АСЫРАУШЫ САЛА МАМАНДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында кәсіби маманның қадірін білу керек екенін, еңбекқор адам мемлекетті дамытатынын қадап айтқан болатын. Бұл орайда еңбектің ерен үлгісін көрсетіп жүрген ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері мадақталуға әбден лайықты. Өйткені, мұндай кәсіп иелері асыраушы саланың айдынында құлаш сермеп, өзінің және өңірінің әл-ауқатын арттыруда маңдай терін төгіп жүр.
Қараша айының үшінші жексенбісінде төл мерекелерін тойлайтын аталмыш кәсіп иелеріне жергілікті атқарушы орган тарапынан құрмет көрсету игі дәстүрге айналған. Ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалына оң ықпалын тигізіп жүрген шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ сала мамандарының көптігіне байланысты кәсіби мереке кештетіп аталып өтетіні тағы бар. Себебі, кіл жүйрікте кім жүйрікті анықтауға объективтілік пен уақыт қажет дейді ұйымдастырушылар.
Осы аптаның ортасында Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібековтің қатысуымен ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтті. Аудандық мәдениет үйінде өткен шарада ғұмырын асыраушы салаға арнаған шулықтардың еңбектеріне құрмет көрсетіліп, түрлі деңгейдегі марапаттар тапсырылды.
Ең алдымен Бақытжан Оразалыұлы жиналғандарды төл мерекелерімен құттықтап, өзінің ізгі лебізін жеткізді. Өз сөзінде аудан басшысы ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген шулықтар өңірдің экономикалық өсіміне айтарлықтай үлес қосып жүргендерін жоғары бағалады.
– Ауыл шаруашылығы мемлекетімізде жете көңіл бөлінген маңызды сала. Оны Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев үнемі ескеріп, тиісті тапсырмалар мен міндеттерді жүктеп келеді. Біздің жергілікті шаруалар қажырлы қайрат танытып, жас ұрпаққа еңбек адамының ерен үлгісін көрсетіп келеді. Сонымен қатар елеулі нәтижеге қол жеткізіп, кездескен қиындықтарды оңай еңсеруде.
Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде шулық шаруалар мал бастарын асылдандырып, егіннің өнімділігін арттыруға мүмкіндік алды. Сондай-ақ әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қайырымдылық жасап, әлеуметтік жобаларға демеушілік етуден шаруақожалық жетекшілері жалыққан емес. Сондықтан бірлескен жұмыстар үшін алғыс білдіріп, кәсіби мерекемен риясыз пейілмен құттықтаймын, -деді Б.Жәнібеков.
Мұнан кейін марапаттауға кезек беріліп, “Қалқа” шаруа қожалығының жетекшісі Сағадат Мадалиев ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан “Ауыл шаруашылығының үздігі” төсбелгісіне ие болды. Одан бөлек, ардагер агроном, “Қуат” ШҚ жетекшісі Данияр Ахмедов аталмыш ведомствоның Құрмет грамотасымен марапатталды.
Салтанатты жиын барысында бірқатар шулықтарға “Қазақстан фермерлерінің қауымдастығы” ЗТ және ЖК бірлестігінің “Үздік фермер” мен “Құрмет грамотасы” табыс етілді. Тағы бір шоғыры “Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін” төсбелгісі мен облыстың Құрмет грамоталарына лайық деп танылды.
Марапаттарды өз иелеріне табыстаған аудан басшысы көпжылғы жемісті еңбектері үшін ұзын саны 12 шаруашылық иелеріне “Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін” төсбелгісін, 9 азаматқа Шу ауданы әкімінің Құрмет грамотасымен қоса шаруаға қажетті бағалы сыйлықтар үлестірілді. Одан бөлек, 11 адам аудан басшысының Алғыс хатымен марапатталып, арнайы тартулар алды.
Бұдан соң мінбеге аудандық мәслихаттың төрағасы Жасұлан Әлкенұлы Әбенов көтеріліп, 5 азаматқа Шу ауданының Құрмет грамотасы мен бағалы сияпаттарды табыс етті. Марапаттау рәсімін “AMANAT” партиясы Шу аудандық филиалының төрағасы Болатхан Ниязбеков түйіндеп, мереке иелеріне Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарды салтанатты түрде тапсырды.
Салтанатты жиын соңы аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әзірлеген сазды бағдарламаға ұласты. Концерт барысында “Әсем әуен” фольклорлық ансамблі өнер көрсетіп, көпшіліктің қошеметіне ие болды. Бұған қоса, мәдениет үйінің маңдайалды әншілері әннен шашу шашты.
Байжан Емберді.