Меркіліктердің мерейі үстем болды
Соңғы жылдары жекелеген кәсіпорындар да ұлттық өнерді ұлықтауға білек сыбана кіріскен сыңайлы. Біз мұны Ескі-Шу ауылдық округінде табысты тіршілік етіп, тасын өрге домалатып отырған «Qyzylsha Zher» ЖШС әрекетінен анық аңғарып отырмыз. Аталмыш компания бұған дейін қазақтың ұлттық спорты-көкпарға ден қойып, доданы жыл сайын дүркіретіп ұйымдастыруды игі дәстүрге айналдырып келеді.
Компанияның демеушілігімен өтетін командалық көкпар сайысы биыл да өз деңгейінде өтті. Осы жолғы жарыстың бірі ерекшілігі- ұлттық спорт жанкүйерлері барлық ойынды шатырмен жабылған арнайы орында тамашалады. Ал, ол орында бір мезетте 300-ден астам адам көкпарды отырып көруге мүмкіндігі бар. Оны Тимур Құлыбаевтың «Halyk» қоры сыйлап отырғанын аталмыш серіктестік тілге тиек етті.
Сайдың тасындай іріктелген 8 команда қатысқан дүбірлі доданың алдында трибунаның ашылу рәсімі өтіп, шараның құрметті қонақтарына қошеметпен сөз берілді. Олардың арасында Түркістан облысынан арнайы келген, көкпардан КСРО көлемінде 9 мәрте чемпион болған Әбілхан Дауылбаев ақсақал бар. Сонымен қатар Шу ауданының Құрметті азаматы, меценат Болат Сауранбаев та айтулы оқиғаның ортасынан табылды.
Қызыл лентаны қияр алдында көкпар корифейіне сөз берілді. Өз сөзінде Әбілхан қария шабандоздарға батасын беріп, қазақтың төл ойынына көрсетілген қамқорлық үшін алғысын айтты.
-Бұл ойын бағзыдан бері жалғасқан үлкен мұра. Ол өскелең ұрпақты ептілікке, шымырлық пен шыдамдылыққа баулиды. Сондықтан оны сақтап, сабақтастыру арқылы ұлттық спортты ұмыттырмаймыз. Білекті һәм жүректі балаларымның бүгінгі додасы салымды болсын! Абыройлы болыңдар,-деді қария өз лебізінде.
Үлкендер тілегіне Болат Оспанұлы да қосылып, ауылдағы ілкімді істерге жоғары бағасын беріп, ауыл шаруашылығында ауқымды істер жасап жүрген серіктестікке ілтипатын білдірді. Ата дәстүріміз бойынша қариялардың иығына аталмыш компания оюлы шапан жапты.
Одан алыстан ат терлетіп келген Әбілхан ақсақалдың тақымына аудан әкімі Б.Жәнібековтың атынан тұлпар тарту етілді. Оны табыс еткен аудан әкімінің орынбасары Н.Сұлтанбаев та шара бойынша жүрекжарды тілегін жеткізді. Сонымен қатар «Qyzylsha Zher» ЖШС басшысы Алена Лобанкова, «Қазақстанның Халық банкі» Шу аудандық басқармасының бастығы Нұрлан Көшербаев сөз алып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Ұлттық спортқа қолдау көрсетіп отырған «Halyk» қорының атқарып отырған шаруаларына тоқталып өтті.
-Бүгін Белбасар ауылында тағылымға толы іс-шара өтуде. Көкпар стадионы мен оны тамашалауға арналған жайлы орын пайдалануға берілгелі тұр. Бұл орайда «Halyk» қайырымдылық қорының басшылығына, аудан әкімдігіне, осы іске атсалысқан барша азаматтарға алғысымды білдіремін. Бүгінгі көкпарды көруге келген қауымға жақсы демалыс болсын! Ал жеңістен үмітті жігіттерге сәттілік тілеймін!-деді серіктестік басшысы.
Ал, Нұрлан Ғаниұлы аталған қор құрылған жылдар ішінде 120-дан астам жобаны жүзеге асырып, жалпы сомасы 85 миллиард теңгеден астам қайырымдылық көмек көрсеткенін айтты.
Мұнан кейін трибуна салтанатты түрде пайдалануға беріліп, алыс-жақыннан келген ағайын кіл мықтылардың жарысына куә болды. Көкпардың батасын Болат Оспанұлы берген соң, жалпы жүлде қоры 6 млн тұратын командалық көкпар сайысының алғашқы ойны көршілес Тәтті ауылы мен жергілікті Ақсу командасы жігіттері арасында өтті. Тәттілік Нұрбол Тоқтасын алғашқы салымымен командасын алға шығарса, артынша жерлестеріміз есепті теңестірді. Меймандар тоқтамастан 4 салым салып, бірінші ойынды жеңіспен бастады.
Мұнан кейінгі тартыс Меркі ауданы мен Шу құрамасы арасында өтті. Бұл ойында меркілік мықты шабандоз Нұржігіт Пернебай астындағы «Мерседес Бенз» тұлпарымен бірнеше салым салды. Содан болар, ойын 5-2 есебімен меркіліктердің пайдасына аяқталды.
Кейінгі ойында алаң иелері «Аманат» командасымен шығу керек болған Балуан Шолақ ауылының жастары жол беріп, мәрттік жасады. Делебені қоздырған доданың ең қызықты әрі қиқулы сәті алаң иелерімен «Әулиеата-Бірлес» командасымен кездесуінде болды. Қарымта салымдармен алмасқан қос қоманда негізгі уақытта 4-4 есебімен тең тарқасты. Қосымша уақытта Ынтамақ Әліпбаев салым салып, командасына жеңіс сыйлап, ақтық мәреге жолдама алды. Белбасарлық шабандоз осы ойында 3 мәрте салым салғанын айта кеткен абзал. Тіпті, серкені сіресе тартқанда жарақат алып қала жаздады.
Үшінші орын үшін болған ойында «Әулиета-Бірлес» командасы тәттіліктерден айласын асырып, қола жүлдегер атанды.Осылайша 1 млн теңгені қанжығаларына өңгерді. Ақтық ойында «Аманат» командасы күміс жүлдеге ие болып, меркіліктердің мерейі үстем болды. 7-4 есебімен аяқталған ойында жерлестеріміз ерекше қайрат көрсеткеніне куә болдық. Олардың басты олжасы әйгілі команданы жеңгені деп санаймыз.
Мұқым мықтылардан құралған Меркі құрамасы 3 млн теңгеге қол жеткізсе, алаң иелері 2 млн теңгені қанағат тұтты. Жеңімпаз бен жүлдегерлерге арнайы сертификаттар табыс етілді.
Дәл осы күні алаң артынан ақшаңқан үйлер тігіліп, шабандоздар мен шара қонақтарына ақ шатыр астына дастарқан жайылды. Күн ұзаққа созылған сайыстағы салымдарды әңгімеге арқау еткен ағайын үйлеріне рухты күйде тарқасты.
Байжан Емберді.