Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол жоқ!
Бұрындары «Отбасы болған соң, ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» деуші еді. Ал, бұл күндері ыдыс-аяқтың сылдырлағаны былай тұрсын, сындырумен, аяғы пышақ кезеумен аяқталып жатқанын көріп, жағамызды ұстайтын жағдайға жеттік. «Ерлі-зайыптының арасына есі кеткен түседі» деуші еді, айрандай ұйып отырған отбасыға кім көрінген мұрын сұғатын жағдайлар да жоқ емес. Шаңырақ пен ошақты кие тұтқан ата-бабамыз жас отбасылардың отау тіктеген күнінен бастап жан-жақты қолдау көрсетіп, ақылын айтып, жол көрсетіп, жөн сілтейтін. Қаймағы бұзылмаған қазақ отбасыларын қатігездік шырмап, зорлық-зомбылықтың көкесі орын алып жатқан мына қоғамда «қай жерден ағат кеттік екен, қай жерге барып жығылар екенбіз» деп ойымыз сан-саққа кетуде. Осыған орай, Жамбыл облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының Шу аудандық кеңес беру кабинетінің әлеуметтік маманы Муратбек Гульбану Алпысқызымен сұхбаттасқан едік.
-Гульбану Алпысқызы, ең алдымен қазіргі қазақ отбасында орын алып жатқан зорлық-зомбылықтың себептерін айтып өтсеңіз.
-Елімізде жыл сайын тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендер саны артып келеді. Мұндай келеңсіз жағдайларға қоғамның әлсіз топтары әйелдер мен балалар, қарттар ұшырайды. Көп жағдайда зиянды әдеттерге бой алдырып, алкоголь, есірткі тұтынған ер-азаматтар отбасының тыныштығын кетіріп, аяғы күш көрсету, зорлық-зомбылықпен қатар психологиялық зорлық-зомбылық көрсетуге дейін алып барады. Бұған қоса, қазіргі сананы тұрмыс билеген заманда жетіспеушіліктің арқасында, тепсе темір үзетін ер-азаматтарымыздың отбасы мүшелеріне масыл болуынан да түрлі келеңсіздіктер туындап жатады.
Жамбыл облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының Шу аудандық кеңес беру кабинеті 2017 жылдан бері сенім телефоны арқылы қызмет алушыларға консультация беріп келеді. Алғашқы жылдары кеңес беру кабинетіне 11 қоңырау келіп түссе, ал кейінгі жылдары оның көрсеткіші 100-ден асып түсуде.
Заңның басым бағыттарының бірі отбасын қолдау және сақтау болғандықтан, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа душар болған әрбір адам заң аясында қорғауда болады. Сол себепті де отбасында орын алатын зорлық-зомбылыққа төзіп отыра бермей, уақытылы құқық қорғау органдарына хабарласып, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесіңіздер.
-Ал, азаматтар қандай да бір зорлық-зомбылыққа душар болса, сіздердің орталық қандай көмек көрсете алады?
-Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Жамбыл облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы «Әлеуметтік бейімсіздікке және әлеуметтік депривацияға әкеп соққан, қатыгездікке тап болған адамдарға, қатыгездік пен зорлық-зомбылық қаупі салдарынан өмірлік қиын жағдайда» деп танылған әйелдер мен балаларына психологиялық бейімдеу сатысынан өткізу мақсатында көмектер көрсетеді. Яғни Жамбыл облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығынан тегін 8 түрлі әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Атап айтсақ, әлеуметтік-тұрмыстық қызметтер, әлеуметтік-медициналық қызметтер, әлеуметтік-психологиялық қызметтер, әлеуметтік-педагогикалық қызметтер, әлеуметтік-еңбек қызметтер, әлеуметтік-мәдени қызметтер, әлеуметтік-экономикалық қызметтер, әлеуметтік-құқықтық қызметтер.
Қатігездік пен тұрмыстық зорлық-зомбылық қаупі салдарынан өмірлік қиын жағдайда жүрген, аудан көлеміндегі және елді мекендердегі аналар мен балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсете отырып, қолдау және кеңес береміз. Ажырасу сатысындағы жанұяны қоғаммен отбасына әлеуметтендіріп қайта қосуға ықпалдастыру, баланы жетім қалдырмау, ананы қаңғыртпау-біздің басты мақсатымыз. Кабинетке келіп кеңес алған жанұяның отбасылық мәселесі құпия сақталады. Қазіргі таңда Тараз қаласы мен Қордай ауданында Дағдарыс орталығы жұмыс жасап жатыр. Толық анонимді түрде жұмыс көрсетеміз. Егер, сіз отбасыңызда қиын жағдайға тап болсаңыз, қатыгездік-көрсетілген болса, психологиялық күйзеліске ұшырасаңыз, өзіңіз бен балаларыңыздың өмірі үшін қорықсаңыз отбасындағы келеңсіз жағдайдан барар жеріңіз болмаса, төмендегі нөмірлерге хабарласыңыздар.
Біздің сенім телефондарымыз: (8-726-38) 3-29-72; +7-700-029-67-71; +7-747-322-40-70. Кабинеттің мекенжайы: Шу ауданы, Төле би ауылы, Төле би көшесі №264. Әлеуметтік және психологиялық кеңес беру кабинетінің қабылдау күні мен уақыты: дүйсенбі-жұма күндері сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін.
-Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Айғаным АСҚАРБЕК.