Аудан басшысы айтары бар жастармен жүздесті
Қазақта «Жас келсе – іске» деген жақсы сөз бар. Жастар – әрдайым тың идеялардың қайнар көзі, игі бастамалардың көшбасшысы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында осы мәселеге айрықша тоқталғаны баршаға мәлім.
«Өскелең ұрпақтың әлеуетін дұрыс арнаға бағыттап, тиімді пайдалануымыз керек. Осы орайда, Президент жанындағы Жастар кеңесінің қызметін жандандырған жөн. Оны білікті әрі білімді жастарды жұмылдыратын жүйелі жұмыс алаңына айналдырамыз. Бұдан бөлек, мен азаттық жылдарында дүниеге келген, әлі танылып үлгермеген талантты жастарды қолдау мақсатында «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты грант тағайындауды ұсынамын. Біз не істесек те, бәрін келер ұрпақ үшін жасаймыз» деген болатын ел Президенті.
Бұл орайда Шу өңірінде де іргелі істер жүзеге асып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына жасампаз жастар да атсалысып жүргенін атап өткен жөн. Бұқараның өзі жастардың қадамдарына қарайлай жүреді.
Елең-алаң шақта тығыз жұмыс кестесінен уақыт тауып жүрген аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков жастармен жиірек жүздесуді игі дәстүрге айналдырып отыр. Мәселен, өткен жылдың соңында ғана белсенді жастармен бас қосқан аудан басшысы жаңа жылдың алғашқы айында да жас буынды қабылдады.
Қабылдау барысында Бақытжан Оразалыұлы әр салада әл-қуатынша еңбек етіп жүрген жастарға алдымен алғыс білдіріп, аудан өміріне қатысты ойларын тыңдады.
-Бүгін сіздермен тағы бір мәрте кездескеніме қуаныштымын. Уақыт бөліп келгендеріңізге мың алғыс. Сіздердің ауданның әртүрлі саласында еңбек етіп, туған жерге қызмет етіп жүргендеріңізді жақсы білеміз. Бұл қажырларыңызды жоғары бағалаймыз. Жаңа жылдың алғашқы айын аяқтап отырмыз. Алдымызда ауқымды шаралар бар. Оның барынша мәнді-мағыналы өтуіне жастардың қосар үлесі қомақты. Одан өзге де мәселелерді бірлесіп шешу міндеті тұр. Олардың қатарында жасөспірімдерді тазалық мәдениетіне баулу, патриотизм сезімін дамыту, олардың құқық бұзушылық пен қылмысқа бой алдырмауы секілді түйткілдер бар,-деді Бақытжан Оразалыұлы.
Шу қаласы мен Төле би ауылдық округі әкімдері, жастар ресурстық орталықтарының басшылары, еріктілер қозғалысының мүшелері мен белсенді жастар да кездесуде өз ойларын ортаға салып, аудан басшысына ұсыныстарын білдірді.
Оның ішінде жастардың өзге аймақтардың озық тәжірибелерін алу, сенбіліктердің мазмұнын кеңейту қажеттігі алға тартылды. Ұсыныстарды мұқият тыңдаған аудан басшысы айтылған дүниелердің орынды екенін айтып, мұндай мәжілістерді қатысушылардың ауқымын кеңейте отырып жиірек ұйымдастыру керектігін айтты.
Байжан Емберді.