Бала жүрегінен орын алған жан
Ел өмірінің сан түрлі саласының ішінде білім саласы маңызды рөлге ие. Өйткені, барлық ілімнің атасы осы білім саласынан басталады. Ал, оның ішінде мектепке дейінгі тәрбиенің де алатын орны ерекше. Бүгінгі таңда ауданымызда мемлекетік және мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында ашылған бірнеше мектепке дейінгі мекеме қызмет етіп келеді. Ал, ондағы ұстаздар қауымы әр үйдің еркесінің тілін тауып, балғындардың саналы қоғамға лайықты азамат болып өсуіне бар күш-жігерін салуда. Осындай ортада тер төгіп жүрген жандардың бірі – «Әсем» бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі Абдықалықова Гүлзат Тілеужанқызы.
1964 жылы ауданымыздың Белбасар ауылында дүниеге келген Г.Абдықалықова Ш.Уәлиханов атындағы мектептен орта білімді тәмамдайды. Мұнан кейін сол кездегі Шу қаласындағы №18 орта кәсіптік-техникалық училищенің күндізгі бөлімін үздік белгімен бітіреді. Балабақша тәрбиешісі мамандығын меңгеріп шыққан жас маман осы саладағы алғашқы еңбек жолын 1991 жылы бастаған екен. Қызмет еткен жылдарында Халықаралық білім беруді дамыту академиясынан «Мектепке дейінгі ұйымдарда 2019-2020 оқу жылында білім беру процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері» атты біліктілікті арттыру курсынан өтіп, білімін шыңдайды. Екінші санатты ұстаздың педагог-модератор санаты тағы бар.
Тәрбиешілік міндетті мінсіз атқаруға ден қойған жанның жалпы еңбек өтілі бүгінгі таңда 41 жыл болса, оның ішінде педагогикалық еңбек өтілі 33 жылды құрайды. Ал, «Әсем» бөбекжай-бақшасында 30 жылдан бері табысты еңбек етіп келеді.
Байқағанымыздай, алпыстың асуынан асқан кейіпкерімізді осы жылы зейнет демалысы күтіп тұр. Өзінің еңбек еткен жылдарында бүлдіршіндерге сапалы білім, саналы тәрбие дарыта жүріп, өз тобынан түлеп ұшқан бірқатар балалардың шығармашылық қабілетін шыңдады. Оған бүлдіршіндердің республикалық байқауларда қол жеткізген жетістіктері айқын дәлел. Мысалы, 2019 жылы Айзере Есмахан, Адалина Асылхан, Алдияр Ербол есімді шәкірттері «Үркер» зияткерлік марафонына қатысып, дипломмен марапатталса, 2020 жылы республикалық сурет байқауынан Ербол Алдияр ІІ-дәрежелі дипломмен, Аяна Асқар ІІ-дәрежелі диплом және сертификатпен, Кәрібай Бекболат І-дәрежелі диплом және сертификатпен, Айсу Аристеева ІІ дәрежелі дипломмен марапатталған.
Сонымен қатар, шығармашыл ұстаздың өзі де түрлі сайыстардың қатысушысы бола жүріп, мұнда да алдыңғы саптардан бой көрсетті. Мысалы, 2020 жылы «Зият» ғылыми-әдістемелік орталығы ұйымдастырып, қашықтықтан өткізілген «Ашық сабақ панорамасы» атты ІХ-республикалық мұғалімдер сайысында екінші орынға ие болса, осы жылы тағы да аталмыш орталық ұйымдастырған «Үздік шеберлік сабақ» атты республикалық оқытушылар сайысында бірінші орынды иеленіп, дипломдармен марапатталды. Ал, 2021 жылы «Ұстаз тілегі» ғылыми-әдістемелік орталығы ұйымдастырған тәрбиешілер арасындағы «Үздік тәрбиеші» олимпиадасының жеңімпазы деп танылып, орталықтың ІІІ-дәрежелі дипломын иеленді. Дипломдар тізбегі мұнымен шектелмейді. Кейіпкеріміздің бұлардан өзге сан түрлі жетістіктің жемісін көрсететін марапаттары жетіп артылады.
Сондай-ақ, талай жылғы қызмет жолында тындырымды тірлігімен танылған Гүлзат Тілеужанқызының өзіндік еңбегі басшылық назарынан да тыс қалған жоқ. Өткен жылы Халықаралық әйелдер күніне орай, жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі еңбегі мен қол жеткізген жетістіктері және білім саласының дамуына қосқан зор үлесі үшін аудандық білім бөлімінің Құрмет грамотасына ие болды.
Өзім ата-ана ретінде Г.Абдықалықованың балабақшадағы қызметіне, балалармен жұмыс жасауына, бала бойына білім-біліктілікті дарытудағы қабілет-қарымына жоғары баға бере аламын. Өйткені, бұл балабақшада мектепалды даярлық тобы бар. Ал, бұл топта бүлдіршіндерге мектеп қабырғасындағы секілді түрлі сабақтар өткізіледі. Баланың білім деңгейі өзінің қабылдау қабілетіне қарай қалыптасады десек те, ұстаздың рөлі басымдылыққа ие екені белгілі. Бұл тұста осыдан он жыл бұрын өзімнің тұңғыш ұлымның осы балабақшаның мектепалды даярлық тобынан жақсы білім алып, мектеп табалдырығын жоғары даярлықпен аттағандығын атап айтқым келеді. Сол уақытта да менің ұлым осы Гүлзат Тілеужанқызының алдынан өтіп, білікті ұстаздың берген тәлім-тәрбиесін бойына сіңірді. Осылайша, бастапқыда санасына ұялаған сапалы білімнің нәтижесінде ұлым бастауыш сыныпты жақсы бағамен аяқтады. Мұның барлығы баланың алғашқы ұстазының ерен еңбегінің жемісі болса керек.
Бүгінгі таңда Гүлзат Тілеужанқызының тобында кенже ұлым тәлім-тәрбие алуда. Күнделікті балабақшаға қатынап жүріп, балалардың өз тәрбиешілеріне деген сүйіспеншілігін айқын аңғарамыз. Бүлдіршіндер де өздерін еркін сезініп, басым бөлігі топтағы тәрбиешілерін жанына жақын тартады. Бұл нені білдіреді? Бұл мұндағы тәрбиешілердің бала жүрегіне жол тапқан, өз мамандықтарының нағыз шебері екендігін байқатып тұрғандай. Біз сөз етіп отырған кейіпкеріміз де дәл осы қатарда.
Ендеше, жыл сайын дәстүрлі түрде аталып өтетін Ұстаздар күні мерекесі қарсаңында Гүлзат Тілеужанқызының қызметіне алдағы уақытта да сәттілік серік болып, абырой биігінен көріне берсін демекпіз.
Динара Батырхаирова.