Ақпараттық портал

Оқушылар ой-пікірімен бөлісті

Жастардың пікірі – қоғамның бүгінгі тынысы мен ертеңгі бағытын айқындайтын маңызды күш. Жас ұрпақпен ашық сөйлесіп, олардың ой-пікірін тыңдау, көкейдегі ұсыныстарын білу – ел болашағына жасалған маңызды қадам. Осы бағытта Жаңа жол ауылдық округінің әкімі Дархан Әліпбаев ауыл оқушыларымен еркін форматта кездесу өткізді.

Кездесудің басты ерекшелігі – жастардың өз ойын ашық айтып, еркін пікір білдіруіне мүмкіндік берілуі болды. Жүздесу барысында оқушылар бірнеше топқа бөлініп, өздеріне берілген тапсырмалар бойынша пікір алмасты. Әр топ белгілі бір тақырып төңірегінде ой қозғап, өз көзқарастары мен ұсыныстарын ортаға салды. Жастардың белсенділігі олардың қоғамдық мәселелерге деген қызығушылығы мен азаматтық ұстанымының қалыптасып келе жатқанын көрсетті. Ашық алаңдағы әңгіме барысында білім алу, болашақ мамандықты дұрыс таңдау, бос уақытты тиімді пайдалану, спортпен және шығармашылықпен айналысу, сондай-ақ жастардың ауыл өміріне белсенді араласуы жөнінде кеңінен сөз қозғалды. Оқушылар да өздерін толғандырған мәселелерді назардан тыс қалдырмай, ауылдың бүгіні мен болашағына қатысты пікірлерін білдірді. Өз кезегінде ауыл әкімі жастардың ұсыныстарын мұқият тыңдап, олардың әрбір бастамасының маңызды екенін атап өтті. Жастарға сапалы білім алып, өз қабілеттерін шыңдап, алдына нақты мақсат қоя білу қажеттігін жеткізді.
Кездесуде, әсіресе жас буынның туған жерге деген жауапкершілігіне мән берілді. Себебі ауылдың болашағы – бүгінгі білім алып, ертең ел игілігі үшін еңбек ететін жастардың қолында. Осы ретте жастардың бойындағы тың идеялар мен бастамаларды қолдау, олардың қоғамдағы белсенділігін арттыру – маңызды міндеттердің бірі.
Еркін форматтағы кездесудің мәні де осында. Мұндай жүздесулерде жастар өз ойын ашық жеткізіп қана қоймай, өздерін толғандырған мәселелерге қатысты пікір білдіріп, жаңа идеяларымен бөлісе алады.
Жастар тарапынан көтерілген ұсыныстар назарға алынып, алдағы уақытта оларды жүзеге асыру бағытында жұмыстар жүргізілетіні айтылды.
Жастармен ашық диалог – өзара түсіністік пен сенімнің негізі. Ал бүгінгі жас буынның белсенділігі мен ізденісі – ауылдың жарқын болашағына бастар нық қадам.
Индира Халиева,
Жаңа жол ауылдық округінің
жастармен жұмыс жөніндегі маманы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.