«Абайдан аманат» бәйгесі мәресіне жетті
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында берген тапсырмасының аясында еліміздегі білім беру ошақтарында “Оқуға құштар мектеп” жобасы қолға алынған болатын. Жоба жүзеге асқалы табаны күректей төрт жылдан асыпты. Осы жоба аясында біздің ауданда да жүйелі жұмыстар жүргізіліп, жарқын істер қолдау тауып келеді.
Қарашаңырақ Мұхтар Әуезов атындағы орта мектепте де оқушыларды оқуға ынталандыратын кітап бәйгелері жыл да ұйымдастырылып, нәтижелі аяқталады. Кітап оқуға үндейтін байқауға жаны жомарт азаматтарды тарта отырып, жүлделі сыйлықтарды үлестіру арқылы өскелең ұрпақты жігерлендіріп жүрген білім ордасы биылғы жылы да “Оқуға құштар мектеп” жобасының тағы бір кезеңін өз мәресіне жеткізді.
Газетіміздің алдыңғы санында Жұмахан Оспанов атамыздың қарашаңырақ мектептің оқушыларын кітап оқуға жетелеген жақсы ісін жаршылаған едік. Атымтай жомарт азамат аталған мектептің түлегі болып шықты. Туған өңірдің өркендеуіне үлес қосып қана қоймай, өзінің білім алған мектебіне де көз қырын салуы-үлкен іс. “Абайдан аманат” деп аталатын байқаудың қоржынына қомақты сыйлықтардың түсуіне қаржылай көмегін аямаған Жұмахан Зәукетайұлының ісі үлгі болсын деуден танбаймыз.
“Оқуға құштар мектеп” жобасы аясында қолдау тапқан “Абайдан аманат” кітап бәйгесінің қорытынды кеші өтіп, ол кештің басты қонағы-Жұмахан Оспановтың өзі болды. Бұған қоса, мәнді де мағыналы өткен әдеби кешке аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев, аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрбақыт Балтабай, білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Ләйла Бегімбаева, Жұмахан атамыздың жары Гүлфиза Айманбетова және мектеп ұжымы мен оқушылар қатысты.
Кештің шымылдығы ой түйерлік көрініспен түрілді. Абайдың әдеби-мемориалдық мұражайына мұғалім мен екі оқушысы саяхат жасаудан басталған көріністе қазақ даласын өз өлеңдерімен сусындатып, шығыс пен батыс әдебиетін қазақ сахарасына өзіндік ерекшелігімен жеткізе білген Абайды, оның шығармаларын келешек ұрпаққа шашауын шашпай жеткізуді негізгі мақсат еткен мұғалімі Абай турасында бірнеше деректерді келтіріп өтеді де, өзі сахна сыртына қарай шығып кетеді. Мұражай ішінде екі оқушы қалады. Олар әңгімелескен күйі Абайдың мүсінінің жанына жақындаған бетте Абай тіріліп келгендей аң-таң болады. Абай мүсініне жан бітіп, ол болашақ ұрпаққа үн қатады. Мұнан кейін оқушылар Абайдың қара сөздерінен, табиғат лирикасынан, поэмаларынан үзінді оқып, әсем әндерін шырқады. Сондай-ақ, әкесі Құнанбай мен жігіт шақтағы Абайдың диалогына құрылған сахналық қойылым да көрерменнің көкейіне ой сала білді.
Біраз ой түйдірген қорытынды кеште қонақтар Жұмахан Зәукетайұлына жылы лебіздерін білдіріп, Найман Кенжеханұлы жомарт азаматтың иығына шапан жапты. Бұған қоса, мектеп директоры Дархан Татибеков те толғандырған тілегін болашақ ұрпаққа арнап, Абай аманатын абыроймен атқаруға үндегеннен кейін, “Абайдан аманат” бәйгесіне демеуші болған Жұмахан Зәукетайұлына алғысын жаудырып, аяулы жарына мектеп ұжымы атынан сый-сияпатын табыстады. Ерекше шабыттандырған кештің соңы “Абайдан аманат” бәйгесінің жеңімпаздарын марапаттаумен түйінделді.
Айта кетейік, бір айға ұласқан “Абайдан аманат” атты кітап оқу бәйгесі 2-4, 5-8, 9-10 сынып оқушылары арасында 3 кезең бойынша тартысты өткізілді. Бұл бәйгеде оқушыларға эссе де жазғызылды, тақырыпты арқау ете отырып сурет те салғызылды, ең бастысы Абай шығармашылығы дәріптелді. 2-4 сыныптар арасында Абай шығармаларынан мәнерлеп оқу байқауы бойынша бас жүлдені 4 сынып оқушысы Алина Жасұзақ, І орынды 3 сынып оқушысы Айдана Қуаныш, ІІ орынды 2 сынып оқушысы Айша Тұрсынбай, ІІІ орынды 2 сынып оқушысы Рәбия Жасұзақ иеленіп, жеңімпаз атанды. Ал, 5-8 сыныптар арасында “Абайдың қара сөздерін мәнерлеп оқу” кезеңі бойынша бас жүлдені 5 сынып оқушысы Әлинур Орынбасар, І орынды 6 сынып оқушысы Ақжүрек Болатхан, ІІ орынды 5 сынып оқушысы Нұрислам Жеңісхан, ІІІ орынды 6 сынып оқушысы Санақ Айзере, 5 сынып оқушысы Әсел Мақсұтхан алды. Сондай-ақ, 9-10 сынып оқушылары арасында “Абай поэмаларын мәнерлеп оқу” кезеңі бойынша бас жүлдені 9 сынып оқушысы Еркеназ Ертайқызы, І орынды 9 сынып оқушысы Назерке Жұмағали, ІІ орынды 9 сынып оқушысы Кәусар Бекен, ІІІ орынды 9 сынып оқушысы Нұржігіт Четтыкпаев қанжығаларына байлап, абыройлары асқақтады. Жеңімпаз оқушыларды Жұмахан Зәукетайұлы мен Дархан Рахымбердіұлы марапаттады. Әр оқушыға марапат қағазы мен сыйлықты табыстаған сайын Жұмахан атамыз өзі де балаша қуанғанын аңғарып, біздің де көңіліміз бір көтеріліп қалды.
Биыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы қарсаңында осындай игі шаралар ауданымыздың түкпір-түкпірінде лайықты түрде жүзеге асуы тиіс. Абай мерейтойының алғашқы іс-шарасын ашып берген Мұхтар Әуезов атындағы орта мектептің беделі артып, шәкірттері бәсі биік байқауларда алға оза берсін!
Айғаным Асқарбек.