Ақпараттық портал

Ұлттық ауыл шаруашылығы санағына дайындық барысы тыңдалды

1 тамыздан бастап Қазақстанда ұлттық ауыл шаруашылығы санағы басталады. Бұл ауыл шаруашылығының жай-күйін объективті әрі тұтас бағалауға және осы салада мемлекеттік саясатты қалыптастыру үшін сенімді деректер көзін алуға мүмкіндік береді.
Өткен жылы пилоттық ауылшаруашылығы санағы толыққанды санақ басталғанға дейін, ықтимал кедергілер мен проблемалық аймақтарды алдын-ала анықтау үшін жекелеген елді мекендерде тәжірибе ретінде сыналды. Үкіметте вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте Ұлттық статистика бюросының төрағасы Мақсат Тұрлыбаев пилоттық санақтың нәтижесі мен толыққанды санақ басталғанға дейін шешілуі тиіс міндеттер туралы хабарлады.
Былтыр пилоттық санақ 20 тамыздан 30 қыркүйекке дейін жүргізіліп, 54 елді мекенді қамтыды. Сауалнамаға 32,4 мың үй шаруашылығы қатысты, олардың 27,1 мыңы сауалнамаға алынды, бұл жалпы санның 83,5 пайызын құрады. Онлайн сауалнамаға 18,6 мың респондент, оның ішінде 13,3 мың ұйымдасқан шаруашылық және 5,3 мың үй шаруашылығы қатысты. Пилоттық жоба барлығы 45,7 мың респондентті қамтыды.
«Үй шаруашылықтарының шамамен 2 пайызы сауалнамаға қатысудан бас тартты. Сауалнамаға қатыспаған нысандардың 36 пайызы қараусыз қалған үйлер немесе игерілмеген саяжайлар, ал 5 пайызы адам тұруға арналмаған ғимараттар болып шықты», — деді Мақсат Тұрлыбаев.
Пилоттық санақ шеңберінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі ақпараттық жүйелерінен және ауыл шаруашылығы техникасы тіркелімінен әкімшілік деректер интеграцияланды, ауыл шаруашылығы құрылымдарына СМС-тарату жүргізілді.
Кеңес қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин 2025 жылғы ауыл шаруашылығы санағына толыққанды дайындалу үшін қажетті тапсырмалар берді.

ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.