Ақпараттық портал

Ақиқаттан айнымаған азамат

Қандай да бір мамандықтың болсын қиындығы мен қызығы қатар жүреді. Ал, құқық қорғау саласында қызыққа қарағанда қиындық басым. Себебі, бұл сала қызметкерлері уақытпен санаспай еңбек етеді. Оның үстіне сот саласындағылар адам тағдырымен жиі бетпе-бет келіп жатады.
Соны біле тұра, Жамбыл облысы, Шу ауданының Көктөбе ауылында 1949 жылдың 21 желтоқсанында қарапайым отбасында дүниеге келген Абуев Орынбасар Солтыұлы осы мамандықты қалады. Жастайынан зерек өскен Орынбасар аға Қазақ мемлекеттік университетінде оқып, «Заңгер» мамандығын алып шықты. Тынық мұхиты әскери флотында азаматтық борышын ойдағыдай өтеп келген соң, аудандық комсомол комитетінің жолдамасымен 1972 жылы Шу аудандық сотына сот орындаушысы болып орналасып, еңбек жолын бастаған. Өз мамандығын ерекше ұнататын Орынбасар аға алғашқы күннен-ақ уақытпен санаспай еңбек етуге белсене кірісті.
Жас маманға өзін жұмысқа қабылдаған Шу аудандық сотының төрағасы Оразалы Ақботаевтың талабы да жеңіл болмайды. Сол кезде Қазақстанда «Қазақстанға еңбегі сіңген» екі-ақ заңгер болса, соның бірі осы Оразалы Сүйіндікұлы болғанын біреу білсе, біреу білмес. Сот ұжымындағы темірдей тәртіп Орынбасар ағаны ерте есейтті. Өзі де көп ізденді, көп оқыды. Аталған қызметті 6 жыл, содан соң тағы 6 жыл нотариус, 5 жыл қорғаушы (адвокат) қызметтерін абыроймен атқарды. Қай қызметті атқарса да, тек жақсы қырынан танылды. 1990 жылдан судьялық қызметін бастап, 2012 жылы абыроймен құрметті еңбек демалысына шықты.
Орынбасар аға сот саласында 40 жыл үзіліссіз еңбек етті. Қоғамымыздың игілігі, адамдардың құқығы мен бостандығын қорғау жолындағы күрделі де жауапты жұмыстары мен абыройлы еңбегі ескерусіз қалмады. Ең бастысы, Жамбыл облыстық соты тарихында алғашқы болып 2009 жылы кеудесіне «Құрмет» орденін тақты. Мұнан басқа Жамбыл облысының әкімі, облыстық нотариалдық палатасы, облыстық әділет басқармасы, облыстық сот, облыстық мәслихаттан алған марапаттары да аз емес. Олардың қатарында 2015 жылы алған Қазақстан Судьялар одағының «Өз ісінің үздігі» төсбелгісі, «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» мерекелік медалі де бар. 2019 жылы өзінің 70 жасқа толған мерейтойына орай ҚР Судьялар одағының «Үш би» құрмет белгісімен, ҚР Жоғарғы сотының «Сот жүйесінің ардагері» медалімен марапатталды. Шу ауданының Құрметті азаматы атанды.
Сот ісін қарау терең білім мен біліктілікті, сондай-ақ нақтылықты талап ететін қызмет. Судьяның ең бірінші басшылыққа алатыны заң, одан ауытқуға ешкімнің хақысы жоқ. Екіншіден, ол өзінің ішкі тұжырымына құлақ асады. Осы екі қағида түйіскенде ғана ортақ бір шешім туады. Бұл шешім ардан ауытқымауы керек. Адам тағдыры ойыншық емес екенін де естен шығаруға болмайды.
Осы қағиданы берік ұстанған, өз ісінің шеберлігімен, жан-жақты біліктілігімен, ізденімпаз қасиеттерімен қоса, әріптестерін, жалпы араласқан ортасын көпшілдігімен, сұңғыла түйсік-танымымен, сезімтал, аңғарымпаздығымен баурайтын Орынбасар ағаның ащы тер мен белшеден бейнетке толы ғұмыры еліміздің қазіргі жасампаз жастарына үлгі-өнеге.
Орынбасар ағаның жеткен жасы қариялықтың ғана емес, ақылы мол – дариялықтың да жасы. Ендеше, біздер де сол дариядан сусындап, аға шыққан биіктерден көріне берейік.
М.Тілеубеков.
Шу аудандық сотының төрағасы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.