Жас ақындар мүшәйрасы өтті
Шу ауданының білім бөлімінің жоспарына сәйкес, «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының үйлестірушісі Айдана Насырханның ұйымдастыруымен 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні қарсаңында Балалар-жасөспірімдер орталығында «Тәуелсіздік – ел бақыты» атты жас ақындар мүшәйрасы өтті.
«Өлең деген тумайды жайшылықта, өлең деген туады қайшылықта» демекші, кез келген қолына қалам ұстаған жан Отан, туған жер, ел, бірлік, тәуелсіздік деген ұғымдарды ойға алғанда ерекше рухтанып, жыр жауһарларын төгеді. Мүшайрада «ақын болсам» деген арманы асқақ жас өрендеріміз ел егемендігі жолындағы тарихымызды, азаттықтың ақ таңын атырған ақтық көтерілісті өлеңдеріне арқау етіп, жазған жырларын жатқа оқыды.
Жас ақындар мүшәйрасында төрелік еткен Шу ауданының Құрметті азаматы, белгілі ақын Сәт Мәлібекұлы, айтыскер ақын, Сәт Мәлібекұлының төл шәкірті Әділет Медетқұл және осы жолдардың авторы бірнеше өлеңдерді сүзгіден өткізіп, таңдаулыларын іріктеді. Ең бастысы, өлең ұйқастарында буын саны, бунақ саны, тармақ саны дегендер сәйкес келуі керек. Бұған қоса теңеу, эпитет, метафора сынды көркемдік құралдар мейлінше көбірек қолданыс табуы аса маңызды. Әр мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін мұғалімдер, шығармашылық бағыттағы үйірме жетекшілері соның барлығын ескеріп, оқушыларды жиі көркем шығармаларды оқуға қызықтырып отырса қолға қалам ұстаған жас ақындарымыз көбейері анық. Жас ақындар мүшәйрасында төрелік еткен әділқазы мүшелерінің ойлары осыған ойысып, осы критерийларға баса мән берді.
Тәуелсіздіктің бағасын білуге, оны қызғыштай қоруға үндеген жас ақындар мүшәйрасының қорытындысы бойынша 9-13 жас аралығында Е.Бекмаханов мектеп-гимназиясының оқушысы Ибрайымқұл Қайсар бас жүлдені қанжығасына байлады. Ал, Алға орта мектебінің оқушысы Әбихан Еркенұр І орын, Жамбыл орта мектебінің оқушысы Әділхан Айым ІІ орынды, Ә.Молдағұлова орта мектебінің оқушысы Қойшыбай Кәусар және Төле би орта мектебінен Айтқұл Дулат ІІІ орынды иеленді.
Сондай-ақ, 14-17 жас аралығында М.Әуезов орта мектебінің оқушысы Дүйсеке Еркебұлан бас жүлдені жеңіп алды. Бұған қоса Д.Қонаев орта мектебінің оқушысы Тоқтар Маржан І орын, Ж.Баласағұн орта мектебінің оқушысы Қожақан Ерасыл ІІ орын, М.Мақатаев тірек орта мектебінің оқушысы Ақылбекұлы Әділ мен Е.Бекмаханов мектеп-гимназиясының оқушысы Сартбай Камила ІІІ орынды иеленіп, дипломдармен марапатталды. Айта кетейік, бас жүлдені жеңіп алған оқушылар облыстық жас ақындар мүшәйрасына жолдама алды.
Айғаным Асқарбек.