Бала тәрбиесі күн тәртібінен түспеуі қажет
Бүгінде виртуалды әлем қорқыныш, үрей, жауыздық, қатігездік ортаға айналып, соның шырмауына жасөспірімдер шырмалып, бұғанасы қатаймаған балаларымыз құрығына ілініп кетіп жатыр. Кейде осындай көлеңкелі тұстарда келешегіміз қандай болады деп қам қылатынымыз жасырын емес.
Әлеуметтік желі, ұялы телефондар енді ғана шыға бастаған заманның балаларының бірі біз болғандықтан, көше бойлап, ойын ойнаған соңғы буын біз шығармыз. Бұрындары «Ақсерек, көксерек», «Жеті тас», «Қызыл ту», «Алтын жүзік» сынды ойындарды ойнағанда ары кетсе тіземіз сырылып, қолымыз жырылушы еді. Ал, қазіргі өте қауіпті виртуалды әлемдегі «Синий кит», «Разбуди меня в 4.20», «SkhoolBoy Runaway» атты ойындардан жасөспірімдер қыршыннан қиылып, ақыры өз-өзіне қол жұмсаумен аяқталып жатыр. Деректерге сүйенсек, жасөспірімдер арасында суицид бойынша біздің Қазақстан да көш бастап тұрғаны алаңдатады.
Жастарды жалмайтын ойындар шыққалы бері ел келешегін ойлаған азаматтарымыз жарғақ құлағы жастыққа тимей, ажал құштыратын аждаһаның аузына өскелең ұрпақтың ілікпеуі үшін түрлі амалдарын қарастырып, тәрбие жұмыстарын күшейтуге барын салуда. Үздіксіз жүргізіліп жатқан жұмыстардың өзі желдей жылдамдықпен алдындағыны жалмап-жайпап жатқан желінің жолына тосқауыл қоя алмай жатқаны жасырын емес. Сонда да тәрбие жұмыстарын күшейтіп, кеселмен күресуді тоқтатпаймыз.
Осыған орай, Шу ауданы білім бөлімінің ұйымдастыруымен Оқушылар сарайында «Виртуалды әлемдегі бала болмысы» атты жалпы ата-аналар жиналысы өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев, аудандық аналар алқасының төрайымы Айжан Иманова, аудандық полиция бөлімінің бастығы Асхат Алметов, мектеп директорлары, директордың тәрбие, құқықтық тәрбие жөніндегі орынбасарлары, педагог-психологтар, ата-аналар қатысты.
Аудандық ата-аналар жиналысын Шу ауданы білім бөлімінің сектор меңгерушісі Нұрбақыт Балтабай жүргізіп отырды. Жиында ата-аналардың бала өміріндегі, сондай-ақ онлайн кеңістіктегі қауіпсіздігіне қатысты жауапкершілігін арттыру мәселесі сөз болды. Сондай-ақ, педагог-психологтар жасөспірімдердің интернетке тәуелділігінің, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынастың қаншалықты деңгейде екендігін анықтау мақсатында сауалнама алып, тренинг өткізді.
Мұхтар Әуезов атындағы орта мектебінің педагог-психологы Ахатаева Лаура «Виртуалды әлемдегі бала болмысы» атты тренинг өткізіп, ата-аналар ұстаз рөлінде, ұстаздар ата-ана рөлінде баланың интернетке тәуелділігінің алдын алу бойынша ұсыныстарын ортаға салып, тәжірибе алмасты. Бұған қоса, Жайсан атындағы орта мектебінің педагог-психологы Диханбаева Гүлнұр «Балаңыздың интернетке тәуелділігі» атты сауалнаманы алып, ата-ана баласын қаншалықты бақылауда ұстайтындығын анализдік талдау арқылы көрсетті. Осы тұста М.Әуезов атындағы орта мектептің директоры Дархан Татибеков дәл осы сауалнаманы оқушылардан алып көру қажет деген ұсынысын білдірді. Сонда ғана ата-ана шын мәнінде баласын күнделікті қадағалай алатынына көз жеткізетінін тілге тиек етті.
Қазіргідей әлеуметтік желі, интернет желісі дамыған заманда саналы тәрбие мен сапалы білім берудің жолдарын тиімді үйлестіріп, өскелең ұрпақтың қызығушылығын сол арнаға бұру ісі күн тәртібінен бір күн де түспеуі ләзім. «Темірдей тәртіп және жоғары жауапкершілік баршамыздың бойымызда болуы керек» деген ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанымы да оң нәтижесін беріп, қоғамның дұрыс бағытта дамуына, әр істе өткен тарихпен сабақтастық салтанат құруына жол салынады деп сенеміз.
Айғаным Асқарбек.