Қос алаңша қолданысқа берілді
Жуырда Шу қаласының «Тоғай» мөлтек ауданында заманауи үлгідегі шағын футбол алаңы, балалар ойын алаңшасы және стритворкаут алаңы ашылып, ел игілігіне берілді.
Жаңа нысандардың ашылу салтанатына аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мелс Бейсембаев, қала қариялары мен тұрғындар қатысып, тоғайлықтардың қуанышымен бөлісті.
Шара барысында аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков тұрғындарды жаңа нысандардың ашылуымен құттықтап, спорттың адам денсаулығы мен өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі маңызына тоқталды.
– Өздеріңізге мәлім, соңғы жылдары өңірімізде спорт нысандарының қатары артып келеді. Мұндағы мақсат – тұрғындар арасында бұқаралық спортты дамыту, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және салауатты өмір салтын қалыптастыру. Себебі, спорт – денсаулықтың кепілі, жастардың жарқын болашағына бастайтын маңызды бағыт. Бүгінгі қуаныштарыңыз құтты болсын! Жаңа спорт және ойын алаңдары тұрғындарға ұзақ жылдар қызмет етсін, – деді аудан басшысы.
Өз кезегінде ақсақалдар да жүрекжарды тілектерін білдіріп, өскелең ұрпаққа ақ батасын берді. Сондай-ақ игі істі ұйымдастыруға атсалысқан азаматтарға алғыстарын жеткізіп, тұрғындарды жаңа нысандарды ұқыпты пайдаланып, таза ұстауға шақырды.
Айта кетейік, тұрғындар арасында бұқаралық спортты дамыту мақсатында ауданның ауылдық округтері мен елді мекендерінде шағын футбол алаңдары, стритворкаут және өзге де спорт нысандары кезең-кезеңімен бой көтеруде. Бұл ретте жергілікті кәсіпкерлер мен өндіріс орындарының демеушілік танытып, елді мекендерді абаттандыруға және тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға үлес қосуы – игі дәстүрге айналып келеді.
Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, тұрғындардың спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік беретін жаңа нысандардың қатары арта бермек.
Байжан Емберді.