімесін түйіндеді.
Менің танымыма салса, Кененге Көкшолағын сәйгүлік етіп сыйға тартқан, тарихта өлмес туынды қалдырған Әбдімомын атамыз көңілі түскен адамға үйір-үйір жылқыны айдап, қорасына кіргізіп берген жомарт баймен теңдей. Әне бір жылдары Әбдімомын Желдібаевтың 80 жас торқалы тойында тіл жанашыры Оразкүл Асанғазықызы «Екі Кенен тумайды, Алатауға ексең де, Екі Әбдімомын тумайды, Шу өңіріне ексең де» деп тебірене айтқан еді. Күні кеше ғана жасындай жарқылдап жүрген Әбдімомын атамыз бүгін арамызда жоқ. Мен соңғы рет кездескен сәтімді баяндап отырмын. Сонда Әбдімомын атам демікпем қозып жүр деген еді. Асқынған ауру алқымнан алды. Қазақ елінің маңдайына біткен тау тұлғаның есімі ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, өлмес, өшпес туындылары қазақ көгінде қалықтай берсін!
Айғаным Асқарбек.