Ақпараттық портал

Тұрғындар тілегі ескерусіз қалмайды

Бүгінде аудан әкімі Бақытжан Жәнібековтің өңірімізге әкім болып тағайындалғанына екі жылға жуық уақыт болды. Осы аралықта аудан басшысы өңіріміздегі барлық ауылдық округтер мен шалғай елді мекендерді аралап, жергілікті тұрғындармен кездесулер өткізді.
Мұндағы мақсат – ауылдықтарды алаңдатқан түйткілді мәселелерді көзбен көріп, тұрғындардың өз аузынан есту екені анық. Сол арқылы алдағы жұмыс жоспары түзіліп, елді мекендегі іргелі істер бір жүйеге келе бастады.

Алайда, ел арасындағы түйткілді мәселелерге көз жеткізудің тағы бір тиімді жолы ол – қоғамдық қабылдаулар екенін де айта кеткен жөн. Дәл осындай қоғамдық қабылдаулар өткізу арқылы жергілікті жердегі тұрғындардың мұң-мұқтажына құлақ түріп, ортақ шешім қабылдауға болады. Соған сәйкес, тұрғындардың әлеуметтік тұрғыдағы және жеке мәселелері оң шешімін табады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында қолға алынған бастамалар біздің ауданымызда да жалғасын тауып, бүгінде азаматтарды жеке-жеке қабылдау қалыпты жағдайға айналған. Аудан әкімінің дәл осындай жеке қабылдаулары әр апта сайын өтетінін де айта кеткен жөн. Ағымдағы аптаның жұма күнінде өткен жеке қабылдауға 20-ға жуық аудан тұрғындары келіп, өздерін толғандырған күрмеуі қиын мәселелерін жеткізді. Олардың басым бөлігі тұрғын үй мен әлеуметтік жағдайға қатысты сауалдарын жолдады. Қабылдау барысында тұтас Шу қаласы мен ауылдық округтердің мұң-мұқтажын сөз қылып, аудан әкімінің назарына ұсынған тұрғындар да болды. Аудан әкімі Бақытжан Оразалыұлының сөзінше, көмек сұрай келген әрбір тұрғынның өтініші жеке дара зерделеніп, нақты шешімдер қабылданатын болады.
Бұдан бөлек, дәл осы күні «AMANAT» партиясы аудандық филиалында да қоғамдық қабылдау өтті. Аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков пен партияның аудандық филиалының төрағасы Болатхан Ниязбеков бірқатар аудан тұрғындарын жеке сұрақтарымен қабылдап, өтініш-тілектеріне құлақ түрді. Жалпы, дәстүрге айналған қоғамдық қабылдаулардың ең негізгі міндеті – тұрғындардың өтініштерін қарап, олардың оңтайлы шешілуіне қолдау көрсету болса, бүгінде бұл үде орындалып келеді. Аталмыш қабылдауда да тұрғындар тарапынан көтерілген бірқатар мәселелер назарға алынып, тиісті тұлғаларға нақты тапсырмалар берілді.

Ерғали Қартайған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.