Қайтарымсыз грант арқылы кофехана ашқан
Кәсіпкерлік саласын әркез алдыңғы орынға қоятын ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мемлекет бизнестің дамуы үшін барынша қолайлы жағдай жасайды және жекеменшіктің толық қорғалуын қамтамасыз етеді. Бизнестің жеке бастамаларына барынша қолдау көрсету қажет» деп атап өткен болатын. Расында, соңғы жылдары елімізде кәсіп бастаймын деген жандарға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілуде.
Соның бірі – ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге бизнес әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға, дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін қайтарымсыз негіздегі грант. Бұл бағдарлама әсіресе осал топтағы азаматтардың кәсіп меңгеріп, оны жүргізуіне өте тиімді. Яғни, грантты мүмкіндігі шектеулі азаматтар, «қандас» мәртебесі бар адамдар, өңіраралық қоныс аударушылар, аз қамтылған отбасы мүшелері, көпбалалы отбасылар, ерекше бала тәрбиелеп отырғандар, асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алып отырған жандар алуға толықтай құқылы.
Биылғы жылы қайтарымсыз грант соммасы 1572 800 теңгені (400 АЕК) құрап отыр. Аудан бойынша ағымдағы жылы 89 азаматқа грант беру жоспарланып, соның ішінде жыл басынан бүгінге дейін 44 азаматтың кәсіп ашуына жағдай жасалған.
Бүгінгі мақаламызда біз мемлекеттің қолдауы арқылы жеке кофехана ашып, бүгінде сол кәсібін дөңгелетіп отырған жерлесіміз Ирада Курбанова жайында айтатын боламыз.
1992 жылы Ресей мемлекетінде өмірге келген Ираданың отбасы оның бала кезінде елімізге қоныс аударып, Шу ауданына тұрақтаған екен. Шу қаласындағы Абай орта мектебінде негізгі білім алған Ирада Курбанова мектептегі білімін аяқтағаннан кейін шаштараз оқуын оқып, мамандығы бойынша біраз уақыт жұмыс жасаған. Бірақ уақыт өте келе бұл сала өзінікі емес екенін түсініп, өзін басқа қырынан байқағысы келеді. Осылайша кәсіпкерлер қатарын толықтыруды мақсат еткен ол мемлекет тарапынан жас кәсіпкерлерге көрсетілетін қолдау туралы жан-жақты сұрастырып, ақыры «Мансап» орталығының мамандарына жүгінеді.
– Қазіргі таңда елімізде кәсіп бастаймын дейтін жандарға үлкен қолдаулар көрсетіліп жатыр. Соның игілігін мен де көріп жатырмын. Қайтарымсыз берілетін грант бойынша мен «Мансап» орталығына өтініш өткізіп, мамандардың түсіндіруімен қажетті құжаттарды жинақтап, тапсырдым. Ниетіме орай, құжаттарым қабылданып, 14 күн арнайы мамандардан білім үйреніп, сертификат алып, комиссия алдында бизнес жоспарымды қорғадым. Комиссия жоспарымды мақұлдағаннан кейін 1 млн 570 мың теңге ұтып алдым. Қайтарымсыз берілген қаржыға кофе машинасын, миксер, жылытқыш пеш, су жылытқыш аппараттарын сатып алып, кәсібімді бастап кеттім. Жалпы мемлекет ұсынған бұл бағдарлама кәсіп ашуға талаптанып отырғандарға үлкен көмек, – дейді грант иегері бізбен әңгімесінде.
Иә, қазіргі таңда Шу қаласының Сәтбаев көшесінде орналасқан жанға жайлылық сыйлайтын «Shu_coffe_yume» деп аталатын кофеханадан кофенің раф, латте, капучино, айс латте түрлері мен ыстық шоколад және шәйдің әр түрін, сонымен қатар дәмді таңғы астар мен тәтті десерттер таба аласыз.
– Кәсіпті бастау үшін табандылық керек екенін түсіндім. Кәсібін енді ашқалы жатқан жас кәсіпкерлерге берер кеңесім, адам үнемі істеністе болуы керек. Өз уақытын бағалап, дұрыс пайдалана білген абзал. Бос уақытта білім алып, жетілдіріп, шыңдалуы керек. Одан бөлек, әрине, мемлекет қолдауына жүгінген ең тиімдісі. Қазір өзіммен бірге төрт адам жұмыс жасайды. Жалпы кофехана ашу, кофе дайындау бір қарағанда оңай болып көрінгенімен машақаты аз емес. Бұл кәсіпті өзгеге еліктегеннен емес, кофеге деген қызығушылықтан, мықты мамандардан тәжірибе жинақтағаннан кейін қолға алдым. Әрине, бастапқыда оңай болған жоқ. Көпшіліктің көңілінен шыққан кофеханамда қазіргі таңда табыс та жақсы, келушілер де үзілген емес. Осындай шағын құраммен ауызбіршілікте жұмыс жасап жатқанымыз ең алдымен көңілге қуаныш сыйлайды, – деп ағынан жарылды кейіпкеріміз.
Осылайша, қайтарымсыз гранттың қайырын көріп, несібесін арттырып отырған кәсіпкер қыз Ирада бізбен әңгімесінде мемлекеттік қолдауға шексіз ризашылығын білдірді. Ал біз кейіпкеріміздің кәсібі өркендей беруіне тілек білдірдік.
Балнұр Жексенбекқызы.