Ақпараттық портал

Би – көңілдің айнасы

Шу ауданының Төле би ауылдық округінде 16 қыркүйек күні аудандық ардагерлер ұйымы мен Төле би ауылдық округі әкімшілігінің ұйымдастыруымен «Би – көңілдің айнасы» атты көңілді кеш өтті.
Шараға Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Қонысбай Ильясов қатысып, ардагерлерге жылы лебізін білдірді. Кештің мақсаты – ардагерлердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың белсенді өмір салтын қалыптастыру, өнерге деген қызығушылығын арттыру және үлкенге құрмет көрсету дәстүрін дәріптеу.
Кеш барысында ардагерлер әуезді ән тыңдап, түрлі әуендерге билеп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын әсерлі сәттерді бастан өткерді. Ұлттық билермен қатар, көпшілікке танымал әуендерге билеген ардагерлер өздерінің сергектігі мен белсенділігін көрсетті. Мұндай басқосулар аға буын өкілдерінің өзара араласуына, достық қарым-қатынасты нығайтуына мүмкіндік береді.
Шара соңында белсенділік танытқан ардагерлерге аудандық ардагерлер ұйымы атынан алғыс хаттар табысталды. Алғысқа Шоқпар ауылынан Жаманбалаева Шарипа, Ақтөбе ауылынан Алибаева Балқыз, Далақайнар ауылынан Мұқаметқан Төкен, Төле би ауылынан Ажар Тоқтарбайқызы мен Арғынбек Көшкінбай, Балуан Шолақ ауылынан Сауранбаев Әлдибай мен Тәжібаева Жұмакүл ие болды.
Шараның өтуіне қолдау көрсеткен Төле би ауылдық округі әкімшілігіне және ардагерлерге жайлы жағдай жасап, ізгі ниетін танытқан «Дәулет» мейрамханасының иесі Жанат Құстүтіноваға ұйымдастырушылар тарапынан алғыс білдірілді.
Сонымен қатар кештің шырайлы өтуіне атсалысқан Оқушылар сарайы би үйірмесінің жетекшісі Айгүл Альмахашова мен №40 мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы Балауса Қанатқызына ардагерлер атынан алғыс айтамыз.
Көңілді кеш ардагерлерге жақсы көңіл-күй сыйлап, олардың өмірге деген құштарлығын арттырған тағылымды шара ретінде есте қалды.

Ләйла Сатыбалдиева,
аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.