Ақпараттық портал

Қауіпсіздік пен тәртіп – ортақ мақсат

Уақытында Абылай ханға ақыл айтқан Бұқар жырау біз секілді ұрпағына біршама өсиет қалдырғанын білеміз. Данагөй бір сөзінде «Бәріңіз бір анадан туғандай болыңыз: жат жанынан түңілсін, айнала алмай ат өлсін, айыра алмай жат өлсін» деген екен. Әрине, ауызбіршілік әрбір істе керек. Әсіресе, қоғамның аспанына бұлт төндіріп отырған қылмыс, зиянды әдеттер мен немқұрайдылықпен күресуде күш біріктірген абзал.

Бұл бағытта Шу өңірінде жүргізіліп жатқан жұмыстар аз емес. Оның қатарында «Шу – қауіпсіз аудан» профилактикалық іс-шаралар бағдарламасын атап өтуге болады. Аудан прокуратурасы, полиция бөлімі мен аудан әкімдігі және өзге де мүдделі мекемелердің бірігуімен жүзеге асырылып жатқан жобаның жемісті болары сөзсіз. Себебі, ұзақ уақыттан бері шешімін таппаған мәселелер ретімен шешіліп, сең қозғалғандай болды. Оны жуырда өткен жедел кеңестің күн тәртібінде қаралған мәселелеріне қарап аңғаруға болады.
Аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков пен өңірдің прокуроры Қайыржан Қуатбековтың төрағалығымен өткен мәжіліске құқық қорғау органдарының басшылары, аудандық мәслихат төрағасы, мемлекеттік кірістер басқармасы мен әкімдікке қарасты бөлім басшылары, сондай-ақ Шу қаласы мен ауылдық округ әкімдері қатысты.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Шу ауданы прокурорының орынбасары А. Мейірхан баяндама жасаса, аудан әкімінің орынбасары Н.Сұлтанбаев пен полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Қ.Омаров атқарылған жұмыстар бойынша есептерін баяндады.
Көптеген түйткілдерді жіпке тізген баяндамашы аталған бағдарлама аясында көзделген 13 нысаналы индикатордың тек 8-і орындалғанын тілге тиек етті. Ал көлік басқару барысында жасалған, кәмелетке толмағандарға қатысты, алкоголь және есірткі тұтынған жағдайдағы, жеке басқа жасалған қылмыстар және тұрмыстық зорлық-зомбылық сынды мәселелердің статистикасында өсім бар екені мәлім болды.
Бұдан кейін жергілікті атқарушы орган тарапынан жауапты ретінде бекітілген Найман Кенжеханұлы атқарылған жұмыстармен таныстырып өтті. Оның сөзінше, қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алуда полицияның учаскелік инспекторларын қолдау маңызға ие. Сондықтан әкімдік Тасөткел және Ақтөбе ауылдық округінде тәртіп сақшыларына қызметтік баспана сатып алып берген. Алдағы уақытта мұндай игілік Жаңа жол, Қорағаты ауылдық округтері мен Қонаев ауылына жасалмақ. Бұл өз кезегінде оң ахуалды қалыптастыруға себеп болады деді мәжіліске қатысушылар.
-Былтыр «Sergek Group» компаниялар тобының аймақтық директорымен келіссөздер жүргізіп, жалпы құны 690 млн теңгені құрайтын 3 жылдық келісімшарт іске асырыла бастады. Биыл жоба аясында 230 млн теңге бөлініп, орналастырылған 147 бейнебақылау камераларын интеграциялау, оның ішінде істен шыққан, ақауы бар камераларды жөндеу және қосымша 20 дана бақылау, 12 дана «Сергек», 5 дана ПТЗ-360 бейнебақылау жүйесін орнату жоспарланып отыр,-дейді аудан әкімінің орынбасары.
Келесі есеп берген Қонысбай Омаров тәртіп сақшылары тарапынан қолға алынған жұмыстарды жеткізіп, кемшіліктерге де тоқталды. Айтуынша, аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметіне 6 учаскелік инспектор мен 3 көмекші қажет. Бұған қоса, қызметті оңтайландыруға қажетті мәселелердің мәні айтылды.
Ауқымды мақсаттарды көздеген аталмыш бағдарламаның жай-жапсары талқыланған басқосуды Қайыржан Еркінбекұлы мен Бақытжан Оразалыұлы қорытындылады. Басшылар жұмыстың қарқынын үдетіп, қылмыстың жолын кесетін барлық шараларды тиянақты орындауды тапсырды. Сондай-ақ нәтижелі жұмысқа қол жеткізуде аянбай тер төгу керектігін қадап айтты.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.