Қазақтың қаһарманы – Бауыржан Момышұлы
Бүкіл қазақ халқының мақтанышына айналған, өр тұлғалы, рухты азаматтардың бірі-Бауыржан Момышұлы. Отан үшін төккен тері мен ерлігі, туған жерге деген құрметі мен сүйіспеншілігі ауыз толтырып айтарлықтай. Елім деп еміреніп, жерім деп тебіренген қайсар жүректі алып тұлғаның есімі ел жадында сақталып, әрбір ұлағатты жігер берер сөздері жүректе жатталып, ұранға айналып жүргені ақиқат.
Бауыржанның қаламынан туған туындылары шынайы патриотизмнің символы іспеттес. Қазақ тілінің мәртебесін көкке көтеру мен даңқын әлемге асқақтату мақсатында орасан еңбек атқарғаны өз алдына. «Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген қанатты сөзі тек тәрбие мен білім саласында емес, күнделікті өмірде де өзектілігін жоғалтқан емес.
Қазақ халқының әдебиеті мен тарихында есімі алтын әріппен қатталып, жас өрендердің санасында сақталып келеді. Қуаты тасынған құдыретті қазақ тілінің мәртебесін асырған Бауыржан атамызға арнап қазақ әдебиетінің көрнекті ақын-жазушылары да құнарлы өлең жолдары мен арнауларын арнаған.
Еліміз үшін сұрапыл соғыста қанаты талмай қазақ үшін жан берген Бауыржан батыр тек қана жаужүрек жауынгер ғана емес, сонымен қатар шындықтың шымылдығын ашып сөйлейтін жазушы да, өлеңнің өзегін ашып сөйлейтін ақын да бола білген.
Ұлы батырдың мына бір өзекті нақыл сөзі бүкіл адамзатқа рух береді:
Сен жаудан қашсаң, өмір сенен қашады.
Таяқтан тайсалмасаң,
Семсерден сескенбесең,
Жеңдім дей бер…
Қарабет болып қашқанша,
Қайрат көрсетіп өлген артық,-деген жолдары жас буынның он екі тамырын шымырлатып, рухани сезімін оятып, үлгі-өнеге болып тұрғаны айдай анық.
Бауыржан Момышұлының рухы ешқашан халық жадында өлмейді. Еңселі елдің батыры, халқымыздың айбаты болған батыр тұлғамыздың есімі жүректерде мәңгілік жасамақ.
Ж.Султанбаева,
Көктөбе ауылдық кітапхананың
кітапханашысы.