Ақпараттық портал

Телави төріндегі қуаныш

Шу өңірі өзінің өнерлі өрендерімен елге мәшһүр. Бұл топырақтан түлеген тарландарды тізіп жатудың өзі артық. Сол секілді көршілес Қордай дегенде көзімізге Кенен ата салған “Көкшолақ” әні көлбеңдейді. Ән дегенде әуестігі бөлек ауылдарда сал-серілердің жолын жалғаған небір дарындар өсіп келеді.
Жуырда Грузия мемлекетінің Телави қаласында III Халықаралық музыкалық “Оld town pictures 2024” фестивалі өткен болатын. Аталған ән аламанына ел намысымен қатар Шу өңірінің абыройын қорғай барған аудандық Мәдениет үйінің вокал әншісі Балдат Бейсеқожаның мерейі үстем болып, Гран-приді еншілеп қайтты.
Сүйінші жаңалықты ести сала, біз әлеуметтік желі арқылы оның үзеңгі жолдасы, аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісімен байланыстық. Мақсат Мақсұттың айтуынша, бұл фестивальға Түркия, Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей сынды 10 шақты елдің өнерпаздары қатысқан. Оның ішінде жас ерекшелігі бойынша ересектер тобында 50-ге жуық үміткер бақ сынаған. Қос сыннан сүрінбей өткен жерлесіміз қазылар алқасының жоғары ұпайларына ие болған.
Ең алдымен, Балдат Гүржістанның үлкен сахнасында Б.Имашевтың сөзі мен Қ.Маханның әніне жазылған “Қазақстан-Гүлістан” әнін тарту етті. Ал келесі сында италиялық жұлдыз Алессандро Сафинаның “Luna Tu” туындысын орындады.
Шу өңіріне Кенен ата ауылынан ауысып келген талант жергілікті тұрғындардың жүрегін өзінің өнерімен жаулап үлгерді. Себебі, жыл ішінде оның кең диапазонды дауысын өнерсүйер қауым талай мәрте құлақ құрышын қандыра тыңдаған.
Бұған дейін республикалық, облыстық додалардан жүлде алып жүрген Балдат Бейсеқожаны біз де осы қуанышымен құттықтаймыз! Жас дарынның әлі де биік белестерді бағындырарына сенеміз!

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.