Ақпараттық портал

Есірткі есті алмасын десек…

Кейінгі жылдары елімізде есірткіге үйір жастардың саны артып, тиісінше, олармен күресудің жолдары да күрделене түскен. Кесір кеселге үйір болуды ермекке айналдырған жасөспірімдер уақыт өте сол кеселдің шырмауынан шыға алмай қалып жатады. Ақыл-есі сау адамды ессіз күйге түсіріп, есіртіп-еліртетін есірткі дейтін тажалдың уысында бүгінде талай адам құрсаулы. Ол әлдекім үшін бірер сәттік ләззәт болса, енді біреулер үшін қомақты қаржы көзіне айналған. Ойлап қарасақ, осы бір жабайы шөп қаншама отбасының өмірін ойрандап, неше шаңырақты шайқалтты десеңізші?! Тіпті, қырағы көз шекарашылар мен иісшіл иттердің өзін сан соқтырып кететін делдалдар нашақорлық дейтін кеселді өршіген үстіне өршіте түсуде. Көлеңкелі бизнестің көрігін қыздырып тұрған есірткі саудасы бүгінде етегін кеңге жайған. Бұл бизнесті бақылау, одан түсетін пайданы дәл басып айту мүмкін болмай тұр.
Шу ауданы қарасораны жинауға, қайта өңдеуге жəне еліміздің аумағы мен өзге мемлекеттерге таралуына өте ыңғайлы жерде орналасқандықтан, өңіріміздегі криминалдық жағдайға өз әсерін тигізетін аудандардың бірі болып есептеледі. Қазіргі таңда мұндағы қарасора өсетін алқаптың жалпы аумағы 100 мың гектардан асып жығылады. Апиынға арбалып, марихуанаға масайрағандардың арқасында тірлігін дөңгелеткен қылмыстық топтар қалталары ортайып қалмас үшін нашақорлардың саны арта түсуіне мүдделі екені айтпаса да белгілі. Ал, олардың алдын алу бойынша Полиция департаментінің Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы бүгінгі күнге дейін бірнеше іс-шараны қолға алып, жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Солардың бірі – Шу ауданында есірткі заттарының таралуына қарсы әрекет ету және жауапты құқық қорғау органдарының тиімді әрекетін ұйымдастыру мақсатында жыл сайын маусым мен қазан айларында өтетін «Көкнəр» жедел-профилактикалық іс-шарасы. Бұл шараның дәл осы айларда өткізілуінің де өзіндік себебі бар. Өйткені осы үш айдың аралығы есірткі тұқымдас өсімдіктердің көбейетін жəне пісетін уақытымен тұспа-тұс келеді. Дәстүрлі «Көкнәр» шарасы Шу алқабынан каннабистік топтағы есірткі дайындаумен, шығарумен айналысатын адамдарды құрықтау, сондай-ақ, «ауған» есірткі арнасының транзитін жою, каннабистік топтардағы есірткінің алғашқы шығарылатын жері ретіндегі есірткі өндірісін жоюды мақсат тұтады. Сонымен бірге, қылмыстық жолмен қаржы табумен айналысатын топтарды түп-тамырымен ұстау да шараның басты міндеттеріне кіреді. Одан бөлек, аудандағы негізгі магистралдық жолдарда бірнеше жылжымалы бекеттерді құру арқылы өңірдегі нашақорлық жəне есірткі қылмысы деңгейін төмендету де қолға алынған. Аталған бекеттер науқан кезінде аудан аумағында тәулік бойы жұмыс істейді. Түнде қолданылатын қазіргі заманғы техникалық құралдармен жабдықталған мобильдік жедел-іздестіру топтары да есірткі бизнесіне тосқауыл болу үшін барын салып жұмыс істеуде. Жамбыл облысы бойынша арнайы мақсаттағы иіс сезгіш иттер де бірнеше бағыт бойынша жұмыс істейді. Дейтұрғанмен, құмды өлкеде есірткі бизнесімен айналысушылар саны да, нашақорлар қатары да азаяр емес.
Жасыратыны жоқ, бүгінгі күні ата-аналардың басым бөлігі бала тәрбиесіне айтарлықтай бас қатыра қоймайды. Олай дейтініміз, еліміздегі нашақорлардың басым бөлігі 18 бен 19 жастағы жеткіншектер екенін статистикалық мәліметтер дәлелдеп келеді. Әрине, ешкім бауыр етінің жаман болғанын қаламайды ғой. Десе де, қазір үйдегі тәрбиенің негізгі бөлігі баламен материалдық тұрғыда ғана әңгімелесумен шектеледі. Яғни, ондай ата-аналардың түсінуінше, баласының қарыны тоқ, көйлегі көк болса болғаны. Ал, оның бос уақытын өткізетін ортасы мен араласатын және сенетін адамдарының кім екеніне терең үңілетін ата-ана азайған. Бәрімізге мәлім, кез келген жасөспірім еліктегіш келеді. Біреуі өз еркімен есірткі дәмін татып көрсе, енді бірі айналасындағылардың ықпалымен шайтан шөптің шырмауына түсіп жатады. Қазір қылмыстық топтар қалталары ортайып қалмас үшін нашақорлардың саны арта түсуіне мүдделі екенін жоғарыда айтқан болатынбыз. Осындай кесір кеселді көптеп таратушылар өрімдей жастарды «инеге отырмасаң болды, иіскеп көрген нашақорлыққа жатпайды» деп сендіреді. Ал, шынына келгенде оның дәмін бір рет көрген адам сол кеселдің «сенімді серігі» болып шыға келеді.
Өткенге сәл шегініс жасасақ, есірткі бизнесі қазіргідей астыртын емес, жариялы түрде, әрі алып мемлекеттердің сыртқы саясаты ретінде ашық жүргізілген. Мысалы, Англия осыдан екі ғасыр бұрын Үндістанға есірткі егуді үйретіп, қытайлықтарға оны шектіру арқылы қыруар табысқа кенеліп отырған. Англияның осы бір әрекеті аспан асты еліндегі атақты «Апиын соғыстарын» туғызғанын тарих беттерінен білеміз. Ал бүгінгі күні есірткі десе, бірден Ауғанстан елі еске түседі. Себебі, есірткіні өсіріп, әлемнің түкпір-түкпіріне жөнелтіп отырған ауғандықтар тапсырыс берушіні ғана емес, транзит елдерді де есірткі бизнесінің ошағына айналдырды. Ширек ғасырға жуық уақыт бұрын Ауғанстанда апиынды героинге айналдыратын бес бірдей фабрика және есірткі заттарын әзірлейтін 80-ге жуық зертхана жұмыс істейтіндігі анықталған екен. Аталған елде бір жылда 3 мың тоннаға жуық таза героин өндірілетін көрінеді. Осының өзіне қанағаттанбаған ауғандықтар есірткі алқаптарының көлемін жылдан жылға арттыруды қолға алған. Мысалы, кейбір дереккөздерге сенсек, Ауғанстанның бір ғана Гильменд облысында өндірілетін есірткі бүкіл Колумбиядан экспортталатын есірткі көлемінен асып түседі екен.
Соңғы жылдары бүкіл әлем бойынша 200 миллионнан аса адам есірткі тұқымдас заттардың құрбанына айналған. Сонымен бірге жылына 10 миллионға жуық адам осы кеселдің кесірінен көз жұматын көрінеді. Міне, көрер көз бен естір құлаққа бұндай қорқынышты деректерді тізе беруге болады. Бірақ одан қайыр болса қайсы?! Тоғыз жолдың торабында орналасқан Шу алқабының өзі еліміз бойынша есірткі тұқымдас өсімдіктердің ірі аймағы болып есептеледі. Бүгінде еліміз үшін үлкен дертке айналған есірткі бизнесінен зардап шегушілердің санын бұл алқап та арттырып отырғаны анық. Оған қоса, табиғи аймақта орналасуына қарай, Жамбыл облысы есірткі жəне психотроптық заттардың транзиттік тасымалдау жолында орналасқандықтан, осы жол арқылы тасымалданатын есірткі заттарының бір бөлігі облыста қалып, ары қарай заңсыз айналымға түсіп, сатылымға енуі де жиі кездесуде. Мемлекет басшысының өзі де елімізге төнген қауіптердің ішіндегі ең негізгілерінің тізіміне терроризм мен көші-қон мәселесін және осы мақалаға өзек болып отырған есірткі дертін қойған болатын. Сол себепті, бұл дерттің алдын алуда құзырлы органдармен қатар, ата-аналар да балаларының нашақорлыққа қарсы тұруына атсалысса екен дейміз.

Ерғали Қартайған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.