Жұмыс жүйелі жалғасатын болады
Газетіміздің алдыңғы сандарында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, оның ішінде тұрмыстық қалдықтарды арнайы қоқыс алаңына шығару бойынша көрсетілетін қызмет жөнінде бірнеше мақала жазылған болатын. Өйткені, соңғы уақытта тұрмыстық қалдықтарды шығару ісіне қатысты бірқатар өзгерістер орын алғаны белгілі.
Бұл қызметпен бірнеше жыл бойы айналысып келген жергілікті «Тұмар голд сервис» ЖШС жуырда жекелеген тұрғын үйлерге қызмет көрсетуді тоқтатып, қызметті әрі қарай жалғастыруды «Грин Сити-7» ЖШС қолға алған еді. Алайда, аталмыш серіктестік пен жергілікті тұрғындар арасында келісімшарт жасалып, жұмыс жүзеге асырылғанымен, ол ұзақққа бармады. Басты себеп – келісімшарт жасасқан жергілікті жұртшылық өкілдерінің тиісті төлемақыны уақытылы төлемеуі көрінеді. Сол себептен, арадағы байланысты үзген «Грин Сити–7» ЖШС аудан халқымен жұмыс жасаудан біржолата бас тартты. Екі ортада уақытылы төлем жасап жүргендер жапа шегіп, халықтың біраз бөлігі бірнеше уақыт бойы жиналған қоқыс қалдықтарының көзін жоюдың амалдарын өздері қарастыруға мәжбүр болды.
Бұл тұста қара халықтың қолында арнайы техника болмағандықтан, олардың қызмет көрсету мекемесі секілді жиналған тұрмыстық қалдықтарды арнайы полигонға жеткізбейтіні айдан анық. Сол себептен, ескі әдет бойынша қараусыз үйлер мен нысандардың маңына, бос жерлерге қалдырып, әйтеуір өз үйімнің маңайы таза тұрса болды деген пиғылмен қала ішін қайтадан ластай бастады. Жергілікті билік өкілдерінің тиісті шешімдер қабылдауына дейінгі аз ғана уақыттың ішінде халықтың берекесі кетіп, қаланың іші тазалықтан мінсіз болып тұрмаса да, әр жерде үйіліп, шашылған тұрмыстық қалдықтар қала көркіне кері әсерін тигізді. Жекелеген тұрғындардың өтінішімен тиісті мекемелерге хабарласып, дабыл қағудың нәтижесінде оңды іске қол жеткізгендей болдық. Сұрастыра келе, тұрмыстық қалдықтарды арнайы полигонға шығарып жатқан жергілікті «Төле би мамандандырылған көпсалалы кәсіпорны» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны екендігіне көз жеткіздік. Алайда, бұл мекемемен де тұрғындар арасында әлі күнге дейін ешқандай келісімшарт болмағандықтан, тағы да түсініспеушілік орын алды. Мәселенің мән-жайын білу үшін аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне бас сұқтық. Мұндағы жауапты мамандар аудан халқымен жұмыс жасаған «Грин Сити-7» ЖШС–нің қыркүйек айының басынан өз қызметін тоқтатуына орай, аудан ішінің тазалығын сақтау, тұрмыстық қалдықтардың бей-берекет шашылмауының алдын алу, оған жол бермеу мақсатында бұл қызметті жүзеге асыру аудан әкімдігіне қарасты, толықтай мемлекеттік мекеме болып табылатын «Төле би мамандандырылған көпсалалы кәсіпорны» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнына берілгендігін, қазіргі уақытта тұрмыстық қалдықтарды шығару жұмысын осы мекеме және қоғамдық жұмысшылар іске асырып отырғандығын және алдағы уақытта нақты келісімшарт арқылы жұмыс жасау, сол келісімшартқа сәйкес төлемақы төлеу жолға қойылатындығын мәлімдеді.
Ал, «Төле би» КМК басшысы Асылжан Жапсарбаев «Грин Сити-7» ЖШС аз уақыт атқарған жұмысты одан әрі жалғастыруды 10-қыркүйектен бастап қолға алғандығын мәлімдеді.
-Бұл басшылықтың тапсырмасымен қолға алынды. Біздің мекеме толықтай мемлекеттік мекеме болғандықтан, осы іспен айналысу бізге жүктелді. Алайда, мекеме меншігінде тұрмыстық қалдықтарды шығаруға арналған арнайы техника жоқ. Сол себептен, аудан басшылығының ықпалымен Тараз қаласындағы «Жасыл ел – Тараз» мекемесінен бір техниканы жалға алып отырмыз. Қазіргі уақытта негізгі жұмысқа жалпы екі техника пайдаланылуда және қажет кезде қосымша техникалар іске қосылады. Бұлар Шу қаласы мен Төле би ауылына қызмет көрсетуге әзірге жеткілікті. Сонымен қатар, әкімшілікке қарасты қоғамдық жұмысшылар уақытша көмек көрсетуде. 1-қазаннан бастап біздің мекеме есебінен қосымша штат ашылып, мекеменің өз жұмысшылары толығатын болады.
Ал, төлемақы жөнінде айтар болсақ, бұл жұмысты күтпеген жерден қолға алып отырғандықтан, төлемақы жинайтын жұмысшы әзірге жоқ. Дегенмен, бұл бойынша да арнайы штатпен жұмысқа қабылданған адам нақты жұмыс жасайтын болады. Дәлірек айтқанда, жаңа учаске ашылып, онда бір учаске бастығы, 5 контроллер, 8 жұмысшы өз міндеттеріне кіріседі. Контроллер қызметін бұрыннан осы жұмысты жасап келе жатқан, істен хабары бар адамдар жалғастырады,-дейді мекеме басшысы Асылжан Жапсарбаев.
Мекеме басшысының мәлімдеуінше, қызмет алушылардың басым бөлігі мұның алдындағы мекемемен жыл аяғына дейін келісімшарт жасасып қойғандықтан, жаңа келісімшарт 2025 жылдың басынан жасалады. Алайда, бұл нақты шешім емес. Бұл бағытта уақытша келісімшарт сынды өзгерістер орын алуы да мүмкін. Жаңа жылға дейін яғни, бірінші қазаннан бастап контроллер шығарылған тұрмыстық қалдықтың көлеміне қарай тиісті төлемақыны қолма-қол жинап, әр тұтынушыға төлемақының жасалғандығын растайтын түбіртек беріп отырады. Ал, қыркүйек айының төлемақысы «Грин Сити-7» мекемесінің есепшотына аударылғандықтан, бұл айда тұрғындардан төлем алынбайды.
-Бүгінгі таңда төлемақының нақты сомасы туралы мәселе әлі қаралу үстінде. Бір анығы, біздің алдымызда қызмет көрсеткен мекемелер қандай баға қойса, біз одан артық көтермейміз. Мысалы, «Тұмар Голд сервис» ЖШС бір қапқа төрт жүз теңге белгілеген болса, біз де сол бағадан жоғары асырмаймыз және контроллер қоқыс қалдығын шығаратын көлікпен бірге жүріп, тиісті төлемақыны сол мезетте жинайтын болады.
Тұрмыстық қалдықтарды шығарумен айналысу оңай жұмыс емес. Лас жұмыс екені де белгілі. Мұндай жұмысқа кез келген адам келе бермейді. Сол себептен, біз жұмысшылардың жалақысын 170 000 теңгеге көтеріп отырмыз. Қазіргі уақытта ниет білдірген тұрғындар арасынан және бұрын осы салада еңбек еткен, тұрақты жұмыс жасайтын азаматтардан жұмысшы тобын жасақтаудамыз, -деген А.Жапсарбаев тұрғындарға қызмет көрсеткен жұмысшыларға арнайы мөрі қойылған түбіртексіз ешқандай төлемақы жасамау қажеттігін де ескертті.
Осылайша, тұрғындар арасында өзекті мәселеге айналған бұл мәселенің де оңды шешімі табылғандай. Енді, алдағы уақытта қызметті тұтынушылар уақытылы төлемақы жасап тұрса болғаны. Бұл өз аулаңның тазалығы үшін қажет. Ал, әр ауланың маңайының тазалығы ауданның ажары екені сөзсіз. Аудан абыройын асырамыз десек, тым болмаса өз үйіміздің маңайын таза ұстау арқылы тазалыққа үлес қосудан сырт қалмайық.
Динара Батырхаирова.